300 сарбазға бір мезетте хат табысталды. Астаналық студенттер ҚР ІІМ Ұлттық ұланының мерзімді әскери қызметшілеріне тосынсый жасап, әскери бөлімге арнайы барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Сарбазға хат» әскери-патриоттық акциясын Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің әскери кафедрасы мен 5573 әскери бөлімінің қолбасшылығы бірлесіп ұйымдастырды.
300 сарбазға арналған жүрекжарды хат
Студенттер хаттарында сарбаздарға әскери қызметі үшін алғыс айтып, күш-қуат пен төзімділік тіледі.
Хаттар елордадағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметшілерге арналды. Жастар әр хатты өз иесіне қолма-қол табыстады.
Студенттер сарбаздардың тұрмысымен танысты
Хат табыстағаннан кейін акцияға қатысушылар казармаларды аралап, сарбаздардың тұрмыс жағдайымен, күн тәртібімен және мерзімді әскери қызметтің ерекшеліктерімен танысты.
Сондай-ақ студенттерге Ұлттық ұланның әскери техникасы көрсетіліп, оның қандай міндеттерді орындауға арналғаны түсіндірілді.
Сарбаздар әскери қызметтің қиындықтары туралы әңгімеледі
Кездесу барысында студенттер мен сарбаздар еркін форматта пікір алмасты. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әскери тәртіп, төзімділік пен жауапкершілік туралы әңгімелесті.
Студенттер үшін бұл әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, армия өмірі туралы мерзімді қызметтегі құрдастарынан тікелей білуге мүмкіндік берді.
Бұған дейін біз Халық қаһарманы Қайрат Үмбетовтің Астана студенттерімен кездесуі және «Сарбазға хат» акциясын өткізу бастамасы туралы жазған едік.