Қазақстан үш саты жоғарылады.
Ұлттық құрама Жапониядағы XX жазғы Азия ойындарындағы жарыстарын 84 медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға көтерілді. Бірнеше спорт түрінде ел тарихында бұрын болмаған нәтижелер тіркелді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан спортшылары 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алды. Азиадаға 46 елдің өкілдері қатысты. Ойындардың ресми жабылу салтанаты 4 қазанда өтеді, ал жарыстар Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйекте басталған.
Қазақстан 11-орыннан сегізінші сатыға көтерілді
Алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда ең айқын өзгеріс жалпыкомандалық есептен көрінді.
2023 жылы өткен Ханчжоу Азиадасында Қазақстан 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медальмен 11-орын алған еді. Жапонияда ұлттық құрама сегізінші орынға көтеріліп, алтын медаль санын 12-ге жеткізді.
Осылайша Қазақстан алдыңғы Азиадамен салыстырғанда бірден үш саты жоғарылады.
Жапониядағы жарыс басталғанға дейін бұл дода ұлттық құрамаларды даярлаудың жаңартылған жүйесі үшін маңызды сынақ ретінде қарастырылды. Қазақстан Азиадаға 35 спорт түрінен сынға түскен 550-ден астам спортшыдан құралған команда апарды.
Дегенмен Жапониядағы нәтиженің салмағы тек медаль саны мен командалық есептегі орынмен шектелмейді. Қазақстан спортшылары бірнеше тарихи белесті бағындырды.
Боксшылар 12 жылдан кейін Азия ойындарының алтынын қайтарды
Қазақстан боксы үшін Жапониядағы нәтиже ерекше болды.
Бұған дейін қазақстандық боксшылар Азия ойындарының алтынын соңғы рет 2014 жылы жеңіп алған. 2018 және 2023 жылдардағы Азиадада ұлттық құрама чемпионсыз қалған еді.
Жапонияда бұл үзілісті Төрехан Сабырхан тоқтатты. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Қазақстанға Азия ойындарының алтынын 12 жылдан кейін қайтарды.
Екінші алтынды 90 келіден жоғары салмақта ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай жеңіп алды.
Екі чемпиондық атақ Қазақстан құрамасының Жапониядағы ең маңызды нәтижелерінің біріне айналды.
Шпажшылар тарихи маусымды Азиада алтынымен түйіндеді
Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы да тарихи нәтиже көрсетті.
Шпага бойынша командалық финалда қазақстандықтар Оңтүстік Кореяны 43:42 есебімен жеңді. Қарсылас команда сапында Рио-2016 Олимпиадасының жекелей сындағы чемпионы Пак Сан Ён өнер көрсетті.
Бұл жеңіс қазақстандық шпажшылардың айрықша маусымын толықтырды. Команда Азия чемпионатында топ жарды, алғаш рет әлем чемпионы атанды, кейін Азия ойындарында да жеңіске жетті.
Ал Азиаданың өзінде Қазақстан ерлер құрамасы осы бағдарламадағы алтынды 24 жылдан кейін қайта иеленді.
Ескек есу мен таеквондо Қазақстанға тұңғыш алтын әкелді
Екі спорт түрінде Қазақстан Азия ойындарының тарихындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды.
Академиялық ескек есуде Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы рульсіз қос ескекті қайық жарысында чемпион атанды. Бұл жеңіс Қазақстанның академиялық ескек есуден Азия ойындарында алған тұңғыш алтыны болды.
Таеквондода Тамирлан Тлеулес жаңа тарих жазды.
58 келіге дейінгі салмақта жеңіске жеткен қазақстандық спортшы ел тарихында Азия ойындарының алтынын иеленген алғашқы таеквондошы атанды.
Оған дейін Қазақстанның үш таеквондошысы Азиада финалына жеткенімен, күміс жүлдемен шектелген еді.
