Өскемендегі 6699 әскери бөлімінің жауынгері қатардағы Ерік Байжұманов №17 түзеу мекемесін күзетеді. Мұнара ішінде оқтау жұтқандай тік тұратын сарбаз қалт еткенді мүлт жібермейді. Құдды құзар биіктен төмен қарап жемтік іздеген қырандай сотталушылардың әрбір шалт қимылынан кілтипан іздейді. Оған қоса, түрмеге сырттан тыйым салынған зат лақтырмақ болғандардың жолын кеседі. Ұлттық ұлан сапына Семей қаласынан шақырылған қатардағы жауынгермен аз кем сөз өрбіттік.
– Қалың қалай жауынгер? Мерзімді әскери қызметіңді өткергеніне жарты жылдан асыпты. Бұл уақыттың ішінде қаруластар арасында дараланып, қарауыл қызметінің бастығының да үдесінен шығыпсың. Аса қауіпті аймақта орналасқан мұнараларға емін-еркін көтеріліп, талай мәрте қырағылық үлгілерін де таныптысың. Бұл Отан алдындағы борышыңды өткерудегі адалдық па әлде қарауыл қызметіне деген құлшынысың жоғары болғандықтан ба?
– Екеуі де деп айтсам болады ма? (жымиып өзіме сұрақ қойды) Әрине, Отан алдында қалтқысыз қызмет ету әрбір ер азаматтың парызы. Ұлттық ұлан сапындағы жауынгерлік қызмет ойдағыдай өтуде. Отан алдындағы азаматтық борышыңды өтеу бұл сенің физикалық қабілеттілігіңді арттырып, темірдей тәртіпке бағынып, босаңсымай кез келген шақта болбырлық танытудан ада қылады. Ұлттық ұлан қатарындағы мерзімді әскери қызметші ішкі тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз етуде аянбай қызмет ететіні баршаға мәлім. Мен алғашында Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде қала тыныштығын күзететін жауынгерлік жасақ қатарында борышымды өткермек болдым. Алайда, ол әскери бөлімге 6699 әскери бөлімінің офицерлері келіп, түзеу мекемесінде мұнара сақшысы болуға ұсыныс тастады. Мен еш ойланбастан осында тарттым. Әрине, алғашында қобалжу болды. Дегенмен, мен үшін темір торды торуылдап, қанқұйлы қылмыскерді назарымнан мүлт жібермей бақылау нағыз жауынгерлік қызмет ретінде саналды. Әрине, бұл менің ғана пікірім.
– №17 түзеу мекемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни жазасын өтеушілерді кірпік қақпай бақылаудан алған әсерің қандай?
– Отан алдында семсер сүйіп серт берген сарбаз үшін ең басты өз ауысымыңды мүлтіксіз өткізу. Әрине, мұнара ішінде жалғыз өзің қалғанда өзіңмен өзің диалог құратын кездер болады. Ол іштей. Бұндай диалог сен жауынгерлік қызметке толық бойыңды үйретіп, кез келген жағдайда абдырап қалмайтын тісқаққан мұнара сақшысы болғаныңды қалыптасады. Жазасын өтеушілердің әрбір әрекетін, араларында туындаған жанжалдарды бақылау арқылы өзіңше өмірлік қорытынды түйе бастайсың. Жасыратыны жоқ, түзеу мекемесіне тоғытылған сотталушылар белгіленген мөлшерден көп кіргізілген. Бұл елімізде қылмысқа барушылар санының артып кеткендігінен бе әлде қылмыстың ізін суытпай ашатын білікті тәртіп сақшыларының қызметтері нәтижелі болғандықтан ба онысын білмедім. Жалпы, жазасын өтеп жатқан адам көп. Кейбіріне күн көрудің өзі күн сайын қиындайды. Тіпті, бір бұрыш тауып, аяқ созып тынығудың өзі мұңға айналады. Жалпы, менің есіме мектеп кезіндегі әлімжеттіктерді еске түсіреді. Ауылдан бастауыш сыныпты тәмамдап, қалаға келгенімде бір байқағаным