Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) дағдарысқа тап болған, сырттан қаржы тартуда қиындық көрген және басқа да макроэкономикалық теңгерімсіздіктерге ұшыраған елдерге қаржылай қолдау көрсететін ірі халықаралық ұйымдардың бірі болып қала береді.
2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша ХВҚ берген, әлі өтелмеген кредиттердің жалпы көлемі 124,3 млрд SDR болды. SDR (арнайы қарыз алу құқығы) — құны әлемнің негізгі валюталарының қоржыны негізінде айқындалатын қордың есептік бірлігі. Сол күні 1 SDR 1,37 АҚШ долларына тең болды, осыған сәйкес, өтелмеген кредиттердің жалпы көлемін 170,6 млрд АҚШ долларына бағалауға болады.
ХВҚ-дан ең көп қарыз алған ел — Аргентина, оның қор алдындағы берешегі 42,6 млрд SDR немесе 58,4 млрд АҚШ долларын құрайды. Одан кейін Украина (10,9 млрд SDR немесе 14,9 млрд АҚШ доллары), Пәкістан (8 млрд SDR немесе 11 млрд АҚШ доллары), Мысыр (7,9 млрд SDR немесе 10,8 млрд АҚШ доллары) және Эквадор (7,1 млрд SDR немесе 9,8 млрд АҚШ доллары) тұр. Келесі бестікке Кот-д’Ивуар (4,1 млрд SDR), Гана (3 млрд SDR), Бангладеш (2,9 млрд SDR), Кения (2,8 млрд SDR) және Конго Демократиялық Республикасы (2,4 млрд SDR) кіреді. Алғашқы 10 елдің үлесіне қор алдындағы жалпы берешектің 74%-ға жуығы тиесілі, оның 61%-дан астамы алғашқы бес елдің еншісінде.
Ірі қарыз алушылардың міндеттемелері соңғы жылдары іске асырылған ауқымды қаржылық тұрақтандыру бағдарламаларымен де байланысты. 2025 жылғы сәуірде ХВҚ Аргентинаға 20 млрд АҚШ доллары көлеміндегі бағдарламаны мақұлдады, ал 2026 жылғы ақпанда Украинаға 8,1 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Мысырға арналған қолданыстағы бағдарламаның көлемі 2024 жылғы наурызда 3 млрд-тан 8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтылды, сол жылдың қыркүйегінде Пәкістанға 7 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлу мақұлданды. Бұл бағдарламалар, ең алдымен, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға және сыртқы қаржыға деген қажеттілікті өтеуге бағытталған.
Елдер ХВҚ-дан ірі көлемде қарызды көбіне ішкі немесе сыртқы күйзелістерден кейін экономиканы тұрақтандыру үшін алады. Орталық Азияда COVID-19 пандемиясы кезінде қарыз көлемі күрт артқаннан кейін кері үрдіс байқалады: аймақтағы ХВҚ-ның өтелмеген кредиттерінің көлемі біртіндеп азайып келеді.
Ұзақмерзімді кезеңде Орталық Азия елдерінің ХВҚ алдындағы берешегі айтарлықтай азайды. 1999 жылдың соңында оның көлемі 693,9 млн SDR болса, 2008 жылға қарай 116,6 млн SDR-ға дейін төмендеді. Кейін берешек қайта өсіп, 2013 жылы 236 млн SDR-ға жетті, ал 2019 жылдың соңына қарай 123,7 млн SDR-ға дейін азайды. 2020 жылы жағдай күрт өзгеріп, аймақ елдерінің ХВҚ алдындағы берешегі 684 млн SDR-ға жетті. Одан кейін берешек жыл сайын азайып, 2025 жылдың соңында 271,9 млн SDR болды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 60,2%-ға аз.
Осы елдермен салыстырғанда Қазақстанның жағдайы бөлек. Қазақстан ХВҚ алдындағы берешегін 2000 жылғы 24 мамырда толық өтеді. Соңғы төлем мерзімінен бұрын жасалып, 295,8 млн SDR немесе сол кездегі бағаммен шамамен 385 млн АҚШ долларын құрады. ХВҚ мәліметінше, берешекті мерзімінен бұрын өтеуге сыртқы экономикалық жағдайдың жақсаруы, соның ішінде Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының, ең алдымен, мұнайдың қымбаттауы, сондай-ақ 1998 және 1999 жылдардағы Азия мен Ресей дағдарыстарынан кейін экономиканың қалпына келуі мүмкіндік берді.
1999 жылғы желтоқсанда ХВҚ Қазақстанға 329,1 млн SDR көлемінде кеңейтілген қаржыландыру бағдарламасын мақұлдады. Алайда еліміз бұл қаражатты пайдаланған жоқ, өйткені бағдарламаны қажет болған жағдайда жүгінуге болатын қаржылық қолдау ретінде қарастырды, 2000 жылғы мамырда берешегін толық өтегеннен кейін ел ХВҚ-дан жаңа кредит алған жоқ. ХВҚ деректеріне сәйкес қазіргі уақытта Қазақстанның қор алдында өтелмеген кредиттік берешегі жоқ.
Ал Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Қазақстанға қарағанда кейінгі жылдары да ХВҚ-ның қаржылық қолдауына жүгінді. Пандемия басталған 2020 жылы бұл елдердің ХВҚ алдындағы жалпы берешегі күрт өсті, сол кезеңде қор төлем балансы мен бюджетке шұғыл қажет қаражатты толықтыру үшін елдерге жедел қаржылай көмек көрсетті. Өзбекстан 275,6 млн SDR (сол кездегі бағаммен шамамен 375 млн АҚШ доллары), Тәжікстан 139,2 млн SDR (шамамен 189,5 млн АҚШ доллары) алды. Қырғызстанға жалпы сомасы шамамен 242 млн АҚШ долларын құрайтын екі жедел қаржыландыру пакеті бөлінді. Осылайша, 2020 жылдың соңында аймақ елдерінің ХВҚ алдындағы қарызының едәуір бөлігін пандемия кезінде алынған қаржы құрады.
Пандемия кезіндегі күрт өсімнен кейін аймақ елдерінің ХВҚ алдындағы берешегі азая бастады. Бұл әсіресе Өзбекстанда айқын байқалды: 2020 жылдың соңында елдің ХВҚ алдындағы берешегі 275,6 млн SDR болды және 2022 жылға дейін осы деңгейде сақталды, кейін ол 2023 жылы 229,7 млн SDR-ға, 2024 жылы 137,9 млн SDR-ға, ал 2025 жылдың соңында 82,8 млн SDR-ға дейін азайды. Бес жыл ішінде Өзбекстанның ХВҚ алдындағы берешегі шамамен 70%-ға қысқарды.
2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша Орталық Азияда ХВҚ алдында берешегі бар үш ел ғана қалды: Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан. Олардың жалпы берешегі 239 млн SDR немесе шамамен 328 млн АҚШ долларын құрады. 2020 жылдың соңымен салыстырғанда аймақ елдерінің ХВҚ алдындағы жалпы берешегі шамамен 65%-ға азайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанның ХВҚ алдында өтелмеген кредиттері жоқ. Ал Түркіменстан ХВҚ-мен ешқашан қаржылық операция жүргізбеген, сондықтан қор бұл ел бойынша тиісті деректерді келтірмейді.
Орталық Азия елдерінің ішінде ХВҚ-ға ең көп қарызы бар Тәжікстанның берешегі 111,4 млн SDR немесе шамамен 152,9 млн АҚШ долларын құрайды. Одан кейін Өзбекстан тұр: 73,6 млн SDR немесе 101,1 млн АҚШ доллары. Қырғызстанның ХВҚ алдындағы өтелмеген кредиттерінің көлемі 54 млн SDR немесе шамамен 74,2 млн АҚШ долларын құрайды.
ХВҚ-дан кредит алмау қормен ынтымақтастық тоқтады дегенді білдірмейді. Қазақстан ХВҚ-ның мүшесі болып қала береді, ал қор IV бап бойынша консультациялар аясында ел экономикасының жағдайын тұрақты түрде бағалап отырады. ХВҚ-ның атқарушы кеңесі соңғы осындай консультацияны 2026 жылғы қаңтарда аяқтады.
Бүгінде Орталық Азия елдерінің ХВҚ кредиттеріне тәуелділігі бұрынғы дағдарыс кезеңдерімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді. Аймақтағы жағдай әркелкі: кейбір елдер бұрын алған қарыздарын әлі өтеп жатса, Қазақстан көп жылдан бері ХВҚ-мен кредит алмай-ақ ынтымақтастық орнатып келеді. Сондықтан берешек көлемі елдердің ХВҚ-мен қаншалықты тығыз жұмыс істейтінін емес, оның қаржылай көмегіне қаншалықты мұқтаж екенін көрсетеді.