Келісімге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары аясында Сеулде қол қойылды.
Astana Motors компаниясына қарасты Технопаркте автокомпоненттер өндірісін тереңдету және ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Astana Motors және Оңтүстік Кореяның Youngsan Glonet Corporation компаниясы Қазақстанда автокөлік газ бәсеңдеткіштері мен орындық қаптамаларын өндірісін жергіліктендіру туралы келісімге қол қойды.
Уағдаластық Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары аясында Сеулде орнатылды. Құжатқа Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев пен Youngsan Glonet Corporation бас директоры Чан Бом Чонг (Chan Beom Jung) қол қойды.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі 4,7 млн долларды (2,1 млрд теңге) құрайды. Өндіріс Алматы индустриялық аймағында орналасқан Технопарк аумағындағы Almaty Autoparts Production кәсіпорнының базасында іске қосылады. Кәсіпорынның өндірістік қуат жылына 70 мың өнім жиынтығына дейін жетеді.
«Автокөлік орындықтарына арналған қаптамалардың сериялық өндірісін 2026 жылдың төртінші тоқсанында бастау жоспарланып отыр. Қаптама тігу – Almaty Autoparts Production кәсіпорнында 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан автокөлік орындықтары өндірісін тереңдетудің келесі кезеңі. Бұл – Youngsan және Astana Motors компанияларының бірлескен кәсіпорны», – деді Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Жобаның тағы бір бағыты – пайдаланылған газдарды шығару жүйесінің компоненттерін, соның ішінде автокөлік газ бәсеңдеткіштерін өндіру. Өндірісті іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
«Бірінші кезеңде, яғни 2027 жылы газ бәсеңдеткіштер Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығатын Hyundai Tucson автокөлігін өндіру үшін жеткізіледі. 2028 жылдан бастап Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында шығарылатын Chery, Changan және GWM автокөліктеріне арналған компоненттер өндірісін игеру жоспарланып отыр», – деп атап өтті Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Жоба аясында Қазақстанда компоненттер өндірісін ұйымдастыру үшін қажетті технологияларды, өндірістік стандарттар мен құзыреттерді беру қарастырылған.
Жаңа өндіріс Қазақстанда өндірілетін автокомпоненттер номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Дайын өнімді Hyundai Trans Kazakhstan, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және еліміздің басқа да автокөлік кәсіпорындары жеткізу көзделген.
Фото: Astana Motors Технопаркінде орналасқан Almaty Autoparts Production кәсіпорнында автокөлік орындықтарының өндірісі
Youngsan Glonet Corporation компаниясы CKD-жобаларды іске асыру және автокөлік компоненттерін жергіліктендірумен айналасады. Компания 2004 жылы құрылған және Hyundai Motor Group кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатқан.
Компания автокөлік орындықтары мен олардың компоненттерін, көбік полиуретаннан жасалған бұйымдарды, пайдаланылған газдарды шығару жүйелерін, интерьер және экстерьердің пластикалық бөлшектерін, сондай-ақ автокөлік аккумуляторларын өндіреді.
Youngsan Glonet Корея, Чехия, Словакия, Мексика, Өзбекстан, Қазақстан және басқа да елдерде өндірісті жергіліктендіру жобаларын сәтті жүзеге асырған.
Фото: 2026 Қазақстан-Корея дөңгелек үстелі, Сеул, 2026 жыл
Айта кетейік, 2026 жылғы 15 қыркүйекте Корея Республикасына сапар аясында Astana Motors кореялық серіктестерімен автокөлік өнеркәсібін дамытуға, оның ішінде Astana Motors Технопаркінде автокомпоненттер өндірісін ұйымдастыруға бағытталған жалпы сомасы 78,3 млн доллар болатын келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Hyundai Motor Company компаниясымен жаңа Hyundai Tucson моделінің ұсақ түйінді өндірісін локализациялау, Youngsan Glonet Corporation компаниясымен газ бәсеңдеткіштер мен орындық қаптамаларын өндіру, THN Corporation компаниясымен электр сым шоғырларын өндіру, MOTREX компаниясымен автокөлік еден жабындарын өндіру бойынша келісімдер жасалды.
Жобаларды іске асыруға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті және Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетті.