ЖИ пациенттердің күнделікті құралына айналды. Қазақстандықтардың 71%-ы денсаулыққа қатысты сұрақтарда жасанды интеллектіні қолданады. Алайда ел тұрғындарының шамамен оннан жетеуі медициналық ақпараттың қайсысы сенімді, қайсысы күмәнді екенін ажырату қиын екенін мойындаған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл деректер STADA Health Report 2026 халықаралық зерттеуінде келтірілген. Human8 компаниясы зерттеуді 2026 жылғы ақпан-наурыз айларында жүргізген. Оған 20 елден, соның ішінде Қазақстаннан 19 514 адам қатысқан. STADA денсаулыққа деген көзқарасты он үшінші жыл қатарынан зерттеп келеді. (reportstada.net)
Қазақстан ЖИ-мен медициналық кеңесуге дайындық бойынша бірінші орынға шықты
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 71%-ы денсаулық мәселесінде жасанды интеллектіні пайдаланады. Зерттеуге қатысқан елдер бойынша орташа көрсеткіш — 55%.
Медициналық консультацияға қатысты айырмашылық одан да айқын. Қазақстан тұрғындарының 74%-ы кемінде кейбір жағдайда ЖИ-мен медициналық кеңес алу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Бұл — зерттеуге қатысқан 20 ел арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Бірақ бұл қазақстандықтар дәрігердің шешімін жаппай алгоритмге тапсыруға дайын дегенді білдірмейді.
Қосымша шартсыз ЖИ-ден медициналық кеңес алуға небәрі 11% келісер еді. Респонденттердің 26%-ы жасанды интеллект берген ұсынымды дәрігер міндетті түрде тексергенін қалайды. Тағы 25%-ы ЖИ-ді екінші пікір алудың құралы ретінде қарастырады.
Емдеуге келгенде де ұқсас көзқарас байқалады. Қазақстандықтардың 51%-ы ЖИ дәрігерге науқастың жеке емдеу жоспарын түзетуге және бейімдеуге көмектескенін қалар еді. Ал емдеу жоспарын толығымен жасанды интеллектіге сеніп тапсыруға 7% ғана дайын.
Яғни технологияға қызығушылық жоғары болғанымен, медициналық шешім үшін жауапкершілікті қазақстандықтар әлі де дәрігермен байланыстырады.
55 жастан асқан қазақстандықтардың 61%-ы да ЖИ қолданады
Жасанды интеллекті қолданатындар мен қолданбайтындарды жас ерекшелігі бұрынғыдай қатты бөліп тұрған жоқ.
35 жасқа дейінгі қазақстандықтардың 79%-ы денсаулыққа қатысты сұрақтармен ЖИ-ге жүгінеді. 35–54 жас аралығындағы топта бұл көрсеткіш — 71%.
Ал зерттеудегі ең назар аударарлық нәтижелердің бірі 55 жастан асқан адамдарға қатысты: бұл топтағы қазақстандықтардың 61%-ы жасанды интеллектіні пайдаланады.
Олар ЖИ-ді тек жалпы ақпарат іздеу үшін қолданбайды. Респонденттердің 32%-ы қойылған диагнозды жақсырақ түсіну үшін алгоритмнен көмек сұрайды. 31%-ы профилактика, тамақтану, өмір салты және дене белсенділігі бойынша кеңес іздейді.
Тағы 24%-ы дәрігер қабылдауынан кейін екінші пікір алу үшін ЖИ қолданады. Әр бесінші адам консультацияға дейін симптомдарын немесе ықтимал жағдайын түсініп алу үшін жасанды интеллектіге жүгінеді.
Жасанды интеллектінің медицинада қолданылуы денсаулық сақтау жүйесінің өзінде де кеңейіп келеді. Бұған дейін Қазақстанда саланы одан әрі цифрландыру аясында дәрігерлерге AI-ассистент беру жоспарланғаны хабарланған. (dknews.kz)
Қазақстандықтардың 69%-ы сенімді ақпаратты ажыратуда қиналады
ЖИ-дің тез таралуы басқа бір мәселені де айқын көрсеткен.
Қазақстан тұрғындарының 69%-ы денсаулық туралы ақпарат тым көп екенін және сенімді деректі жалған немесе күмәнді мәліметтен ажырату қиын екенін айтқан.
Пациент үшін мұның айырмашылығы үлкен. Дәрігерге барар алдында қандай сұрақ қою керегін анықтау үшін ЖИ пайдалану бір бөлек. Ал медициналық білімі жоқ адамның симптом, диагноз немесе емдеу тәсілін алгоритм көмегімен өз бетімен түсіндіруі — мүлде басқа тәуекел.
STADA Қазақстан компаниясының бас директоры Наталья Гарипова технология дәрігерді ығыстырмайды, бірақ пациенттің дәрігерге дейінгі жолын өзгертіп жатқанын айтады.
«Өзім де мамандығым бойынша дәрігермін және адамдардың өз денсаулығына деген көзқарасы қаншалықты тез өзгеріп жатқанын көріп жүрмін. Бұрын денсаулыққа қатысты сұрақтарға жауапты интернеттен іздесек, қазір оларды жасанды интеллектіге жиі қоямыз. Бұл енді болашақтың еншісіндегі нәрсе емес: қазақстандықтардың 71%-ы денсаулық мәселесінде ЖИ қолданады, ал жасанды интеллектімен медициналық консультация алуға дайындық бойынша Қазақстан зерттеуге қатысқан 20 елдің ішінде бірінші орынға шықты. Бірақ мен мұны ЖИ мен дәрігердің арасындағы таңдау деп қабылдамаймын. Технология ақпаратты жылдам табуға, диагнозды жақсырақ түсінуге, дәрігер қабылдауына дайындалуға немесе қосымша пікір алуға көмектесе алады. Ал дәрігерге біз кәсіби тәжірибесі, қабылданған шешім үшін жауапкершілігі және адаммен тікелей қарым-қатынасы үшін сенеміз. Сондықтан меніңше, денсаулық сақтаудың болашағы адам мен технологияның бәсекесінде емес, олардың үйлесуінде», — дейді STADA Қазақстан бас директоры Наталья Гарипова.
