Қазақстандағы пластик парадоксы: шикізат өзіміздікі, дайын өнім шетелдікі

609
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: коллаж DKNews.kz/AI-generated

Қазақстан импорттық полипропиленге тәуелділігін азайтты. Алайда отандық мұнай-газ химиясы өндірісінің іске қосылуы тағы бір мәселені шеше алмады: еліміз тоғыз айдың ішінде шетелден құны бір миллиард долларға жуық дайын пластик бұйымдарын сатып алған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының (ҚМГ) деректеріне сүйенсек, Қазақстан полимер өндірісі мен экспортын ұлғайтып келеді. Соған қарамастан, пластмассадан жасалған көптеген дайын өнім бойынша импортқа тәуелділік әлі де жоғары.

Полипропилен экспорты жылдық көрсеткіштен асып түсті

2021 жылы Қазақстан пропилен және басқа да олефин полимерлерін 76,1 млн долларға импорттаған. Атырауда 2022 жылдың қарашасында Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) зауыты іске қосылғаннан кейін жағдай өзгере бастады.

2023 жылы кәсіпорын 188,8 мың тонна полипропилен өндірсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 375 мың тоннаға жетті. Ал 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында өндіріс көлемі тағы 13,4%-ға өсіп, 248,4 мың тоннаны құрады.

2023 жылдан бері аталған полимерлер экспортының ақшалай көлемі импорттан асып келеді. 2025 жылы Қазақстан шетелге 266,4 млн доллардың өнімін шығарса, импорт көлемі 44,9 млн долларды құрады.

2026 жылдың тоғыз айында полипропилен экспорты 38%-ға өсіп, 294,9 мың тоннаға жетті. Экспорттан түскен түсім 266,7 млн долларды құрап, былтырғы жылдық көрсеткіштен асып түсті.

Алайда ішкі нарықтағы сұраныс экспорт көлемінен әлдеқайда төмен. Биылғы бірінші жартыжылдықта KPI отандық өңдеуші кәсіпорындарға 20 мың тоннадан астам өнім жеткізген.

Еуропа қазақстандық полипропиленді көбірек сатып ала бастады

Экспорт географиясында да елеулі өзгеріс бар. Бір жыл ішінде Қазақстанның полипропилен экспортындағы Еуропалық одақ елдерінің үлесі 5,7%-дан 35,9%-ға дейін өсті.

Әсіресе Польша тарапынан сұраныс күрт артқан. Бұл ел былтыр 3,8 мың тонна полипропилен сатып алса, биыл көрсеткіш 54,3 мың тоннаға жетті.

Экспорттың 29,6%-ы Ресейге, 19,1%-ы Түркияға тиесілі. Ал Қытайға жеткізілген қазақстандық полипропилен көлемі екі есеге жуық қысқарып, 34,2 мың тоннаны құрады.

Пластик бұйымдарының импорты экспорттан сегіз есе көп

Шикізат өндірісіндегі жетістіктер дайын өнім нарығына әзірге айтарлықтай әсер ете қойған жоқ.

2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан шетелден 955,1 млн доллардың пластмасса бұйымдарын сатып алды. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша импорт көлемі 1,33 млрд долларды құраған.

Дегенмен кейбір тауар түрлері бойынша отандық кәсіпорындар импортты едәуір ығыстыра алды.

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы деректеріне сәйкес, нарықтағы жалпы ресурс көлеміндегі отандық өндірістің үлесі:

  • полиэтилен құбырлары – 96,1%;
  • пластик терезелер мен есіктер – 86,9%;
  • жалпы пластмасса құбырлары – 70,5%;
  • пластик ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар – 35,5%;
  • еденге, қабырғаға және төбеге арналған пластик жабындар – 18,8%.

Сонымен бірге пластмасса құбырларының импорты бір жылда екі есе өскен. Ал пластик жабындар өндірісі 66,1%-ға қысқарған.

Қазақстандық мұнай-газ химиясындағы қызық жағдайдың бірі – еліміз полиэтилен құбырларын өзімізде өндіргенімен, оған қажетті полиэтилен шикізатының басым бөлігін шетелден сатып аламыз.

Пластик ыдыстардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді

2026 жылдың сегіз айында қазақстандық кәсіпорындар 6,7 мың тонна пластик ыдыс-аяқ, асүй керек-жарақтары мен басқа да тұрмыстық бұйымдар өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға аз.

Импорт көлемі 12,1 мың тоннаға жетті. Нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 58,1%-дан 64,5%-ға дейін өсті.

Тоғыз айда Қазақстан осындай бұйымдарды 41,3 млн долларға сатып алған. Негізгі жеткізушілер – Ресей мен Қытай. Олардың үлесі тиісінше 42,5% және 32,3%-ды құрады.

Өзбекстан да Қазақстан нарығындағы үлесін арттырып келеді. Көрші елден жеткізілген өнімнің құны 18,8%-ға өсіп, 4 млн долларға жетті.

7 млрд долларлық зауыт импортқа тәуелділікті азайтпақ

Қазақстанның полимер нарығындағы ең өзекті мәселелердің бірі – полиэтилен тапшылығы. 2026 жылдың тоғыз айында еліміз шетелден 254,9 млн долларға 204,4 мың тонна полиэтилен сатып алды. Импорттың ақшалай көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20,5%-ға өскен.

Қаңтар–тамыз айларында отандық өндірістің үлесі полиэтилен ресурстарының небәрі 4,3%-ын құрады.

Поливинилхлорид (ПВХ) бойынша да импортқа тәуелділік жоғары. Тоғыз айда Қазақстан шетелден 101,8 мың тонна осы полимерді сатып алды. Оның 88,1%-ы Қытайдан жеткізілген.

Полиэтилен нарығындағы жағдайды Атырау облысында салынып жатқан Silleno зауыты өзгертуі мүмкін. «ҚазМұнайГаз», қытайлық Sinopec және ресейлік СИБУР компаниялары бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның жылдық өндірістік қуаты 1,25 млн тоннаны құрайды.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі 7 млрд доллардан асады. Зауытты 2029 жылы іске қосу жоспарланған. Компанияның бағалауынша, кәсіпорын импортталатын полиэтилен түрлерінің шамамен 90%-ын алмастыра алады.

Жаңа кешеннің негізгі шикізаты Теңіз кен орнының газынан алынатын этан болмақ.

Қазақстанға полимерлерді терең өңдеу өндірісін дамыту қажет

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың да өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндігі бар. Мәселен, жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға есептелген KPI зауыты 2025 жылы жобалық қуатының 75%-ын ғана пайдаланған.

Қазақстанның Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісін 1,22 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 619 мың тоннаны құраған.

Алайда отандық шикізат өндірісінің артуы дайын тауарлар импортының автоматты түрде қысқаратынын білдірмейді. Қазақстан жүздеген мың тонна полипропилен экспорттағанымен, пластик ыдыстарды, құрылыс материалдары мен басқа да тұрмыстық бұйымдарды әлі күнге дейін шетелден сатып алып отыр.

Полимерлерді терең өңдейтін кәсіпорындардың дамуы ғана бүгінде шетелдік өндірушілердің еншісінде қалып отырған қосылған құнның едәуір бөлігін Қазақстанда қалдыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін біз Silleno мұнай-химия кешенінің құрылысы аясында қазақстандық зауыттардың ірі өндірістік тапсырыстар алғаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -