Қазақстан 12 спорт түрінен қатысады. Жапонияда өтетін V Азия Пара ойындарында ұлттық құраманың 150 спортшысы сынға түседі, ал алғашқы жарыстар ресми ашылу салтанатына дейін басталады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан құрамасы туралы ресми мәліметке сәйкес, команда биыл арбадағы теннистен және жекелеген спорттық кластарда алғаш рет өнер көрсетеді. Ойындар Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 18–24 қазан аралығында өтеді.

Қазақстан арбадағы теннистен алғаш рет қатысады
Биыл ұлттық құрама Азия Пара ойындарында үш бағыт бойынша дебют жасайды:
- арбадағы теннис;
- пара жеңіл атлетикадағы T20 класы;
- пара үстел теннисіндегі 11-класс.
T20 және 11-класс зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшыларға арналған.

Арбадағы теннисте ел намысын үш спортшы қорғайды. Жаңа бағыттарға қатысу Қазақстанның құрлықтық додадағы өкілдігін кеңейтеді.
Алғашқы жарыстар 16 қазанда басталады
Спортшылар Жапонияға екі топпен аттанады. Алғашқы топ 13 қазанда, команданың басым бөлігі 15 қазанда жолға шығады.

«Азия Пара ойындарына қатысатын спортшылардың алғашқы легі 13-і, ал команданың басым бөлігі 15-ші қазан күні жарысқа аттанады. Спортшыларымыз үшін Азия Пара ойындарының жарыстары 16-шы қазан күні пара үстел теннисінен, ал 17-сі бочча спорт түрлерінен басталады», — деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы спорт басқармасының басшысы Қайратбек Сейтбеков.
Демек, қазақстандықтардың алғашқы өнер көрсетуін ашылу салтанатынан екі күн бұрын тамашалауға болады.
Ресми ашылу рәсімі 18 қазанда, жабылу салтанаты 24 қазанда Нагоядағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында өтеді.

Ең көп спортшы пара дзюдода өнер көрсетеді
Қазақстан құрамасындағы ең үлкен топ — пара дзюдо өкілдері. Бұл спорт түрінен 26 спортшы қатысады. Пара жүзуде 21 қазақстандық сынға түседі.
Команданың спорт түрлері бойынша құрамы:
| Спорт түрі | Спортшы саны |
|---|---|
| Отырып ойнайтын волейбол | 12 |
| Пара таеквондо | 8 |
| Пара дзюдо | 26 |
| Пара үстел теннисі | 12 |
| Пара оқ ату | 12 |
| Пара жеңіл атлетика | 14 |
| Пара садақ ату | 9 |
| Пара жүзу | 21 |
| Арбадағы теннис | 3 |
| Пара пауэрлифтинг | 15 |
| Бочча | 5 |
| Пара велоспорт | 13 |
| Барлығы | 150 |
45 елдің спортшылары 502 медаль жиынтығын сарапқа салады
Ойындарға Азияның 45 елінен шамамен 4000 спортшы қатысады деп күтілуде. Олар 18 спорт түрінен 502 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Төрт жылда бір рет өтетін дода тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшыларды біріктіреді.
Осы жарыстардың алдындағы Ханчжоу ойындарында Қазақстан 41 медаль жеңіп алған еді. Құраманың жеңістері мен рекордтарына бұрын 2023 жылғы Азия Пара ойындарының қорытындысы туралы материалда тоқталғанбыз, онда қазақстандық жүлдегерлердің нәтижелерін баяндаған едік.