әлсіздеу, қой аузынан шөп алмас момын балалар буллингте ұшырайтын. Ол кезде буллинг деген сөзді атымен білмедік. Әйтеуір, бастауыш сыныптың өзінде тентектер текетіреске шыдамайтын осалдауларды асханада бүйірінен тоқпақтап, хот-дог алдырып алатын. Ал, ер жеткен сайын олардың асқазандары үлкейіп, одан сайын ашкөздене түсті. Қалтасында ақша жоқ болып, қипықтаған оқушыларды мектеп дәлізінен күтіп алып, жұдырықтың астына алады. Олардың қатулы қабағын көрсе көздері атыздай болып, жүректері атша тулайтын оқушылар көңілін қалдырмауға тырысатын. Қала тентектері де әлім жетеді екен деп кез келгенге жұдырық ала жүгірмейді, тұрмысы жақсыларын іріктеп алады. Өзім сияқты үрерге иті, сығарға биті жоқ, одан қалса әлі келмесе жерден тас алып, жан берісе төбелесе кететіндерге жоламайды. Алайда, араша түсіп жатсаң, шибөрілер тәрізді өзіңе жан-жақтан тап беріп, талап тастайтын-ды. Әлгі оқушылардың мектептен қалай білім алып жүргендерін қайдам, әйтеуір аман-есен барып қайтқандарына шүкір десетін. Бұл бесінші сыныпта оқитын оқушы өмірінің риясыз тұстарының бірі. Ал, сіз түзеу мекемесіне тоғытылған дардай азаматтардың арасындағы әлімжеттік қалай болады деп ойлайсыз? Күні-түні бір камерада әлімжеттік көрген сотталушы үшін бостандықтағы бір жұтым ауаның өзі ат басындай алтынмен пара пар. Дәл, мектептегі сценарий. Күші басым, сөйлесе сөзіңнен сүріндіріп, жағыңнан жаңылыстырып жіберетіндер мұнда да бар. Бірақ олар бес оқитын балалардай хот-дог сұрамайды сенен, хор қызынан бастап, түрмеге кіргізуге тыйым салатын заттардың бәрін жіпке тізіп береді. Айтқан уақытыңда әкеле алмадың ба қарызың ұлғая береді. Тығырықтан шығар жол іздеп, мазасы қашқандарға бәрібір болып кетеді. Олар тікенек сыммен шырмалған қоршауды жалаң қолмен ұстап, қашуға бекінеді. Ал, біздің мақсат жазасын өтеушіні тырп еткізбей ұстап, сыртқа шығармау сонымен қатар сырттан заңсыз түрме ішіне зат лақтырмақ болғандарға жол бермеу. Наурыз айында бір оқиға орын алды. Дәл мен қарауылдаған мұнараға маңына сотталушылар топтасып тұрды да, кенет біреуі жолаққа қарай талпынып, алғашқы қоршаудан әупірімдеп өтуге талпынды. Менің «тоқта» деген айқайыма, тіпті аспанға қарай «ескерту» оғын атқаныма да мән бермейді әлгі. Алайда, менен хабар алып үлгерген қарауыл қызметі мен түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталушыны әлгі бірінші қоршаудың жоғары жағына аяғы ілініп, қақпанға түскен сарышұнақтай секеңдеп қалған сәтінде үстіне түсті. Менің байқағаным, әлгі жазасын өтеушінің бойынан атқан оқтың дүрсіліне сес танытпады. Оған құдды бәрібір болғандай. Міне, көрдіңіз бе? Мен көрген қылмыскерлер шытырман оқиғалы кинодағы сияқты қитұрқы амалға барып, жерасты жол қазып, әлде кәріз жүйесіндегі құбырлар арқылы немесе басқандай адам санасына кіретін түрлі әккі тәсілдермен түзеу мекемесінен сытылып шықпады. Әрине, қазіргі заманауи техникамен қамтылған түзеу мекемесінде дабыл қаққыш құрылғылары мен самсаған бейнекамералар екі метр сайын қойылған. Қандай айла-тәсілге барса да әшкере болатынын аңғарған сотталушылар тапа-талтың түсте осындай мәжбүрлі қадамға барады екен.
