TikTok қазақстандықтарға ЖИ контентін ажыратуды үйретеді

891

TikTok Қазақстандағы пайдаланушыларға жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті ажыратуды және ЖИ құралдарын жауапкершілікпен қолдануды үйрететін білім беру бастамасын іске қосты. Жобаға қазақстандық авторлар да қатысып, ЖИ контентіне белгі қою және ұсыныстар таспасын баптау туралы бейнероликтер дайындады. Бұл туралы TikTok мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бастама платформаның жаһандық бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Сонымен бірге TikTok ЖИ контентін белгілеу тәсілдерін жетілдіріп, жасанды интеллект арқылы спамды жаппай тарататын аккаунттарды анықтау жүйелерін сынақтан өткізуде.

Қазақстандық авторлар ЖИ контентін қалай тануға болатынын түсіндіреді

Платформада ЖИ көмегімен жасалған контентті ажыратуға арналған кеңестер жинақталған білім беру хабы ашылды. Оған Қазақстандағы контент авторларының танымдық бейнероликтері енгізілген.

Технологиялар туралы контент жасайтын Геннадий Захаров, яғни @tsifranuty, ұсыныстар таспасындағы ЖИ контентінің көлемін қалай реттеуге болатынын түсіндірді.

Саяхат тақырыбындағы роликтерімен танымал Асет Мурзабаев, @travelove100, ЖИ контентін өзге материалдардан ажырату жолдары мен оны жариялағанда арнайы белгі қоюдың маңызын баяндады.

TikTok сондай-ақ жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануға арналған нұсқаулық әзірледі. Оны дайындауға медиасауаттылық саласындағы білім беру қауымдастығы NAMLE мен жасанды интеллект жөніндегі сарапшы Генри Айдер қатысқан.

TikTok-тың мемлекеттік органдармен байланыс және корпоративтік мәселелер жөніндегі жаһандық командасының ЖИ бағытына жетекшілік ететін Том Варгезе пайдаланушыларға контентті танумен қатар, генеративті модельдердің қалай жұмыс істейтінін түсіну де қажет екенін айтты.

«Біздің пікірімізше, адамдар TikTok-та ЖИ негізіндегі контентпен өзара әрекеттескенде контекстті түсінуі керек, бақылауы және сенімділігі болуы керек. Сондықтан біз технологияларды, серіктестік жобаларды және білім беру бастамаларын дамытуды жалғастырамыз, олар бір жағынан пайдаланушыларға ЖИ контентін тани білуге, екінші жағынан генеративті модельдердің жұмыс принциптерін түсінуге және олардың мүмкіндіктерін өздерінің шығармашылық идеяларын жауапкершілікпен және қауіпсіз жүзеге асыру үшін пайдалануға көмектеседі», — деді Том Варгезе.

Танымдық материалдар 200 млн-нан астам қаралым жинаған

TikTok тәуелсіз сарапшылармен және маманданған ұйымдармен ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Олардың қатарында платформада білім беру контентін жариялайтын NoFiltr және Raspberry Pi Foundation бар.

Компанияның мәліметінше, 2025 жылғы қарашада басталған бағдарлама аясындағы материалдар 200 млн-нан астам қаралым жинаған. Бұл контент пайдаланушыларға жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін түсінуге және оны жауапкершілікпен қолдануға көмектеседі.

TikTok бастаманы дамытуға 4 млн доллардан астам қаражат бөлгенін хабарлады. Компания танымдық материалдарды көбірек адамға жеткізу үшін бағдарламаны қаржыландыруды жалғастырмақ.

ЖИ арқылы спам тарататын аккаунттарға қарсы жаңа жүйе сыналып жатыр

Платформаның тағы бір жұмыс бағыты — жасанды интеллектіні спамды жаппай жасауға пайдаланатын аккаунттарды анықтау. TikTok бағалауынша, мұндай жарияланымдар авторлардың төл контентін ығыстырып, пайдаланушылардың сенімін төмендетеді.

Компания осы аккаунттарды анықтайтын жетілдірілген жүйелерді сынап жатыр. Олар спамды табу және жою үшін қазір қолданылып жүрген құралдарды толықтырады.

TikTok дерегінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында платформа әлем бойынша 86 млн-нан астам жалған аккаунтты жойған. Бұл сан сол кезеңде жойылған барлық жалған аккаунтты қамтиды. Олардың қаншасы нақты ЖИ спамын таратқаны бөлек көрсетілмеген.

3 млрд-тан астам бейнероликке ЖИ белгісі қойылған

Платформаның мәліметінше, TikTok-тағы 3 млрд-тан астам бейнероликке жасанды интеллект көмегімен жасалғанын білдіретін белгі қойылған. Ол үшін бірнеше тәсіл қатар қолданылады: авторлардың өздері қоятын белгілер, Content Credentials жүйесі және көзге көрінбейтін цифрлық сутаңба технологиясы.

Content Credentials файлмен бірге оның шығу тегі мен өңделуі туралы мәліметтерді, соның ішінде ЖИ қолданылғаны жөніндегі ақпаратты беруге мүмкіндік береді. Ал көрінбейтін сутаңбалар жасанды интеллект көмегімен жасалған материалды анықтаудың қосымша тәсілі ретінде қолданылады.

TikTok екі жыл бұрын контенттің шығу тегі мен түпнұсқалығын растау жөніндегі C2PA коалициясының стандартына негізделген Content Credentials технологиясын енгізген алғашқы бейнеплатформа болғанын мәлімдеді.

Енді компания C2PA басқарушы комитетінің құрамына кірді. Коалицияның өзге мүшелерімен бірге ол цифрлық материалдардың шығу тегін және оларды жасау кезінде ЖИ қолданылғанын анықтайтын технологияларды кеңінен енгізуге атсалыспақ.

Ұсыныстар таспасындағы ЖИ контентін реттеуге болады

TikTok Smart Split және AI Outline сияқты шығармашылыққа арналған ЖИ құралдарын әзірлеуге инвестиция салуды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар «Тақырыптарды басқару» бөлімінде ЖИ контентінің көлемін реттейтін баптауды сынақтан өткізуде.

Бұл баптау пайдаланушыға ұсыныстар таспасында ЖИ көмегімен жасалған материалдарды көбірек немесе азырақ көруді таңдауға мүмкіндік береді. Платформаның түсіндіруінше, ол мұндай контентті таспадан толық алып тастауға арналмаған.

Жаңа технологияларды қауіпсіз пайдалану тақырыбын ЮНИСЕФ Қазақстандағы балалар үшін ЖИ-дің қандай қауіптерін атап, цифрлық сауаттылықты дамытуға неге шақыратыны туралы материалымызда да қарастырған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -