«Сарымсақ жыры» енді қазақша оқылады. 2012 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына үндеу жолдап, қазақ тіліне аударылған романының жоба кітаптарының қатарына енгеніне қуанышты екенін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мо Яньнің «Сарымсақ жыры» марафонның ресми тізіміндегі 15 кітаптың бірі. Жоба 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады және мектеп оқушыларынан бастап педагогтерге, отбасыларға, мемлекеттік қызметшілер мен зияткерлерге дейін бірнеше аудиторияны қамтиды.
«Сарымсақ жырының» қазақша нұсқасы марафонға енді
Мо Янь бейнеүндеуінде өз шығармасының қазақ оқырманына ана тілінде жеткеніне жеке тоқталды.
«Менің «Сарымсақ жыры» романымның қазақ тіліне аударылып, осы марафон шығармалар тізіміне енгеніне өте қуаныштымын», — деді Мо Янь.
Романның қазақ тіліндегі нұсқасы биыл жазда жарық көрді. Маусымда Алматыда Мо Яньнің қатысуымен «Сарымсақ жыры» және «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» кітаптары таныстырылған. «Сарымсақ жырын» қазақ тіліне Төлеген Меллат аударған.
Енді аударма жеке басылым деңгейінде қалмай, алты айға созылатын республикалық оқу жобасының бағдарламасына кірді.
Мо Янь қазақ әдебиетін неге жақын санайды
Жазушы биылғы Қазақстан сапарын да еске алды. Ол қазақстандық қаламгерлермен кездесіп, қазақ әдебиетімен жақынырақ танысқанын айтты.
«Қазақ әдебиеті маған өте жақын әрі қымбат. Өйткені сіздердің шығармаларыңызда суреттелетін өмірдің көп қыры өзімнің басымнан өткерген жағдайлармен үндеседі», — деді жазушы.
Мо Янь маусымдағы Алматы сапары кезінде қазақ қаламгерлерімен әдеби шығармашылық, ұлттық болмыс және көркем сөздің орны туралы пікір алмасқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оған құрметті профессор атағын да табыстады.
Марафон алғашқы бес күнде 100 мың адам жинады
«Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу 2 қыркүйекте басталды. Ал 7 қыркүйектің өзінде қатысушылар саны 100 мыңнан асты. Соның 51 148-і «Оқитын мектеп» бағытына тіркелген.
Жобаның ресми платформасында марафонның жеті бағыты көрсетілген. Қатысушылар кітаптарды оқып, тест тапсырып, зияткерлік сайыстар арқылы финалға өте алады.
Мо Янь марафонның ауқымын мәдени бастама ретінде бағалады.
«Жалпы, кітап оқуға арналған осындай жалпыұлттық марафон ұйымдастырғандарыңыз өте жақсы. Бұл — ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, қоғамның дамуына да елеулі үлес қосатын игі әрі ізгі іс», — деді ол.
Тізімде Мо Янь ғана емес, әлем әдебиетінің бірнеше авторы бар
Марафонның «Кітап оқитын зияткер» бағыты бойынша ұсынылған 15 шығарма қазақ және әлем әдебиетін қатар қамтиды.
Тізімде Мо Яньнің «Сарымсақ жырымен» бірге Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Дулат Исабековтің «Қарғын», Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда», Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» шығармалары бар. Әлем әдебиетінен Джордж Оруэллдің «1984», Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы», Пауло Коэльоның «Алхимик» кітаптары енгізілген.
Бұл қатарда Нобель әдебиет сыйлығының бірнеше лауреатының болуы да назар аударады. Мо Янь сыйлықты 2012 жылы алған, ал Хемингуэй мен Памук те әр жылдары әдебиет бойынша Нобель лауреаты атанған.
«Әрбір парақ жүректеріңізге жарық сыйласын»
Мо Янь марафон қатысушыларына арнаған сөзінде кітапты білім жинаудың ғана емес, адамның ішкі дүниесін байытудың құралы ретінде сипаттады.
«Кітап әлеміне саяхат жасап, білім мен даналықтың биігіне ұмтылған әрбір қатысушыға зор шабыт тілеймін! Әрбір парақ жүректеріңізге жарық сыйлап, ішкі жан дүниелеріңізді байыта берсін. Кітап әрдайым қолдарыңыздан түспесін, ал білімге ұмтылыстарыңыз бен өзін-өзі дамыту жолындағы талпыныстарыңыз әрдайым жетістікпен жалғаса берсін!»
Жазушы сөз соңында қазақстандық оқырмандарға алғысын білдіріп, жаңа әдеби көкжиектерді бірге ашуға шақырды.
«Кітап оқитын ұлт» марафонының алғашқы бес күнінде-ақ 100 мыңнан астам адам тіркелгені туралы бұған дейін жазған едік. Енді жоба тізіміндегі 15 шығарманың біріне автордың өзі — Нобель лауреаты Мо Янь үндеу жолдап отыр.