Луценко Қазақстанның Азиададағы рекордын жаңартты
Алексей Луценко тағы бір ұлттық рекорд орнатты.
Жапониядағы жеңістерден кейін оның жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдарының саны алтыға жетті. Осылайша велошабандоз Азиададағы жеңіс саны бойынша Қазақстанның ең титулды спортшысына айналды.
Рината Сұлтанова да тарихи нәтиже көрсетті. Ол жекелей жарыста жеңіске жетіп, Қазақстанның әйелдер велоспорты тарихында Азия ойындарының алтынын алған алғашқы спортшы атанды.
Кейін Сұлтанова омниумда күміс жүлде де иеленді.
Каратэ екі алтын әкелсе, ММА-дағы дебют те сәтті өтті
Каратэден Қазақстан қоржынына екі алтын медаль түсті.
Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева Азия ойындарының чемпионы атанды. Берульцева үшін бұл — Азиададағы екінші алтын.
Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген аралас жекпе-жекте де Қазақстан бірден жүлдеге таласты.
Еркінғали Бүркітәлин мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола медаль жеңіп алды.
Дзюдодағы бес финалда да Қазақстан Жапониямен кездесті
Қазақстан дзюдо құрамасы да бұрын болмаған көрсеткішке қол жеткізді.
Жекелей сында ұлттық құраманың төрт спортшысы алғаш рет бір Азиадада финалға шықты. Елдос Сметов, Абиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс жүлдегер атанды.
Төрт финалдың бәрінде қазақстандықтарға Жапония өкілдері қарсы тұрды.
Қазақстан аралас командалық жарыста да күміс алды. Финалда тағы да Жапониямен кездесіп, 0:4 есебімен жол берді.
Осылайша қазақстандық дзюдошылардың осы Азиададағы бес финалының барлығы жарыс қожайындарына қарсы өтті.
Гимнастика 32 жылдан кейін Азиада тұғырына оралды
Милад Карими еркін жаттығуда күміс медаль жеңіп алды.
Қазақстан осы бағдарламада Азия ойындарының жүлдесіне 32 жылдан кейін қайта қол жеткізді.
Күресте де алдыңғы Азиадамен салыстырғанда ілгерілеу бар.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы үш қола медаль иеленді. 2023 жылғы Азия ойындарында команда бұл спорт түрінен жүлдесіз қалған болатын.
Әйелдер құрамасының қоржынында бір күміс пен екі қола бар. Ал Ханчжоудағы Азиадада қазақстандық балуандар бір күміспен шектелген еді.
84 медальдан кейін федерациялардың жұмысы сараланады
Енді Азиада нәтижесі спорт федерацияларының жұмысын бағалауға негіз болады.
Ойындар алдында федерациялар ұлттық құрамалардың нәтижесіне қатысты міндеттемелер қабылдаған. Туризм және спорт министрлігі олардың орындалуын саралап, көрсеткіштерді алдыңғы халықаралық жарыстармен салыстыруды және нәтижеге әсер еткен факторларды бағалауды жоспарлап отыр.
Жекелеген спорт түрлерінде өзгеріс ауқымды болуы мүмкін. Егер қазіргі дайындық жүйесі күтілген нәтиже бермесе, министрлік кейбір федерациялардағы тәсілдерді толық қайта құруға дейінгі шешімдерді қарастырады.
Сонымен қатар халықаралық аренадағы жұмысқа жауапты ұйымдардың қызметін күшейту мәселесі де қаралмақ.
Қазақстан Азиаданың спорттық бөлігін 84 медальмен аяқтап отыр. Бұл — 2006 жылы Дохада тіркелген елдің жазғы Азия ойындарындағы 85 медальдық тарихи максимумынан небәрі бір жүлдеге аз. Алайда алтын медаль саны бойынша бұрынғы үздік көрсеткіштермен айырмашылық әлі де елеулі: мысалы, Инчхон-2014 Азиадасында Қазақстан 28 алтын жеңіп алған.