Каспий мәселесін Тоқаев жаһандық су қауіпсіздігімен байланыстырды.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бағытындағы жұмысын жалғастырмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жұмысын жалғастырады. Өйткені ортақ міндетіміз – су ресурстарын жаһандық деңгейде басқарудың тиімділігін арттырып, сонымен бірге Каспийдің экологиялық жағдайына басымдық беру. Су қауіпсіздігі халықаралық күн тәртібінде азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздік мәселелерімен қатар лайықты орын алуы керек», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл бастамасы су ресурстарын басқару мәселесін халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарының біріне айналдыруға бағытталған.
Қазақстан үшін мұның маңызы ерекше. Су ресурстарын тиімді пайдалану экологиялық тұрақтылықпен қатар ауыл шаруашылығы, энергетика және өңірлердің экономикалық дамуына да байланысты.
Каспийді бір елдің күшімен сақтап қалу мүмкін емес
Мемлекет басшысы Каспийді мемлекеттік шекаралармен бөлуге болмайтын біртұтас экожүйе ретінде сипаттады.
Теңіздің экологиялық жағдайы бір мемлекеттің аумағымен шектелмейді. Сондықтан жағалаудағы елдердің шешімдері мен іс-қимылдары өзара үйлесуі қажет.
Тоқаев халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының қолдауынсыз ортақ нәтижеге жету қиын екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, бірлескен жұмысқа қажетті негіз қазірдің өзінде бар. Оның ішінде саяси диалог, халықаралық-құқықтық база, салалық институттар және ғылыми әлеует бар.
Ендігі мәселе — осы мүмкіндіктерді нақты экологиялық жобаларға айналдыру.
Бұған дейін Қазақстанның Каспийді сақтауға қатысты басқа да бастамалары жарияланған. Атап айтқанда, Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесі мен Каспийді қорғау жоспары туралы жазған болатынбыз.
Каспийдің болашағы халықаралық келісімдердің орындалуына байланысты
Тоқаев Каспийді сақтау жұмысына ғылыми әлеуетті, халықаралық қаржыландыруды және мемлекетаралық ынтымақтастықты жұмылдыру қажеттігін алға тартты.
Ұсынылған бастамалардың нәтижесі елдердің ортақ жобаларды қаншалықты үйлесімді іске асыратынына байланысты болмақ.
«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында халықтарымыздың өмірі, әл-ауқаты мен ортақ болашағының қайнар көзі саналатын Каспий теңізін сақтап қаламыз деп үміттенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әзірге бірлескен жобалардың нақты қаржыландыру көлемі мен іске асыру мерзімдері жарияланған жоқ. Ал Тегеран конвенциясының тұрақты хатшылығын құруды аяқтау Каспийді қорғау жөніндегі халықаралық келісімдердің орындалуын жүйелі бақылауға мүмкіндік беруі тиіс.