Қазақстандықтардың 94%-ы өз бетінше емделуге жол береді
Технологияны өздігінен пайдалану пациенттердің денсаулыққа қатысты дербес шешім қабылдауының бір бөлігі ғана.
Қазақстан тұрғындарының 94%-ы белгілі бір жағдайда өз бетінше емделуге болатынын айтады. Ең жиі дәрігерге бармай емдейтін жағдай — суық тию және тұмау белгілері. Мұндай жағдайда респонденттердің 78%-ы өз бетінше ем қабылдайды.
Жеңіл ауырсыну кезінде бұл көрсеткіш 67%, асқазан-ішек жолдарының жеңіл бұзылыстарында 48%.
Негізгі себеп — бұрынғы тәжірибе. Респонденттердің 54%-ы жеңіл сырқат кезінде қандай дәрі немесе әдіс көмектесетінін бұрыннан білеміз деп санайды.
Алайда бірқатар себеп медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей байланысты. 41% дәрігер қабылдауын ұзақ күтпеу үшін өздігінен емделеді. Ал 28%-ының дәрігерге тұрақты түрде ақылы баруға мүмкіндігі жоқ.
Мұндай тәсіл кей адамдар үшін кері әсерін де тигізген: қазақстандықтардың 15%-ы өзін-өзі емдеудің жағымсыз салдарына тап болған.
Нәтижесінде қызық жағдай қалыптасып отыр: халық ЖИ-ді белсенді пайдаланады, бұрынғы емдеу тәжірибесіне сүйенеді, бірақ медициналық ақпараттың сенімділігін тексеруде қиындық көреді.
Дәрігерге қол жеткізу көпшілік үшін әлі де мәселе
Қазақстандықтардың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану деңгейі өсіп келеді.
2026 жылы жүйеге ел тұрғындарының 43%-ы көңілі толатынын айтқан. Бір жыл бұрын көрсеткіш 36%, ал 2024 жылы 28% болған.
Соған қарамастан, ең өзекті мәселелер сақталып отыр. Респонденттердің 59%-ы медицина мамандарының жетіспеуі мен медициналық көмекті ұзақ күтуді негізгі проблемалардың қатарына қосқан. Тағы 54%-ы бағасы қолжетімді медициналық көмек алу мүмкіндігі шектеулі екенін көрсеткен.
Егер қазақстандықтар денсаулық сақтау саласын өзгерту басымдықтарын өздері белгілесе, 64%-ы ең алдымен алғашқы медициналық көмекке — дәрігерлер мен емханаларға қолжетімділікті арттырар еді.
Тағы 45%-ы ауылдар мен шалғай өңірлердегі медицинаның қолжетімділігін жақсартуды, ал 43%-ы кезекті қысқартып, дәрігерлер санын көбейтуді қолдайды.
Дәрігерге жылдам жету қиындығы ЖИ-дің неге сонша сұранысқа ие болғанын ішінара түсіндіреді. Алгоритм жауапты бірден береді, ал маманның қабылдауына жазылу уақытты қажет етуі мүмкін.
Соған қарамастан, көпшілік медицинада дәстүрлі форматты таңдайды: 74% дәрігермен бетпе-бет консультацияны, ал 84% профилактикалық тексеруден офлайн өтуді жөн көреді.
Қазақстандықтардың жартысынан көбі профилактикалық тексеруден өтпейді
Жасанды интеллектіге қызығушылық жоғары болғанымен, профилактикаға қатысты көрсеткіш мүлде басқа көрініс береді.
Қазақстан тұрғындарының 56%-ы қолжетімді профилактикалық тексерулердің ешқайсысынан өтпейді. Респонденттердің 35%-ы тек кейбір тексерулерден өтсе, барлық қолжетімді тексеруді толық жасататындардың үлесі небәрі 9%.
Зерттеуге қатысқан елдердің орташа көрсеткіші бұдан айтарлықтай өзгеше. Профилактикалық тексеруден мүлде өтпейтіндер орта есеппен 33%, ал барлық қолжетімді тексеруден өтетіндер — 18%.
Сонымен бірге қазақстандықтардың өздері профилактиканың құндылығын мойындайды. Егер ай сайын денсаулыққа ғана жұмсауға болатын қосымша 100 еуро — шамамен 60 мың теңге берілсе, респонденттердің 33%-ы бұл ақшаны ең алдымен профилактика мен медициналық тексеруге жұмсар еді.
Бір жағынан, он адамның жетеуі денсаулық жайлы сұрақты алгоритмге қоюға дайын. Екінші жағынан, ел тұрғындарының жартысынан көбі профилактикалық тексерулерді мүлде пайдаланбайды.
Зерттеудің толық нұсқасы мен алдыңғы жылдардағы есептер STADA Health Report ресми сайтында жарияланған.
Бұған дейін біз Қазақстан медицинасының бірыңғай цифрлық жүйеге өтуі және ЖИ-ассистенттің енгізілуі туралы жазған едік. Жоспар бойынша 1,9 мыңнан астам медициналық ұйым бір мемлекеттік жүйеге біріктіріліп, дәрігерлерге AI-ассистент берілуі тиіс.