Түркістан облысында жаңа кітаптардың тұсауы кесілді

609
Фотосурет: Gov

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Түркістан облысының Түлкібас ауданында төрт кітаптың таныстырылымы өтіп, оқырман қауымға жол тартты. Бұл туралы белгілі журналист, коммуникация және медиа маманы Жандар Асан Facebook парақшасында жазды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында төрт жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты. Алдымен жиынға қатысушыларға Мемлекет басшысының әр жылдары сөйлеген сөздері, мақалалары мен ой-тұжырымдары жинақталған, жуырда жарық көрген «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы таныстырылды. Бұл бірегей еңбектің басты маңызы – мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық бағдарын айқындап, әрбір отандасымызды «Әділетті Қазақстанды» құру ісіне жұмылдыру», – деп жазған Жандар Асан.

Жиын барысында тұсауы кесілген еңбектер қатарында «Абай даналығы» танымдық энциклопедиясы, «Момышұлы әлемі» зерттеу еңбегі, «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» жастар шығармаларының жинағы және «Түркібасының спорттағы мақтаныштары» атты кітап бар.

«Абай даналығы» кітабы ұлы хакімнің даналығын дәріптеуге арналған. Мұнда ақынның «Қара сөздеріндегі» өзекті ойлар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде берілген. Бұдан бөлек, 200-ден астам белгілі қылқалам шеберінің туындылары да оқырман назарына ұсынылып отыр.

Ал Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесін арқау еткен «Момышұлы әлемі» еңбегінде батыр өмірінің бұған дейін беймәлім тұстары тұңғыш рет жарық көріп отыр. Кітаптың авторы – жазушы, журналист Бекет Момынқұл.

«Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» жастар шығармалары жинағына республикалық жастар шығармашылық байқауының үздік туындылары топтастырылған. Кітапқа енген поэзия, проза және бейнелеу өнері жанрларындағы туындыларда Түркібасы өңірінің тұмса табиғаты мен терең тарихы, Майлыкент аймағының туристік әлеуеті мен рухани пәктігі, қасиетті ана тақырыбы, ата-баба дәстүрі, сондай-ақ ел тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалардың ғибратты ғұмыры көркем тілмен өрнектелген.

«Түркібасының спорт мақтаныштары» кітабына өңірдің спорт тарихы мен белгілі спортшыларының өмірдерегі топтастырылған.

Таныстырылым барысында авторлар мен жоба үйлестірушілері еңбектердің мазмұны, олардың жас ұрпаққа берер тағылымы мен тәрбиелік мәні туралы ой бөлісті.

Салтанатты жиында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жиналған қауымды жаңа кітаптардың жарық көруімен құттықтап, рухани мұралардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

Аудан басшысы туған жердің тарихын таныту мен ұлттық құндылықтарды ұрпақ жадында сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, елдің рухани-мәдени дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Олардың қатарында Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық ВАКФ қорының президенті, саяси ғылымдар докторы Қайрат Айтбай, белгілі журналист, PhD докторы Жандар Асан және өзге де азаматтар бар.

Басқосу пікір алмасумен жалғасып, шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.

Республика күні қарсаңында өткен бұл рухани шара елдік құндылықтарды ұлықтап, туған жер тарихын танытуға және жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -