Алты ел шахмат Олимпиадасына дайындықты қазақстандық жаттықтырушыларға сеніп тапсырды

649
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: KаzChess

Қазақстандық шахмат мектебі шекарадан шықты.

Самарқандта өтіп жатқан 46-шы шахмат Олимпиадасына Қазақстан мамандары өз құрамаларымызбен қатар Қырғызстан, Камбоджа, Непал, Иордания, Пәкістан және Түрікменстан командаларын да дайындады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл жұмыс Freedom Asian Chess Initiatives (FACI) жобасы арқылы жүргізілді. Бағдарламаны Қазақстан шахмат федерациясы FIDE және Азия шахмат федерациясымен бірлесіп жүзеге асырады. 2026 жылы жоба жеті елдің федерациясын қамтып отыр.

Үш құраманы Олимпиадада қазақстандық мамандар басқарады

Қырғызстанның ерлер құрамасын Самарқандта гроссмейстер Пётр Костенко, Камбоджа командасын халықаралық мастер Рустам Қайырбеков, Непал құрамасын халықаралық мастер Кирилл Кудеринов басқарып отыр.

Ал Иордания, Пәкістан және Түрікменстан шахматшылары Олимпиада қарсаңында қазақстандық мамандармен дайындықтан өтті.

2026 жылғы FACI бағдарламасына Камбоджа, Жапония, Иордания, Қырғызстан, Непал, Пәкістан және Түрікменстан кірді. FIDE мәліметінше, елдер бағдарламаның талаптарына сәйкестігі және шахматты тұрақты дамыту әлеуеті бойынша таңдалған.

FACI жобасының ресми сайтында бағдарлама ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу жиындарын, жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлауды, турнирлерді қолдауды және мектеп шахматын дамытуды қамтитыны көрсетілген.

Жоба бес елден басталған

FACI 2024 жылы іске қосылды. Алғашқы қатысушылар Камбоджа, Непал, Оман, Тәжікстан және Шри-Ланка болды. Кейін бағдарламаның географиясы кеңейді.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, жоба бастапқыда Азиядағы шахмат федерацияларына қазақстандық жаттықтырушылардың тәжірибесін жеткізуге бағытталған.

«Үш жылдан сәл астам уақыт бұрын біз FACI жобасын – Азия елдерінде шахматты дамытуды қолдау бастамасын іске қостық. Жоба аясында қазақстандық жаттықтырушылар мен гроссмейстерлер дамып келе жатқан шахмат федерацияларымен жұмыс істейді, жергілікті мамандармен тәжірибе алмасады, спортшыларды маңызды халықаралық жарыстарға дайындауға көмектеседі. Бүгінде біз бұл бастаманың барлық тараптар үшін пайдалы болғанын көріп отырмыз. Біздің жаттықтырушыларымыз әлемді көру, жаңа елдермен танысу, қосымша кәсіби тәжірибе алу және жаңа достар табу мүмкіндігіне ие болды. Әрине, мұндай жұмыс елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтады, оларды тұрақты етеді және перспективада басқа салаларда ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін жасай алады. Мен жоба нәтижелеріне өте ризамын. Осы уақыт ішінде ол біз тікелей жұмыс істеген шамамен он елді қамтыды. Бұл қызмет жалғасуы және, оның ішінде FIDE деңгейінде, кеңеюі тиіс деп сенемін. Бұл шахматты оқыту және кәсіби спортшыларды дайындау саласындағы тәжірибе алмасудың шынымен маңызды бастамасы», – деді Тимур Турлов.

Будапештте алғашқы нәтижелер байқалды

Қазақстандық мамандар шетелдік құрамалармен бұған дейінгі 45-ші шахмат Олимпиадасында да жұмыс істеген.

Будапештте Дмитрий Стативкин Оман, Бахтияр Асқаров Камбоджа, Жәнібек Аманов Шри-Ланка командаларының капитаны болды. Гроссмейстер Евгений Владимиров Тәжікстан құрамасына қашықтан көмектесті. Ал Непал командасын Мұртас Қажғалеев дайындағанымен, шахматшылар виза мәселесіне байланысты Олимпиадаға қатыса алмады.

Сол турнирде бірқатар командалар бастапқы рейтингінен жоғары нәтиже көрсетті. Шри-Ланканың ерлер құрамасы 134-ші бастапқы орыннан 90-орынға көтеріліп, D тобында бірінші болды. Елдің әйелдер командасы 82-ші бастапқы нөмірмен жарысты бастап, қорытындыда 40-орынға жетті.

Тәжікстанның ерлер құрамасы 87-ші бастапқы нөмірмен 63-орын алса, әйелдер командасы 81-ші позициядан 70-орынға көтерілді.

