Жетісу облысында газдандыру ауқымы кеңейеді. 183 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Алайда аудандардағы құрылыс мерзімі әртүрлі: бірқатар нысан 2026 жылдың соңына дейін, қалғандары 2028 жылы аяқталады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Инфрақұрылымды дамыту қорынан 37,4 млрд теңге бөлді. Жоба облыстың алты ауданын қамтиды. Жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырымға жуық газ желісі салынады.
84 ауылды газға қосуға 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
«Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталды. Ендігі міндет – елді мекендерге газ тарату желілерін тарту.
Осы мақсатқа 27 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазір үш ауданда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша келісімшарттар жасалып жатыр:
- Алакөл ауданы: 1 115 шақырым газ желісі салынып, 28 ауылдағы 61,2 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
- Сарқан ауданы: 893 шақырым газ желісі тартылып, 19 елді мекендегі 35,7 мың тұрғын қамтылады.
- Ақсу ауданы: 767 шақырым газ құбыры салынып, 37 ауылдағы 36,9 мың тұрғынға газ жеткізіледі.
Ең ауқымды құрылыс Алакөл ауданында жүргізіледі. Мұнда мың шақырымнан астам газ желісін тарту көзделген.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңында басталып, 2028 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін тағы 49 мыңнан астам тұрғын газға қол жеткізеді
Бұған дейін басталған 16 нысанның құрылысын аяқтауға 10,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Газ желілерінің жалпы ұзындығы 576 шақырымға жуық.
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі Панфилов ауданында жүргізіліп жатыр. Мұнда 12 ауылдағы 45,3 мың тұрғын үшін 503,6 шақырым газ желісі тартылуда.
Қаратал ауданындағы үш ауылда 37,5 шақырым, ал Ескелді ауданының Жалғызағаш ауылында 34,5 шақырым газ құбыры салынып жатыр.
Барлық 16 нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде 49,4 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Жетісуда газдандыру деңгейі 74 пайызға жетеді
Жетісу облысы құрылғанға дейін өңірдегі бес елді мекен ғана табиғи газбен қамтылған еді. Олардың қатарында Талдықорған қаласы да бар. Қазір газдандырылған елді мекендер саны 115-ке жетті.
Бүгінде облыста 468,5 мың адам табиғи газға қол жеткізген. Бұл өңір халқының 67,4 пайызына тең.
2026 жылдың соңына қарай газдандырылған елді мекендер саны 126-ға, ал табиғи газбен қамтылған тұрғындар саны 518 мыңнан асады деп күтілуде.
Газ желілерінің кеңеюі ауыл тұрғындарына көмірмен жылытудан бас тартуға, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға және ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделген
Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 13,1 млн адам табиғи газға қол жеткізген. Елдегі газдандыру деңгейі 64,2 пайызды құрайды. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 64,5 пайызға жеткізу жоспарланған.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстан халқының 80 пайызы табиғи газбен қамтылуға тиіс. Бұл мақсатқа қол жеткізуде еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру жобалары маңызды рөл атқарады.
Бұған дейін Қазақстанда газдандыру ауқымы қалай кеңейіп жатқаны және алдағы жылдары көгілдір отын қай өңірлерге жететіні туралы жазған едік.

