Қазақстан шешуші авиациялық тексеріске кірісті. 21–25 қыркүйекте АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің FAA сарапшылары Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін IASA бағдарламасы бойынша бағалайды. Бұл — Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жолындағы негізгі кезеңдердің бірі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан бұл тексеріске екі жылдан астам уақыт дайындалды. Көлік министрлігі, Азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі америкалық тараппен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді.

FAA бес күн бойы Қазақстанның авиациялық жүйесін бағалайды
IASA бағалауы жеке бір рейстің немесе әуе компаниясының дайындығын ғана тексермейді. Негізгі нысана — мемлекеттің азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздығын қаншалықты тиімді қадағалай алатыны.
FAA сарапшылары Қазақстанның авиациялық заңнамасын, заңға тәуелді нормативтік актілерін және мемлекеттік қадағалау тетіктерін зерделейді.

Бағалау ИКАО стандарттарына сәйкестікті, соның ішінде:
- авиация персоналына куәлік беру;
- халықаралық коммерциялық әуе тасымалдарын ұйымдастыру;
- әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы;
- мемлекеттік авиациялық қадағалау жүйесінің негізгі элементтерін қамтиды.
FAA-ның IASA бағдарламасы шетелдік азаматтық авиация органдарының ИКАО қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін бағалайды. Бұған дейін Қазақстанның мақсаты Category 1 мәртебесін алу екені ресми түрде хабарланған. Мұндай мәртебе қазақстандық тасымалдаушыларға тиісті талаптар орындалған жағдайда АҚШ бағытындағы рейстерді дамытуға мүмкіндік береді.

Air Astana-ға FAA сарапшылары 24 қыркүйекте барады
Бағдарламадағы ерекше күн — 24 қыркүйек.
Осы күні FAA сарапшылары Астанадағы Air Astana әуе компаниясына техникалық сапар жасайды. Компания АҚШ Көлік министрлігіне (DOT) коммерциялық қызмет жүргізуге рұқсат алу туралы өтінім берген.
Алайда бұл сапардың мәртебесі бөлек. FAA Air Astana-ны әуе тасымалдаушы сертификатының иесі ретінде инспекциялық тексеруден өткізбейді.
Мақсат — бағалаудың ашықтығын қамтамасыз ету аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен алынған ақпаратты растау.
Бұл айырмашылық маңызды: IASA аясындағы негізгі бағалау объектісі Air Astana емес, Қазақстанның авиациялық билігі және оның қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау қабілеті.
2024 жылғы алғашқы тексерістен бері екі жыл өтті
Қазіргі бағалау аяқ астынан басталған жоқ.
2024 жылғы 26–30 тамызда Қазақстанда IASA бағдарламасы бойынша алдын ала техникалық шолу жүргізілген. Сол кезеңде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі FAA-мен тікелей рейстерді ашуға қажетті дайындық жұмыстарын бастаған еді.
2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстерді іске қосу үшін Category 1 алу қажеттігі ресми түрде айтылды. Сол кезде Нью-Йорк бағыты да қарастырылған.
Бастапқы жоспарларда тікелей рейсті 2025 жылдың соңында іске қосу көзделген болатын. Алайда мерзім кейінге жылжыды. 2026 жылғы маусымда Қазақстан Парламентінің Сенаты FAA бағалауына дайындықпен байланысты авиациялық заңнамаға өзгерістерді мақұлдады. Түзетулер ұлттық реттеу жүйесін халықаралық авиациялық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
Тікелей рейс 2027 жылға жоспарланып отыр
Қазір тікелей әуе қатынасын ашудың жаңа мерзімі айтылып отыр.
Бұған дейін жарияланған мәлімет бойынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейстерді 2027 жылдың II тоқсанында іске қосу жоспарланған. Ал Air Astana алғашқы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын 2026 жылғы желтоқсанда күтеді.
Демек, тікелей рейске дайындық бірнеше параллель бағытта жүріп жатыр: мемлекеттік авиациялық қадағалау жүйесінің FAA талаптарына сәйкестігі, америкалық рұқсаттар және алыс қашықтыққа арналған әуе кемелерінің келуі.
Қазақстан авиациялық заңнаманы да осы процеске бейімдеді. Маусымда Сенат мақұлдаған түзетулер FAA халықаралық бағалауына дайындықты және мемлекеттік қадағалауды күшейтуді көздейді.
Қазақстаннан АҚШ-қа ұшу үшін Category 1 неге қажет
IASA нәтижесі Қазақстанның авиациялық жүйесіне қатысты АҚШ тарапының бағасын айқындайды.
FAA түсіндіруіне сәйкес, IASA бағдарламасы мемлекеттің азаматтық авиация саласындағы халықаралық қауіпсіздік стандарттарын сақтау қабілетін бағалайды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бұған дейін Category 1 мәртебесі қазақстандық авиакомпанияларға қажетті әуе кемелері болған жағдайда АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға мүмкіндік беретінін хабарлаған.
Сондықтан 21–25 қыркүйектегі тексеріс рейстің нақты ашылғанын білдірмейді. Ол тікелей әуе қатынасын іске қосуға қажетті маңызды реттеушілік кезеңдердің бірі.
FAA делегациясының құрамына халықаралық авиациялық құқық, персоналды лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшуды пайдалану саласындағы мамандар кірген.
Бағалау аяқталған соң америкалық сарапшылар Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен қорытынды брифинг өткізеді. Кейін қаралған бағыттар бойынша жазбаша есеп беріледі.
Бұған дейінгі жоспар 2025 жыл еді
Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейстің мерзімі бұған дейін бірнеше рет талқыланған.
2024 жылғы тамызда Монреальдағы ИКАО штаб-пәтерінде Қазақстанның Көлік министрлігі мен FAA басшылығы Нью-Йоркке рейстер ашу жөнінде келіссөз өткізген. Сол кезде рейсті 2025 жылдың соңында, кемінде аптасына екі рет орындау жоспары айтылған еді.
Кейін дайындық мерзімі ұзарды. 2026 жылғы шілдеде АҚШ Көлік қауіпсіздігі басқармасының TSA сарапшылары да Қазақстанға келіп, авиациялық жүк тасымалы қауіпсіздығы жүйесімен, Астана және Алматы әуежайларындағы рәсімдермен танысты. Бұл сапар да АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық кезеңдерінің бірі ретінде сипатталды.
Ал қазір процесс FAA-ның толық IASA бағалауына жетіп отыр.
Бір апта бұрын біз Қазақстаннан Нью-Йоркке тікелей рейс ашу жоспары, FAA тексерісі және Air Astana-ның Boeing 787-9 Dreamliner ұшақтарына дайындығы туралы жазған едік. Онда қазіргі жоспар бойынша алғашқы тікелей рейстер 2027 жылдың II тоқсанына белгіленгені айтылған.