Трассалардағы апат саны азайған.
Жыл басынан бері Қазақстанның республикалық маңызы бар жолдарында жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза тапқандар саны 14%-ға, зардап шеккендер 11%-ға төмендеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Мәліметті Қазақстанның Көлік министрлігі де жариялады.
Жол апаттарының 35%-ы жылдамдықты асырумен байланысты
Жалпы көрсеткіш төмендегенімен, жолдағы негізгі қауіп әлі де жүргізушілердің әрекетіне байланысты.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының 35%-ына жылдамдықты асыру себеп болған.
Тағы 12%-ы қауіпсіз арақашықтықты сақтамаудан, 11%-ы көлікті басқара алмай қалудан, ал 8%-ы қарсы бағыттағы жолаққа шығудан болған.
Ведомство атаған себептердің ішінде жылдамдықты асыру ең үлкен үлеске ие.
Орташа жылдамдық 2,8 мың шақырым жолда бақыланады
Апатты азайтудың негізгі құралдарының бірі — орташа жылдамдықты бақылау жүйесі.
Қазір бұл жүйе 2,8 мың шақырым ақылы жол учаскесінде жұмыс істейді. Министрліктің мәліметінше, сол учаскелерде жол апаттарының саны 10%-ға азайған.
Бұл жүйеде жүргізушінің камера тұсындағы жылдамдығы ғана емес, бүкіл бақыланатын учаскені қанша уақытта жүріп өткені есепке алынады.
Такси қызметінен 70 мыңға жуық оң рульді көлік шығарылды
Қауіпсіздік шаралары такси нарығын да қамтыды.
Көлік министрлігі ІІМ, Yandex Kazakhstan және inDrive агрегаторларымен бірлесіп, жолаушылар тасымалынан 70 мыңға жуық оң рульді автокөлікті алып тастаған.
Енді билік бастапқыда оң рульді болып шығарылып, кейін рөлі сол жаққа ауыстырылған көліктерге қатысты заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатыр.
Мұндай машиналарды такси ретінде пайдалануға толық тыйым салу ұсынылады. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы агрегаторларының жауапкершілігін күшейту жоспарланған.
Бұл талап күшіне енсе, такси нарығында көліктің рөлі қай жақта тұрғаны ғана емес, оның бастапқы конструкциясы мен кейінгі қайта жабдықталуы да маңызды болады.
Жалған техбайқау үшін жұмысты үш жылға дейін тоқтатуы мүмкін
Техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар да күшейтілді.
Енді мұндай орталық жұмысын бастау үшін арнайы рұқсат алуы қажет. Талаптарды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылған.
Ал техникалық байқауды іс жүзінде өткізбей, формалды түрде рәсімдейтін орталықтардың қызметі үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.
Министрлік бұл шара қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көліктердің жолға шығуын шектеуге мүмкіндік береді деп есептейді.
11 мың шақырымнан астам жол жоғары санатқа ауыстырылды
Жол қауіпсіздігі тек жүргізушілерді бақылаумен шектелмейді. Министрлік республикалық трассалардың инфрақұрылымын да жаңартып жатыр.
Қазір 11 мың шақырымнан астам республикалық жол I және II техникалық санатқа ауыстырылған. Бұл қарсы бағыттағы көлік ағындарын ажыратып, бетпе-бет соқтығысу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Транзиттік көлікті елді мекендерден тыс өткізу үшін 65 айналма жол салынған.
Көлік пен жаяу жүргінші ағындарын бөлу мақсатында 38 жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, қарсы бағыттағы көлік ағындарын ажырату үшін тағы 1,5 мың шақырым автожолды реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін біз Қазақстан жолдарында жылдамдықты бақылау қалай күшейтілгені және орташа жылдамдықты тіркеу жүйесі қалай жұмыс істейтіні туралы жазған едік.
