Несиені жәбірленушінің өзі рәсімдейді.
Алаяқтар қазақстандықтарды биометриялық сәйкестендіруден өтуге, банк қосымшасында қарызды растауға, кейін ақшаны өздері бақылап отырған шоттарға аударуға көндіреді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мұндай қашықтан жасалатын алаяқтық схемалары туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ескертті.
«Қорғаныш несие» шын мәнінде нақты қарыз болып шығады
Кең таралған схемалардың бірі қарапайым телефон қоңырауынан немесе хабарламадан басталады. Байланыс операторының немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстырған адам азаматтан SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды.
Одан кейін сценарий өзгереді. Азаматқа өзін банк, құқық қорғау немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адамдар хабарласып, оның атына несие рәсімдеуге әрекет жасалғанын немесе банк шотында күмәнді операция байқалғанын айтады.
Содан соң алаяқтар мәселені «шешудің» жолын ұсынады. Олар бөтен өтінімді жою немесе қаражатты қорғау үшін «техникалық», «айна» немесе «қорғаныш» несие рәсімдеу қажет деп сендіреді.
Дәл осы сәтте адам өзінің атына нақты несие рәсімдеп жатқанын түсінбеуі мүмкін.
Алаяқтар жәбірленушіні биометриялық сәйкестендіруден өтуге және банк немесе микроқаржы ұйымының мобильді қосымшасындағы операцияларды растауға көндіреді. Сонымен қатар экранды көрсету, бейнебайланысты қосу немесе нұсқауларды орындау үшін екінші телефонды пайдалануды талап етуі мүмкін.
Несие берілгеннен кейін ақшаны «қауіпсіз», «резервтік» немесе «арнайы» шотқа аударуды сұрайды.
Агенттіктің мәліметінше, мұндай жағдайда қаражат алаяқтар бақылауындағы шоттарға түседі, ал несиені өтеу міндеттемесі азаматтың өзінде қалады.
«Жеңілдетілген несие» де алаяқтардың құралына айналған
Тағы бір схема тиімді несие туралы ұсыныстан басталады. Алаяқтар азаматтарға, соның ішінде кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген немесе ерекше шарттармен несие алуға көмектесетінін айтады.
Оны рәсімдеу үшін адамнан арнайы қосымша орнату, биометриялық сәйкестендіруден өту немесе мобильді құрылғыға қолжетімділік беру сұралады.
Сондай-ақ банк немесе микроқаржы ұйымының қосымшасына кіру деректерін беру аса қауіпті. Қаржы сервистеріне қол жеткізген алаяқтар онлайн несие рәсімдеп, қаражатты үшінші тұлғалардың шоттарына аудара алады.
Кей жағдайда азамат өз атына несие рәсімделгенін тек берешек туралы хабарлама келгенде немесе кредитор хабарласқанда бір-ақ біледі.
Экранды көрсету мен биометриядан өту талабы күмән тудыруы тиіс
Қаржы нарығын реттеуші алаяқтықтың негізгі белгілерін атады.
Егер белгісіз адам шұғыл түрде «қорғаныш несие» рәсімдеуді, телефонға қосымша орнатуды, экранды көрсетуді немесе оның нұсқауы бойынша биометриялық сәйкестендіруден өтуді талап етсе, әңгімені дереу тоқтатқан жөн.
Психологиялық қысым, қорқыту және «дәл қазір шешім қабылдамасаңыз, ақшаңыздан айырыласыз» дегендей жасанды асығыстық та қауіпті белгі саналады.
Қаржылық жағдайға қарамастан несиені міндетті түрде мақұлдатуға уәде беру немесе арнайы шарттармен қарыз алуға «көмек» ұсыну да күмән тудыруы керек.
Банк, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардан кейін жою үшін несие рәсімдеуді талап етпейді. Олар телефонға қашықтан қол жеткізуді, банк қосымшасының экранын көрсетуді немесе өз нұсқауы бойынша бағдарлама орнатуды сұрамауы тиіс.
SMS-кодты ешкімге беруге болмайды
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеу қаупін азайту үшін реттеуші SMS және push-хабарламалар арқылы келетін кодтарды ешкімге айтпауға кеңес береді.
Белгісіз адамдардың өтініші бойынша қосымша орнатуға, телефонды бөгде адамға беруге, банк сервистерін пайдалану кезінде экранды көрсетуге немесе екінші құрылғы арқылы қаржылық операция жасауға болмайды.
Агенттік күрделі құпиясөздерді және екі факторлы аутентификацияны пайдалануды, банктер мен микроқаржы ұйымдарының хабарламаларын бақылауды және кредиттік тарихты тұрақты тексеріп отыруды ұсынады.
Қосымша қорғаныс ретінде «Стоп-кредит» сервисін пайдалануға болады. Ол банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік береді.
Егер қоңырау күмән тудырса, әңгімені тоқтатып, банкке немесе микроқаржы ұйымына ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласқан дұрыс.
Алаяқтық несие рәсімделіп қойса не істеу керек
Егер үшінші тұлғалардың ықпалымен немесе телефон мен банк сервистеріне қолжетімділік беру салдарынан азаматтың атына несие рәсімделсе, Агенттік арнайы жадынамамен танысуды ұсынады.
Бұл схемалардың басты қаупі — алаяқтарға банк қосымшасын өздері бұзудың қажеті болмауы мүмкін. Олар «ақшаңызды қорғаймыз» деген сылтаумен адамды биометриядан өтуге, несиені растауға және қарызға алынған ақшаны өз қолымен аударуға мәжбүрлейді.
Сондықтан бейтаныс адамның «басқа несиені жою үшін жаңа несие рәсімдеңіз» деген талабы алаяқтықтың тікелей белгісі ретінде қабылдануы керек.