Ақтөбеде елдің мықты балуандары бас қосты. Ақтөбе облысының тарихында алғаш рет өтіп жатқан ересектер арасындағы қазақ күресінен Қазақстан чемпионатына еліміздің барлық өңірінен 550-ге жуық спортшы жиналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Жекпе-жек» спорт сарайында өткен чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов Мемлекет басшысының ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ұлттық спорт мәдени бірегейлікті сақтаудың және ұлт саулығын нығайтудың маңызды құралы саналады.

550-ге жуық балуан чемпиондық атаққа таласады
Республикалық дода ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Спортшылар 15 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Ерлер сегіз, әйелдер жеті салмақ дәрежесінде белдеседі.
Ақтөбе облысының намысын 41 спортшы қорғауда. Олардың 28-і ер, 13-і әйел балуан. Өңір құрамасының бас бапкері – Мейрамбек Әбішов.
Жарыстың алғашқы күнінде-ақ алаң иелері жүлдеге қол жеткізді. 100 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әмірбек Рахимов қола медаль иеленді.

Шымкент балуандары алғашқы күні екі алтын жеңіп алды
Шымкент қаласының спортшылары екі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ерлер арасында 100 келіде Ерсұлтан Мұзаппаров жеңіске жетсе, әйелдер арасында 77 келіден жоғары салмақта Альбина Бахиева үздік шықты.
Қалған үш алтын медальді Қызылорда, Қостанай және Абай облыстарының балуандары иеленді.

Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
Ерлер
90 келі:
-
I орын – Еңбек Сақтағанов (Қызылорда облысы);
-
II орын – Бейбарыс Нұғман (Жамбыл облысы);
-
III орын – Тимур Абутаев емес, Тимур Абутай (Қостанай облысы);
-
III орын – Табиғат Мағауияұлы (Атырау облысы).

100 келі:
-
I орын – Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент қаласы);
-
II орын – Қазбек Рақышев (Жамбыл облысы);
-
III орын – Аян Байғазы (Алматы облысы);
-
III орын – Әмірбек Рахимов (Ақтөбе облысы).

100 келіден жоғары:
-
I орын – Нұрсұлтан Қаблан (Қостанай облысы);
-
II орын – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы);
-
III орын – Мерей Бердіғали (Батыс Қазақстан облысы);
-
III орын – Қайсар Шамшидинов (Түркістан облысы).
Әйелдер
77 келі:
-
I орын – Назерке Тілеуханова (Абай облысы);
-
II орын – Гүлнұр Рсынхан (Түркістан облысы);
-
III орын – Аружан Жандарбай (Атырау облысы);
-
III орын – Әнел Қайратқызы (Жетісу облысы).

77 келіден жоғары:
-
I орын – Альбина Бахиева (Шымкент қаласы);
-
II орын – Арайлым Шегенова (Жамбыл облысы);
-
III орын – Арайлым Әбенова (Алматы облысы);
-
III орын – Зейнеп Тұрсынбек (Алматы облысы).
Алда тағы он алтын медаль сарапқа салынады
Қазақстан чемпионаты 27 қарашаға дейін жалғасады. Алғашқы жарыс күнінде бес салмақ дәрежесінің жеңімпаздары анықталды. Енді балуандар тағы он медаль жиынтығын сарапқа салады.
Бұған дейін біз 30-ға жуық елден 300-ден астам спортшы қатысқан Бакудегі қазақ күресінен әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының толық құраммен барғаны туралы жазған едік.

