Freedom Holding Corp. негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Тимур Турлов доллар бағамы 400 теңгеден төмен түсуі мүмкін деп есептейді. ITS IDEAS конференциясында ол мұндай сценарийді жоғары пайыздық мөлшерлемелермен, шетелдік инвестициялар ағынымен және инфляцияның баяулауымен байланыстырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл болжам аталған жағдайлардың сақталуына тәуелді. Кәсіпкер келтірілген сөздерінде доллардың бұл деңгейге қашан жетуі мүмкін екенін нақтыламады.

«Ал егер біз осы бағытта әрекет етуді жалғастырсақ, доллар бағамы 400 теңгеден де төмен түседі, мұны тоқтату қиын болады», — деді Тимур Турлов.
Инвесторларды теңгеге не қызықтырады
Турловтың негізгі уәжі — қазақстандық бағалы қағаздарға салынған қаражаттан да, ұлттық валютаның нығаюынан да табыс табу мүмкіндігі.
Теңгемен шығарылған облигацияларды сатып алу үшін шетелдік инвестор алдымен валютасын айырбастайды. Одан кейінгі нәтиже бағалы қағаздың кірістілігі мен валюта бағамының өзгеруіне байланысты болады. Турлов мысал ретінде теңгемен жылдық кірістілігі шамамен 16–17% болатын мемлекеттік бағалы қағаздарды келтірді. Ұлттық валюта нығайса, мұндай инвестицияның доллармен есептелген құны қосымша өседі.
Кәсіпкердің бағалауынша, қазақстандық активтерге қызығушылықты нақты, яғни инфляцияны ескергендегі жоғары мөлшерлемелер қолдап отыр. Ол елге портфельдік инвестициялар — бағалы қағаздарға салынатын қаражат та, бизнеске бағытталатын тікелей инвестициялар да келіп жатқанын атап өтті.
«Тұрақты кірісті құралдар сегментіндегі жоғары сыйақы инвесторларды тартады, ал валюта ағыны өз кезегінде теңгені қолдайды», — деді Турлов.
Бұл тетіктің мәні қарапайым: жергілікті активтерді сатып алушыларға теңге қажет. Елге келген шетел валютасын айырбастау ұлттық валютаға сұраныс туғызып, оның нығаюына ықпал етуі мүмкін.
Турлов инфляцияның неге төмендеуін күтеді
Кәсіпкер жыл соңына қарай инфляция нарық күткеннен де көбірек баяулауы мүмкін деп санайды. Ол баға өсімін қосымша тежеуі ықтимал фактор ретінде соңғы екі-үш айда теңгенің рубльге қатысты нығаюын атады.
Өзге жағдайлар өзгермесе, теңгенің нығаюы импорттық тауарларды сатып алуға кететін теңгемен есептелген шығынды азайтады. Бұл тауарлардың қымбаттауын тежеуі мүмкін. Алайда бағам өзгерісінің бөлшек сауда бағасына қаншалықты тез әсер ететіні сатып алу шарттарына, тауар қорына және сатушылардың шығынына байланысты.
Инвестор үшін инфляцияның баяулауының тағы бір мәні бар: салымның жоғары кірістілігі сақталса, алынатын табыс пен баға өсімінің арасындағы айырма ұлғаяды.
Турлов мөлшерлемелер төмендеген жағдайда да өтеу мерзімі ұзақ мемлекеттік облигацияларға қызығушылық сақталуы мүмкін деп есептейді. Мұндай кезде бұрын шығарылған, купондық мөлшерлемесі жоғары әрі тұрақты облигациялар әдетте қымбаттайды. Бұл олардың иесіне қағаздарды сату арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.
Теңгенің нығаюы бәріне бірдей тиімді емес
Теңгеге қатысты оң болжам тәуекелдер жоқ дегенді білдірмейді. Турловтың өзі ұлттық валютаның шамадан тыс нығаюы мен нарықтағы күрт ауытқулар экономикаға қиындық туғызуы мүмкін екенін ескертті.
Оның әсері нарық қатысушылары үшін әртүрлі. Импорттаушыға шетел валютасымен бағаланған сол тауарды сатып алу үшін азырақ теңге қажет болады. Ал экспорттаушы доллармен түскен бұрынғы көлемдегі түсімін айырбастағанда, керісінше, азырақ теңге алады. Бұл ретте оның ел ішіндегі шығыны төмендемеуі мүмкін.
Облигация сатып алушы үшін де кері сценарий сақталады: теңгенің әлсіреуі доллармен есептелген нәтижені төмендетеді, ал нарықтық мөлшерлемелердің өсуі сатып алынған бағалы қағаздардың құнын түсіруі мүмкін.
Сонымен бірге Турлов ұлттық валютаның ұзақ уақыт бойы нығаю мүмкіндігін де ескеруге шақырады:
«Біз бәріміз теңгенің үнемі әлсірейтініне үйреніп қалдық. Бірақ сеніңіздер, керісінше де болуы мүмкін», — деді ол.
Инфляцияның өзгеруі отбасы бюджетіне қалай әсер ететінін баға өсімінің баяулауы неліктен тауарлар арзандайды дегенді білдірмейтіні туралы материалымызда түсіндірген едік. Материал орыс тілінде берілген.