– Сен қарауылдық қызметті қай мұнарада жиі өткізесің?
– Бұл сұраққа жауап беру қиынға соғады. Қарауыл бастығы мұнара сақшыларын әрдайым ауыстырып отырады. Өйткені, төменде жүрген қылмыскерлер бізді танып, біліп қоймауы тиіс. Түзеу мекемесінде жеті мұнара бекеті бар екен. Алтыншы мұнара маңында оқыс оқиғалар жиі тіркеледі. Түрмеге зат лақтырмақ болғандар да осы мұнара маңынан ұшырасады. Неге десеңіз, бұл мұнара жол бойында орналасқан. Көлікпен зыр етіп келіп, ісін тындырып затын лақтырғанға қайта жүйтки жөнелгенге ыңғайлы жер боп саналады. Сондықтан, асылы, ол жерде барынша қырағы болу қажет. Тыйым салынған заттардың түзеу мекемесіне қарасты аумаққа өтіп кетпеуі үшін кез келген қылмыстың ізін кесу шарт. Шеңгелді қоршау сыртында олардың сыбайластары пайда болып, темір тордан сытылып шыққысы келетін сотталушыны қарсы алып, алып қашуға келуі бек мүмкін. Олардың арамза пиғылдарын іске асырмау үшін мұздай қаруланған жауынгерлер қалт еткенді мүлт жібермейтін қырандай қырағы. Шілде айыының он үшінші жұлдызы күні түзеу мекемесінің қызметкерлерімен бірге 6699 әскери бөлімінің бақылау қызметінің взвод командирі белгілі бір аумақты патрульдеу барысында бүркемелі қоршаудың сыртқы жағынан тыйым салынған зат лақтырмақ болған Өскемен қаласынының тұрғынын ұстады. Тексеріс барысында ер азамат түрме ішіне SIM картасы бар бірнеше телефон лақтырмақ болған. Ұсталған азаматтың тыйым салынған заттары жедел түрде тәркіленіп, акт жасалып, күзет бөліміне тапсырылды.Күдіктінің айтуынша, түзеу мекемесінде азаматтың танысы болмаған. Ол қаладағы кафелердің бірінде бейтаныс адаммен танысқан. Кафедегі кезіккен адам осындай қызмет түрін ұсынып, ақысына жиырма мың теңге ұсыныпты. Сонда, ойлап қарасаңыз, екі қолға бір күрек таппай жүргендер осындай қадамға да барады екен.
– Жалпы, күзет қызметі өзіңе қашаннан таныс?
