Кәсіпкерлердің өтініші шешім шыққанға дейін сүйемелденеді.
Қазақстанда пилоттық режимде Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары іске қосылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мұнда кәсіпкерлер қарыз, қаржыландыру, салық, мемлекеттік қолдау және өнім өткізуге қатысты мәселелерді әр мекемеге жеке-жеке жүгінбей шеше алады.
Пилоттық жобаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында іске қосты. Жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.
Кәсіпкерге әр мекемені жеке аралаудың қажеті болмайды
Жаңа тетіктің басты ерекшелігі — кәсіпкердің мәселесін бастапқы талдаудан бастап нақты шешім қабылданғанға дейін сүйемелдеу.
Кәсіпкер «Даму» қорының өңірлік филиалына жүгінеді. Мамандар жағдайды бастапқы кезеңде саралап, мәселені шешудің ықтимал жолдарын анықтайды және одан әрі қандай бағытта жұмыс жүргізілетінін белгілейді.
Егер өтініш басқа ұйымдардың қатысуын талап етсе, оған бейінді мемлекеттік органдар, қаржы институттары, жергілікті атқарушы органдар және «Бәйтерек» холдингі тобының ұйымдары тартылады.
Үдерісті «Даму» қоры үйлестіреді. Соның арқасында кәсіпкерге әр ведомствоға бөлек жүгініп, бірнеше ұйыммен өз бетінше байланыс орнатудың қажеті болмайды.
Орталықтар Бірыңғай фронт-офис аясында қолданыстағы инфрақұрылым, сараптама және бизнесті қолдау құралдарын пайдалана отырып жұмыс істейді.
Қарыз, салық және қаржыландыру негізгі бағыттардың қатарында
Пилоттың алғашқы кезеңінде кәсіптің қаржылық тұрақтылығына және жұмысын жалғастыруына тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық беріледі.
Кәсіпкерлер мына бағыттар бойынша көмек ала алады:
- берешекті қайта құрылымдау және қаржыландыруға қол жеткізу;
- мемлекеттік қолдау шараларын алу;
- салық берешегін реттеу;
- өткізу нарықтарына қайта шығу және өнімді ілгерілету;
- кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту;
- агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау және қаржыландыру.
Бұл бағыттар кездейсоқ таңдалмаған. Қор ҰКП «Атамекен» тізіліміндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 2,4 мыңнан астам проблемалық өтінішін талдаған.
Олардың 600-ден астамы пилоттық жоба іске қосылған бес өңірден түскен.
Кәсіпкерлер ең жиі қаржыландыру және берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық салу, өнім өткізу және бизнесті дамыту мәселелері бойынша жүгінген.
Орталықтардың жұмысы шешілген өтініштермен бағаланады
Жаңа жүйеде тек кеңес беру негізгі нәтиже болып саналмайды.
Басты көрсеткіш — кәсіпкерлердің реттелген өтініштерінің үлесі. Сонымен бірге бизнестің қаржыландыру мен өткізу нарықтарына қайта қол жеткізуіне жәрдемдесу, проблемалық кредиттер мен салық мәселелерін шешу және өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуы есепке алынады.
Бұл тәсіл орталықтардың жұмыс қағидатын өзгертеді: мамандар кәсіпкерге тек қай мекемеге бару керектігін түсіндірумен шектелмейді.
Сонымен қатар орталықтар бизнесте жиі қайталанатын проблемалар бойынша талдау жүргізеді. Бұл жүйелі кедергілерді анықтауға және қолданыстағы қолдау шаралары мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Пилоттан кейін жобаны басқа өңірлерге тарату мәселесі қаралады
Жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Одан кейін «Даму» қоры жаңа тетіктің тиімділігін бағалап, оны Қазақстанның басқа өңірлеріне кеңейту жөнінде ұсыныстар дайындайды.
Қазір жаңа мүмкіндікті Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы кәсіпкерлер пайдалана алады.
Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарына «Даму» қорының өңірлік филиалдары арқылы жүгінуге болады. Филиалдардың мекенжайлары мен байланыс деректері қордың ресми сайтында жарияланған. Қосымша ақпаратты 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да алуға болады.
Бұған дейін біз осындай орталықтарды іске қосуға дайындық және кәсіпкерлердің қандай мәселелерін «бір терезе» қағидаты арқылы шешу жоспарланғаны туралы жазған едік. Енді жоба дайындық кезеңінен өтіп, елдің бес өңірінде пилоттық форматта жұмысын бастады.
