«Оқитын ұлт» акциясына қатысушы қатардағы жауынгер Біржан Амангелдиннің кітапқа деген құштарлығы мен әскери қызметтегі өмірі туралы сыр
Әскери қызметші үшін күш-қуат, тәртіп пен төзімділік қаншалықты маңызды болса, білім мен парасат та соншалықты қажет. Себебі Отан қорғаушы тек физикалық тұрғыдан шыныққан жауынгер ғана емес, ой-өрісі кең, саналы шешім қабылдай алатын тұлға болуы тиіс. Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған сарбаздардың бірі – 5573 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін атқарып жүрген қатардағы жауынгер Біржан Амангелдин.
Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген ол өмірінің басым бөлігін Ерейментау қаласында өткізген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен тарихқа, гуманитарлық ғылымдарға және әдебиетке қызығушылық танытқан. Құрдастары бос уақытын спорт алаңдарында өткізгенде, Біржан көбіне кітап оқуды немесе компьютер алдында отырғанды ұнататын. Оның кітапқа деген қызығушылығы ағылшын тілін үйренуге деген талпынысынан басталған. Алғашқы ерекше әсер қалдырған кітабы – Ұлыбритания адмиралы Горацио Нельсонның қысқаша өмірбаяны. Анасы сатып әперген бұл кітаптағы мәтін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қатар берілген. Бастапқыда тіл үйренуге арналған кітап уақыт өте келе оның әдебиет әлеміне жол ашты. Адмиралдың тағдырына қызыққан жас оқырман анасына кітапханадан тағы да кітап әкеліп беруін өтінеді. Осылайша бала күнгі әуестігі өмірлік қызығушылығына айналды.
Бүгінде Біржанның кітапқа деген талғамы жан-жақты. Ол шытырман оқиғалы шығармалардан бастап, философиялық және ғылыми-көпшілік әдебиеттерге дейін қызығып оқиды. Сүйікті туындыларының қатарында Рафаэль Сабатинидің «Капитан Бладтың одиссеясы», «Крестный отец», Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» және Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» шығармалары бар.
Ал Стивен Кингтің «1922» атты әңгімесін бірнеше рет қайталап оқыған.
– Бұл – өмірдің әділетсіздігі, адамның қате әрекеттері мен тағдырдың күйреуі туралы ауыр шығарма. Ол өкпе-ренішті өмірдегі басты мақсатқа айналдыруға болмайтынын көрсетеді, – дейді сарбаз.

Кітап – әскери өмірдегі рухани серік
Әскери қызметке келгеннен кейін Біржанның күнделікті өмір салты өзгерді. Қатаң күн тәртібі мен ұялы телефонды пайдалануға қойылған шектеулерге байланысты бос уақытын тиімді өткізудің бір жолы – кітап оқу болды.
– Әскерде кітап мен үшін рухани демалысқа айналды. Күнделікті қайталанатын жұмыстар мен әскери міндеттердің арасында жақсы шығарма оқу ойыңды тынықтырып, жаңа дүниелерді тануға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Әдебиетке деген сүйіспеншілігі оны «Оқитын ұлт» акциясына қатысуға жетеледі. Әскери бөлімнің бас психологы оның кітап оқуға деген қызығушылығын байқап, осы бастама туралы айтып берген. Ал жаңа тәжірибе жинау, білімін сынау және интеллектуалдық сайыста бақ сынау мүмкіндігі оның қатысуға деген ынтасын арттырған.
Қазіргі таңда Біржан акция аясында ұсынылған кітаптар тізіміне енген «ИИ 2041» шығармасын оқып жүр. Оған дейін Рафаэль Сабатинидің «Капитан Бладтың одиссеясын» тәмамдаған.

Жеке қызығушылықтан ортақ құндылыққа
Біржанның ерекшелігі – кітапты тек өзі оқып қана қоймай, өзгелермен де бөлісуінде. Ол бос уақытында шығармаларын қаруластарына оқуға береді, кейін олардың пікірін тыңдап, мазмұнын бірге талқылайды. Оның айтуынша, кейбір сарбаздар өзі ұсынған кітаптарды оқып, әдебиетке қызығушылық таныта бастаған.
Жас оқырманның пікірінше, барлығына бірдей ұнайтын әмбебап кітап жоқ. Ең бастысы – әр адамның өзіне қызықты шығарманы табуы. Ал кітап оқуды енді бастағандарға Герман Мелвиллдің «Моби Дик» және Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» туындыларын ұсынады.
Оның құрмет тұтатын әдеби кейіпкерлері де аз емес. Атап айтқанда, достарына адал Перси Джексон, батыл Питер Блад және қайсар Робинзон Крузо. Оларды біріктіретін ортақ қасиет – қиындыққа мойымау, өз ұстанымына берік болу және рухани мықтылық.
Біржанның пікірінше, қазіргі әскери қызметші үшін дене дайындығымен қатар интеллектуалдық даму да маңызды.
– « Әскери қызметші берілген тапсырманы орындап қана қоймай, оның мәнін түсініп, өз бетінше ойлай білуі керек. Әр жауынгердің өз басымен ойлай алуы маңызды, – дейді ол.
Әскери қызметін аяқтаған соң Біржан туған үйіне аман-есен оралып, физикалық тұрғыдан шыныққан, мінезі шыңдалған, азаматтық борышын абыроймен атқарған азамат болуды қалайды. Ал кітапқа деген сүйіспеншілігін алдағы уақытта да жоғалтпай, білімін жетілдіруді жалғастырмақ.
Қатардағы жауынгер Біржан Амангелдиннің оқиғасы әскери қызметтің тек тәртіп пен төзімділік мектебі ғана емес, сонымен қатар тұлғалық және интеллектуалдық дамудың да маңызды кезеңі екенін көрсетеді. Ал «Оқитын ұлт» акциясы кітапқа деген қызығушылықтың жасқа да, ортаға да шектеу қоймайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Өйткені Отан қорғаушының күші білегінде ғана емес, білімінде, парасатында және бай рухани дүниесінде.
Лейтенант Әйгерім Балтабаева, 5573 әскери бөлімінің тілшісі