Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы полковник Шухратбек Халбаев «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.
Отанға қызмет ету тек қару асынып, сапта тұрумен ғана шектелмейді. Елдің қорғаныс қабілетін нығайту, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту да аса жауапты міндеттердің бірі. Осындай маңызды бағытта көп жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан білікті офицерлердің бірі – Шухратбек Розиевич.
Ол биыл 25 қазан – Республика күніне орай мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегі, Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік міндеттерін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалін иеленді.
Полковник Шухратбек Халбаевтың кәсіби қызмет жолы құқық қорғау органдарындағы жауапты міндеттерден бастау алады. 1994 жылдың тамызынан 2003 жылдың наурызына дейін ол Алматы қаласы мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Осы кезеңде заңдылықты сақтау, мемлекеттік мүддені қорғау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында тәжірибе жинақтады.
Кейін әскери прокуратура жүйесінде қызметін жалғастырып, Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасында әскери прокурордың аға көмекшісі міндетін атқарды. Бұл қызмет оның құқықтық білімін тереңдетіп қана қоймай, әскери құрылымдардың жұмыс ерекшеліктерін жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік берді.
2014 жылы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жүйесінде түрлі жауапты лауазымдарды атқарған офицер талдамалық жұмыс, ақпараттық қамтамасыз ету және тіл саясаты бағыттарында да тәжірибе жинады. Сол жылдың қараша айынан бастап мемлекеттік сатып алу басқармасына жетекшілік етіп, әскери құрылымның материалдық-техникалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету ісіне белсенді араласты.
Мемлекеттік сатып алу саласы – аса мұқияттылықты, заңнаманы терең білуді, қаржылық тәртіпті және жоғары жауапкершілікті талап ететін бағыт. Өйткені әскери бөлімдердің күнделікті қызметіне қажетті жабдықтардың уақытылы жеткізілуі, ғимараттардың жөнделуі, инфрақұрылымның дамуы мен әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайы осы жұмыстың сапасына тікелей байланысты.
Шухратбек Халбаев басшылық ететін басқарманың негізгі міндеттерінің бірі – Ұлттық ұлан қажеттіліктеріне арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тиімді ұйымдастыру. Ол мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіруге, оларды жаңғыртуға және әскер қажеттіліктеріне сәйкестендіруге бағытталған ұсыныстар енгізіп келеді.
Шухратбек Халбаевтың кәсіби біліктілігі құқықтық мәселелерді шешу барысында да көрініс табады. Ол мемлекеттік сатып алуға байланысты сот отырыстарына қатысып, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының заңды мүдделерін қорғау бағытында жұмыс жүргізеді. Бұдан бөлек, бұған дейін Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің жұмыс тобы құрамында «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін талқылауға қатыс-қан.
«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі – оның көпжылдық қажырлы еңбегі, әскери қызметтегі жауапкершілігі және Ұлттық ұланның материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесіне берілген үлкен марапат.
Лейтенант Жанболат Кенжеғұл