– Мен университетте оқып жүргенімде жазғы демалыста құрылыс нысанына күзетке тұрғаным бар. Үш айға жуық қызмет етіп, артынша оқу басталған соң сабақ пен жұмыстың ретін қиюластыра алмадым. Өйткені, құраспастарым даяшы немесе түнгі ауысымда аспаз болып жұмыс жасады. Менің де жұмысым ауысым бойынша бірақ тәулік бойы жіті қырағылық танытуың қажет. Құрылыс нысаны дегенім төбесі көкке қол созған көпқабатты зәулім үй. Қаңқасы қаланып, монолиті құйылған. Енді, сыртын жапсырмалап, үйірейген тесіктерге терезе орнатып, ішін жөндеуге кірісу қажет. Тоқ тарту, жылу, су, кәріз құбырларын дәнекерлеу де құрылыс алаңында қыз-қыз қайнап жатыр. Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйдің ауласы қоршалған болатын. Іштегі аумақ толық менің жауапкершілігімде. Тұрғын үй иесі құрылысқа қажетті заттарды жұмысшылардың өзімен бірге алып кетпеуін қадағалау қажеттігін баса ескертті. Осылайша, мен аталған аймақты жіті бақылап қана қоймай, құрылыс мамандарын үйіне қайтарда сөмкелерін ашып тексеретін болдым. Әрине, жұмысшыларды дәл бұлай тексергенім оларға жақпады. Өйткені, менің алдымда істеген күзетшілер тексермесе керек-ті. Әлде, тұрғын үй қожайынына қоластындағыларын тексеру керек деген ой мен жұмысқа тұрған шақта ғана қылаң берсе керек. Міне, барлық қызық осыдан басталды. Жас болған соң баласынады ма екен, кейбіреулері қырын қабақ танытып, «сөмкенің ішінде түскі аста тамақ ішкен ыдыстан басқа сайтан да жоқ» деп шорт қайырып, сөмкесін ашпастан шығып кететінді шығарды. Мен ауыр жұмыстан демігіп, шаршап-шалдығып жүрген олардың жай-күйлеріне түсінушілік танытып, қарсы келместен өткізе салатынмын. Мұндай қитұрқылықтың «жүзеге асатынын» білгеннен соң қалғандары да сөмке замогын зыр еткізіп жартылай ашып, адам көзі тінтіп үлгере алмас жылдамдықта лезде жаба қоятын әдетке басты. Бұл мен үшін шектен шыққандық ретінде саналды. Көргенімді бірден бастыққа айтып, шағымдансам, «сен күзетте айға бата тілеп отырсың ба» деп өзіме жекіп, тастайтындығын шәркестеу мінезінен бірден түсіндім. Осылайша бастыққа айтпауды жөн санадым. Алайда, тексеріс барысында қырағылық танытып, жұмысшылар сөмкелеріне жасырған түрлі құрал – жабдықтарды тауып алдым. Құрылыс заттарын сыртқа шығаруға әудем жер қалғанда ұсталып қалған біреуі сөмкеме байқамай салыппын, дереу апарып тастайын деп әшкере болғандығын көрсеткісі келмей, алған заттарын орнына апарып қоятұғын. Күндердің күні бастық өзіне шақырды. Мен ол кісінің қойған тапсырмаларын бұлжытпай орындап жүрген соң, көңілінен шыққандықтан шақырып жатыр деп ойладым. Дегенмен, бәрі мен ойлағандай болмады. Шәркестеу мінезі бетіне көрініп, кабинетіне кірген мені зіркілдеген дауысымен күтіп алды. Бағасы миллионнан асып жығылатын құрылыс жабдығы қолды болған екен. Тұрғын үйдің іргетасы қаланған уақыттан бастап осында жүрген әккі күзетшілер біз ондайға жол бермедік деп ақталып, бастықтың қаһарлы жүзінен оңай сытылып шығып кетіпті. Жұмысқа жаңадан келген студент осылайша жемтікке айналды. Буырқанған бурадай ашуланған ол мені әбден қыспаққа алды. Тіпті, қызметтегі салғырттығың үшін жалақыңнан ұстаймын деп, келіспесең сотқа жүгінемін деп дауыс көтерді. Университетте ақылы түрде білім алып, ата-анама салмақ түсірмей жаз уақытында нәпақа табайын деген мен үшін бұл оқиға төбемнен жай түскендей болды. Одан кейін, мен де жасырмай, кімді ұстағанымды барлығын жайып бердім. Бастық дереу әлгі іші