Балқашта 70 адамның өмірі сақталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жаңа ангиографиялық орталықта уақтылы жасалған операциялар осындай нәтиже берген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Балқашқа жұмыс сапары барысында орталықтың қызметімен, қаланың жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарымен және туристік жобалармен танысты. Сапарда медициналық көмектің қолжетімділігіне, жылумен үздіксіз қамтуға және қаланың инфрақұрылымын дамытуға назар аударылды.

Жаңа орталық 150 мың тұрғынға қызмет көрсетеді
Көпсалалы аурухана жанындағы ангиографиялық орталық 2026 жылғы мамырда іске қосылды. Мұнда қан тамырларының жедел аурулары кезінде тәулік бойы медициналық көмек көрсетіледі.
Жобаға мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан 1 млрд теңге бөлінді. Республикалық бюджет қаражатына ангиографиялық қондырғы, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар сатып алынды.
Орталық Балқаш пен Приозерск қалаларының, Шет және Ақтоғай аудандарының шамамен 150 мың тұрғынына жоғары технологиялық мамандандырылған және рентгенэндоваскулярлық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа медициналық кешеннің маңызы — шұғыл жағдайларда «алтын сағат» қағидатын сақтауға жағдай жасауында. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсультке шалдыққан науқастарға көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаевтың айтуынша, шілдеден бері орталықта 148 ангиографиялық зерттеу мен эндоваскулярлық араласу жүргізілген. Оның ішінде стенттеу және баллондық ангиопластика бойынша 70 операция бар.
Басқарма мәліметінше, операциялардың уақтылы жасалуы 70 адамның өмірін сақтап қалуға көмектескен.
Бектенов өңір әкімдігіне кешеннің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударуды тапсырды.
Бектенов әлеуметтік реформаның мақсатын түсіндірді
Медицина қызметкерлерімен кездесуде Премьер-министр әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарлары туралы айтты. Оның сөзінше, Ауқымды құрылыс бағдарламасы азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нысандарға бағытталады.
«Президент Ауқымды құрылыс бағдарламасының іске қосылғанын жариялады. Бұл ретте, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу көзделіп отыр. Қаражат дәл осындай медициналық нысандарға, білім беру орталықтарына, инженерлік желілерге және сумен жабдықтау нысандарына, яғни азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге бағытталады. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан және өздеріңіз де естіп жүрген әлеуметтік реформа тұрғындар үшін аса қажет медициналық нысандарға бірінші кезекте қаражат бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мұқтаж санаттар үшін мемлекеттік қолдау толық сақталады. Реформа тек табыс деңгейі «жоғары» және «орташадан жоғары» санатына жататын тұлғаларға ғана қатысты болады. Барлық төлемдер шын мәнінде мұқтаж азаматтар мен отбасыларға берілуге тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Балқаш ЖЭО-да 3,2 млрд теңгенің жөндеу жұмысы аяқталды
Премьер-министр Балқаш жылу электр орталығының жұмысымен де танысты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде станса 2025 жылдың қорытындысы бойынша апатты «қызыл аймақтан» шығарылған.
Биыл негізгі жабдықтарды жөндеуге жоспарланған жұмыстар толық аяқталды. Олардың жалпы құны — 3,2 млрд теңге.
Сонымен қатар стансаның қуатын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Құны 30,3 млрд теңге болатын №5 қазандық агрегатының негізгі жабдықтары орнатылған. Қазір қазандық цехының ғимараты мен отын беру тракты салынып, заманауи газ тазарту жабдығы жобалануда.

Жоба аяқталғаннан кейін стансаның бу өндіру қуаты сағатына 270 тоннаға артуға тиіс.
Келесі кезеңде құны 28,7 млрд теңге болатын №5 турбоагрегатты орнату көзделген. Ол іске қосылғанда:
- стансаның белгіленген электр қуаты 65 МВт-қа артады;
- жылу қуаты сағатына 55 Гкал-ға ұлғаяды.
Жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жылу беру маусымында 17 ақау тіркелген
ЖЭО-ны жаңғыртумен қатар оның күнделікті жұмысын бақылау мәселесі көтерілді. 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде стансада II дәрежелі 17 ақау тіркелген.
Бектенов тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету әкімдіктің басым міндеті екенін атап өтті. Өңірлік штабқа стансаның жұмысын тұрақты бақылап, қалада жылу берудің үзілуіне жол бермеу тапсырылды.
Балқашта алты жаңа демалыс аймағы ашылды
Balkhash индустриялық аймағында Премьер-министрге туристік жобалар мен қонақ үй инфрақұрылымын дамыту жоспарлары таныстырылды.
Биыл жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңге болатын алты жаңа демалыс аймағы ашылған. Төрт жұлдызды қонақ үйлер салу бойынша екі жобаны іске асыру басталды.
Инженерлік желілер мен жағалау инфрақұрылымы да дамып келеді. Бұл жұмыстар Балқаш көлі жағасында жыл бойы қызмет көрсететін туристік кластер қалыптастыруға жағдай жасауы тиіс.
Қайтарылған активтердің өңірлердегі ауруханаларға, әуежайларға және басқа да нысандарға қалай жұмсалып жатқанын әлеуметтік инфрақұрылымды қаржыландыру туралы материалымызда бұған дейін талдап, Балқаштағы жобаларға да тоқталған едік.