Алан Құрманғалиев жүлдегерлер қатарына қосылды. Қазақстандық спортшы Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, алтын медаль үшін күресін жалғастырады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үндістандық жұпты бес партияда жеңді
Жұптық сындағы ширек финалда Алан Құрманғалиев ирандық серіктесі Беньямин Фараджимен бірге Үндістан өкілдері Абхинандх Прадхивади мен Приянудж Бхаттачарьяны жеңді.
Тартысты өткен бес партияның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран спортшылары 3:2 есебімен басым түсті.
Бұл жеңіс Құрманғалиевке әлем чемпионатының кемінде қола медалін қамтамасыз етті. Енді оның әлем чемпионы атануға да мүмкіндігі бар.
Финал жолында Оңтүстік Корея спортшыларымен кездеседі
Жартылай финалда Құрманғалиев пен Фараджи оңтүстіккореялық Ким Дэхван және Ли Хёнхо жұбына қарсы ойнайды.
Кездесу 26 қарашада өтеді. Қазақстандық спортшы қарсыластарын жеңген жағдайда кемінде күміс медаль иеленіп, әлем чемпионатының алтыны үшін сынға түседі.
Бұған дейін Алан Құрманғалиевтің Францияда өткен халықаралық турнирде топ жарғаны туралы жазған едік.