Бизнесті қолдау тетіктері бір жерге шоғырландырылды.
Енді кәсіпкерлер «Даму» қорының өңірлік филиалдары арқылы «Бәйтерек» холдингіне кіретін бірнеше ұйымның құралдары бойынша кеңес алып, жобаларын сүйемелдей алады — жеңілдетілген несиеден бастап инвестиция, экспорттық сақтандыру мен лизингке дейін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бірыңғай фронт-офистің алғашқы жұмыс күнінде жаңа форматпен танысты.
Жүйенің техникалық іске қосылуы биыл ақпанда басталған. Осы уақыт ішінде мамандар кәсіпкерлерден 30 мыңға жуық өтініш қабылдап, фронт-офис арқылы 1250 жоба сүйемелденіп, қаржыландырылған.
Бірнеше институттың орнына — бір ғана өтініш беру нүктесі
Кәсіпкерлер үшін басты өзгеріс — енді жобасына қай даму институты сәйкес келетінін өз бетінше іздеудің қажеті жоқ.
«Даму» қорының өңірлік желісі «Бәйтерек» тобының қолдау құралдарына қол жеткізетін бірыңғай алаңға айналады. Мұнда кәсіпкер кеңес алып, қажетті құралды таңдап, өтінім беріп, жобасын қаржыландыру мәселесі қаралғанға дейін сүйемелдеу рәсімдей алады.
Бір фронт-офисте бірнеше ұйымның мүмкіндігі біріктірілген.
«Даму» арқылы шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және қаржылай емес қолдау шаралары ұсынылады.
Қазақстанның Даму Банкі ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырады, Qazaqstan Investment Corporation тікелей инвестициялар мен венчурлік қаржыландыру құралдарын ұсынады.
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттық кредиттерді сақтандырумен айналысады, ал Өнеркәсіпті дамыту қоры кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жеңілдетілген және лизингтік қаржыландыру береді.
«Бәйтерек» холдингі бұған дейін де бірыңғай фронт-офистердің «Даму» қорының өңірлік желісі базасында құрылатынын хабарлаған.
«Бүгінде біздің мамандар Қордың құралдарымен ғана жұмыс істемейді, сонымен қатар «Бәйтерек» холдингінің басқа ұйымдарының шешімдерін таңдауға көмектеседі. Негізінде, «Дамудың» өңірлік желісі жеңілдетілген несие мен кепілдіктен бастап инвестициялық қаржыландыруға, экспорттық сақтандыру мен лизингке дейінгі қаржылық және қаржылай емес құралдардың кең ауқымына қол жеткізетін бірыңғай нүктеге айналып отыр», — деді «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.
Шалғай аудандарға мобильді фронт-офистер барады
Фронт-офистер Қазақстанның барлық өңірінде «Даму» филиалдары базасында жұмыс істейді. Аудан және ауыл кәсіпкерлеріне арналған бөлек формат та қарастырылған — мамандар елді мекендерге мобильді фронт-офистермен баруды жоспарлап отыр.
Мұндай тәсіл өңірлерде қазірдің өзінде қолданылып келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тамыз айына қарай мобильді топтар шамамен 80 аудан орталығына барып, 2,6 мыңнан астам кеңес берген.
Бұл шалғай елді мекендегі кәсіпкерлер үшін облыс орталығына арнайы бармай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары туралы бастапқы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Әсіресе жекелеген даму институттарының жеке өкілдігі жоқ аудандар үшін бұл маңызды.
Мобильді формат шағын бизнесті өңірлерде қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында да пайдаланылады.
Бес өңірде кәсіпкерлердің нақты мәселесін шешетін орталықтар іске қосылды
Бірыңғай фронт-офис базасында Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары да пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Мұндағы міндет кәдімгі несие немесе субсидия бойынша кеңес берумен шектелмейді.
Егер кәсіпкердің мәселесі бірнеше мемлекеттік органға немесе ұйымға қатысты болса, орталық мамандары жағдайды бастапқы кезеңде талдап, оны шешудің ықтимал жолдарын анықтайды. Қажет болған жағдайда жұмысқа мемлекеттік органдар, әкімдіктер, қаржы институттары және «Бәйтерек» тобының ұйымдары тартылады.
Пилоттық жоба Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарын қамтиды.
Бұған дейін Үкімет жаңа тетікті әзірлеу барысында ШОБ өкілдерінің 2,4 мыңнан астам өтініші зерттелгенін хабарлаған. Орталықтардың тиімділігін бағалауда консультациялар саны емес, кәсіпкерлердің нақты шешілген мәселелерінің үлесі негізгі көрсеткіштердің бірі болуы тиіс.
Кәсіпкерлер көтерген мәселелердің қатарында қаржыландыруға қол жеткізу, берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау алу, салық және өнім өткізу мәселелері бар.
«Мұндай қолдаудың еліміздің барлық өңірінде қолжетімді болуы маңызды. Біз «Іскер аймақ» бағдарламасын ауылдарға дейін кеңейтіп, кәсіпкерлерді қолдауды неғұрлым атаулы етуді жоспарлап отырмыз. Бұл жерде «Дамудың» өңірлік филиалдары мен мобильді фронт-офистері үлкен рөл атқаруы тиіс. Консультанттардың міндеті — бизнесті қалыптасуынан бастап даму кезеңіне дейін сүйемелдеу. Тағы бір маңызды бағыт — Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары. Кәсіпкер нақты мәселеге тап болғанымен, қайда жүгіну керегін және оны қалай шешуге болатынын білмей қалатын жағдайлар аз емес. Осындай жағдайлар үшін бұл орталықтар құрылып отыр. Әзірге олар еліміздің бес өңірінде пилоттық режимде жұмыс істейді», — деді Серік Жұманғарин.
Кәсіпкерлер үшін жаңа модель бірнеше мемлекеттік қолдау бағытын бір нүктеге біріктіреді: қаржыландыру құралын іздеуді немесе нақты мәселені шешуді «Дамудың» өңірлік филиалынан бастауға болады.
Ал техникалық іске қосу кезеңінің алғашқы нәтижесі жүйенің ауқымын көрсетіп отыр — 30 мыңға жуық өтініш және қаржыландырылған 1250 жоба.
Бұған дейін біз Қазақстанда «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша шағын бизнесті субсидиялау шарттары қалай өзгергені туралы жазған едік.