2025 жылы 20 оқу-жаттығу шарасы өтті

FACI тек ересектер құрамаларын Олимпиадаға дайындаумен шектелмейді.

2025 жылы бағдарлама аясында жасөспірімдер, әйелдер және ерлер құрамалары мен жаттықтырушылар үшін 20 оқу-жаттығу жиыны мен шара өткізілді. 12 жас шахматшы кадеттер арасындағы әлем чемпионатына қатысу үшін жол жүру грантын алды.

Оман мен Непалда мастер-класстар, жаттығулар және бір мезгілде ойнау сеанстары ұйымдастырылды. Пәкістанда шахмат академиясының ашылуына қолдау көрсетілді.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, бастама идеясы 2023 жылы қалыптаса бастаған.

«2023 жылғы наурызда мен Азия шахмат федерациясының вице-президенті болып тағайындалдым, сол кезде осы лауазымда Азияда шахматты дамыту үшін не істеуге болады деген сұрақ туындады. Біз бұл идеяны менің әріптесім, FIDE атқарушы директоры Виктор Бологанмен талқылай бастадық. FACI атауы сәл кейінірек пайда болды, бірақ тұжырымдаманың өзі дәл сол кезде қалыптасты. Бастапқыда біз шахматты дамытқысы келетін елдерге жүйелі қолдау қажет екенінен шықтық. Ұлттық және балалар құрамаларына көмек, мектептерде шахматты дамыту және нақты елде сұранысқа ие болуы мүмкін басқа жобалар туралы сөз болды», – деді ол.

Непал қазақстандық бапкерді бас жаттықтырушы еткісі келеді

Жобаның практикалық нәтижесінің бірі Непал құрамасында байқалды. Командамен халықаралық мастер Кирилл Кудеринов жұмыс істеп келеді.

Непал шахмат федерациясының бас хатшысы Дхарам Бахадур Лама қазақстандық маманның жұмысын жоғары бағалап, оны ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметіне ұсыну жоспарланып отырғанын айтты.

«Ең алдымен мен Freedom Asian Chess Initiatives-ке Непалда шахматты дамытуға көрсеткен маңызды және тұрақты қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Әсіресе халықаралық мастер Кирилл Кудериновпен жұмыс істеу мүмкіндігі үшін ризамыз. Біздің ұлттық құраманың пікірі бойынша, Кирилл – біз бұрын жұмыс істеген ең үздік жаттықтырушылардың бірі. Оның кәсібилігі, берілгендігі және жүйелі тәсілі команданы дайындау мен дамытуға елеулі үлес қосты. Біз Непал құрамасының Самарқандтағы 46-шы шахмат Олимпиадасындағы өнерін оптимистік бағалаймыз және D тобында алтын медаль үшін күресуге ниеттіміз. Ынтымақтастықтың оң тәжірибесін ескере отырып, біз Кирилл Кудериновты Непал ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы етіп тағайындау туралы ұсыныс енгізуді де жоспарлап отырмыз», – деді Дхарам Бахадур Лама.

Түрікменстан құрамасы Көкшетауда дайындалды

Қазақстандық мамандардың көмегі тек онлайн сабақтармен шектелген жоқ.

Түрікменстан құрамасы мамыр–маусым айларында Көкшетаудағы Шахмат үйінде гроссмейстер Александр Рахмановтың жетекшілігімен екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жазда дайындық онлайн жалғасып, Олимпиада қарсаңында команда Қазақстанға тағы бір екі апталық жиынға келді.

Самарқандтағы алғашқы турда Түрікменстанның ерлер және әйелдер құрамалары бірдей 4:0 есебімен жеңіске жетті: ерлер Шығыс Тиморды, әйелдер Лихтенштейнді ұтты.

Самарқандта рекордтық Олимпиада өтіп жатыр

46-шы шахмат Олимпиадасы Самарқандта 16–27 қыркүйек аралығында өтеді. Биыл ашық турнирге 208 команда тіркелген, әйелдер бәсекесіне 190-нан астам команда қатысып жатыр. Турнир 11 турдан тұрады.

Қазақстанның өзі де жоғары нәтижеге таласып жатыр. Әйелдер құрамасы турнирді бастапқы рейтингте үздік төрттіктің қатарында бастады. Бұған дейін Самарқандтағы Олимпиадада Қазақстан құрамасының қандай құраммен және қандай бастапқы позициямен өнер көрсетіп жатқаны туралы жазған едік.

Ал FACI үшін Самарқандтағы дода басқа өлшемге айналды: жоба енді өткізілген жиындар мен мастер-класстар санымен ғана емес, қазақстандық мамандар бір маусым бойы дайындаған алты ел құрамасының әлемдік Олимпиададағы нәтижесімен бағаланатын кезеңге жетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -