Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Америка Құрама Штаттарына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша Қытай мен АҚШ сегіз бағыт бойынша консенсусқа қол жеткізді. Негізгі уағдаластықтардың қатарында жалпы құны 30 миллиард доллар болатын тауарларға салынатын баждарды өзара төмендету, жасанды интеллект бойынша диалогты бастау және сауда-экономикалық өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі дамыту бар.
Си Цзиньпин 23–25 қыркүйек аралығында АҚШ-та мемлекеттік сапармен болды. АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөздер барысында тараптар құрмет, әділдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген сындарлы стратегиялық тұрақтылық қатынастарын дамытуға келісті.
Қол жеткізілген уағдаластықтардың елеулі бөлігі экономикаға қатысты. Мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық консультациялардың нәтижелерін, соның ішінде сауда кеңесін және өзара іс-қимылдың басқа да тетіктерін құру мен дамытуды растады. Тараптар сондай-ақ жалпы құны 30 миллиард доллар болатын тауарларға салынатын баждарды өзара төмендетуге және Куала-Лумпурда өткен бұған дейінгі сауда-экономикалық консультациялар нәтижелерінің қолданылу мерзімін ұзартуға келісті.
Жасанды интеллект ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағыты болмақ. Қытай мен АҚШ жасанды интеллектіні дамытудың артықшылықтары мен тәуекелдері туралы пікір алмасу үшін арнайы диалог бастауға келісті. Келесі раунд 2026 жылғы қарашаға жоспарланған. Сонымен қатар тараптар осы саладағы оқиғаларға ден қою үшін байланыс арнасын құруға ниетті.
Қытай мен АҚШ есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының нәтижелерін де атап өтті. Соңғы уақытта екі елдің ведомстволары жаңа психобелсенді заттар мен химиялық прекурсорларға байланысты бірқатар істі бірлесіп тергеді.
Халықаралық күн тәртібі аясында тараптар алдағы АТЭС кездесулері мен «Жиырмалық тобы» саммиттерін өткізуге бір-біріне қолдау көрсетуге ниетті екенін мәлімдеді. Мемлекет басшылары сондай-ақ Иран ядролық қару әзірлемеу жөніндегі міндеттемесін орындауға тиіс деген пікірге келіп, халықаралық су жолдары арқылы өту үшін транзиттік алымдар алуға қарсы екендерін білдірді.
Жекелеген уағдаластықтар әскери байланыстарға қатысты. Екі елдің қарулы күштері таяу уақытта дағдарыстық жағдайлардағы коммуникацияны нығайту және олардың алдын алу шаралары жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға ниетті.
Уағдаластықтардың тағы бір тармағы Қытай аумағында хабар-ошарсыз кеткен америкалық әскери қызметшілердің сүйектерін іздеу жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыру болды. АҚШ тарапы сондай-ақ Қытайдың Атланта хайуанаттар бағына екі алып панданы беруін құптады.