қуыстанып, құрал жабдықты сыртқа шығармақ болған жұмысшыны өзіне шақырды. Сырт көзге байсалды, ауызынан сөз суырып ала алмас адамдай көрінген қызметші бастықтың кабинетінде құрдай жорғалап, кемеріне сыймай дамбаны жарып өткен толаасыз судай арқырап көсіліп кетпесі бар ма? Әйелінің жұмыс істемей уақытша үйде отырғанын және бала-шағасының көптігін алға тартқан ол тізерлеп тұрып бастықтан кешірім сұрады. Шамасы, ол бағасы қымбат жабдықты ұрлап алғандығын бастық біліп қойды деп ойласа керек-ті. Мен оқиға осылай күрделеніп, осылай өзгереді деп мүлде ойламадым. Әлгі жұмысшы бастық жоғалтқан затты қашан және қай күзетшінің ауысымында сыртқа шығарғандығын айна-қатесіз мүдірмей жайып салды. Және, одан басқа ұсақ-түйектерді менің ауысымым болмаған шақта қолды еткендерін де жасырмады. Бұндай тың ақпаратқа қанық болған бастыққа күзетшілердің неліктен жауырды жаба тоқитындығы қызықты болды. Сөйтсек, сыртқа шығарған заттарды жұмысшылар лезде сатып, олжаның белгілі мөлшерін күзеттегілерге де беріп, бөлісіп отырады екен. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін, бастық бейнебақылау камераларын жіті қағалады. Бейнебақылау жүйесінде өзге ауысым күзетшілерінің сөмкелер көз жүгіртіп, тексерген ишарат танытқандығын байқалады. Ал, менің бір адамды он минут шамасында мұқият қадағалап, ерінбей тексеріс жүргізетінім көзге ұрған танадай анық көрініп тұр. Әліптің артын бақпай айғайға салып, мені жазаламақ болған бастықтың маған деген көзқарасы бірден өзгерді. Менің шыңырау төменге құлдыраған абыройым әлі жұмысшының сөзінен кейін бірден аспандап кетті. Ұйымдасқан жымысқы әрекеттері әшкере болған күзетшілер ертесінде жұмыстан қуылып жатты. Ал, құрылыс заты қайта орынына қайтарылды. Ол уақытқа дейін жаңа оқу маусымы да басталып кетті. Сондықтан олардың артынан мен де жұмыстан шығып кеттім.
– Бастығың сенің адалдығыңа тәнті болған соң сені жұмыстан жібергісі келмеген болар?
– Иә, қимай қоштасты. Жалақыңды жоғарылатымын, күзет қызметінің бастығы боласың деп ұсыныстарын білдірді. Оған, егер күзетшілерге жауап беретін болсам, мойыныма артылған жауапкершілік одан сайын арта түсер еді. Басында тек түнде ғана, сабақтан кейін ғана келіп тұрсам деп қолқа салып едім, оған тәуліктік қызмет болған соң жұмысқа барған күні сабаққа мүлде бара алмайтын болдым. Одан қалса, оқу да ойым жұмыста болып, сабақ жүргізушінің берген дәрісіне мән беруден қалдым. Бірақ менің тәжірибем болғаннан кейін Ұлттық ұлан сапына келгенде бізді іріктей бастағанда бұл салада тәжирибем барын айтып, қарауыл қызметіне өз еркімммен сұрандым. Жоғары атап өткендей, мен Семей қаласында істеген жұмысымда жалған жала арқалап кетуге сәл қалдым. Яғни, жанымды жүрген қызметкерлерлің арам пиғылдарының құрбаны болдым. Ал, Ұлттық ұлан сапында сен өз қаруластарыңа жүз пайыз сенімдісің. Сержанттар мен офицерлерде бағамды нұсқауларын айтып, ара-тұра жауынгерлік қызметтегі жеке тәжірибелерімен бөлісіп отырудан еш жалыққан емес. Ауысым сайын бауырмал қаруластармен кеңес алмасып, көрген-білгенімізден хабардар етеміз.Барлығымыз осы уақытқа дейін бір үйдің баласындай бауырмал болып кеттік. Бірлігі мығым әскерилермен Отан алдындағы борышыңды бірге атқару өзіңе деген сенімділігіңді арттырып, жауынгерлік рухыңды одан әрімен тасыта түседі.
– Мардымды сұхбатыңа рахмет, Ерік. Мерзімді әскери қызметіңді абыроймен өткергейсің.
Лейтенант Рүстем МҰХАМЕТ-РАҚЫМ