Қазақстан коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңартуға кіріспек. 2027 жылы жылу, электр және су құбыры желілерін жаңғырту бойынша жаңа және жалғасып жатқан жобалардың жалпы құны 822,6 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының (ЭКСЖ) жобалық кеңсесінің отырысында өңірлердің келесі жылға дайындығы пысықталды.
Қазақстанда 366 жоба іске асыруға дайын
Қазірдің өзінде 106 жоба бойынша конкурс рәсімдері жүріп жатыр. Алматы қаласы, Алматы және Атырау облыстарының әкімдіктеріне 2027 жылға жоспарланған барлық жоба бойынша желтоқсан айының соңына дейін шарт жасасу тапсырылды.
Қаражатты игеру қарқыны бойынша Жетісу, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары алдыңғы қатарда.
Тоғыз өңірдегі 135 жобаға жүргізілген мониторинг нәтижесінде ұлттық жобаны іске асыру тетіктерін жетілдіру қажеттігі анықталды.
Атап айтқанда, сатып алу рәсімдерін жеңілдету, желілерінің тозу деңгейі жоғары коммуналдық кәсіпорындардың қатысу аясын кеңейту және шығындар негізді түрде өскен жағдайда жобалардың құнын қайта қарау ұсынылды.
Тиісті түзетулер 15 желтоқсанға дейін әзірленіп, Үкімет қаулысы жыл соңына дейін қабылдануға тиіс.
Банктер жобаларды қаржыландыруға дайын
Коммуналдық кәсіпорындардың несие қаражатына қол жеткізуін жеңілдету үшін субсидиялау және банктік реттеу қағидаларына өзгерістер әзірленді.
Қаржы ұйымдары тиісті түзетулер қабылданғаннан кейін мақұлданған жобаларды қаржыландыруға дайын. Қанат Бозымбаев субсидиялау қағидаларына енгізілген өзгерістерді үш күн ішінде тіркеуді аяқтауды тапсырды.
Ұлттық экономика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитеті өңірлермен бірлесіп, проблемалық мәселелерді апта сайын қарайтын болады. Ал жоба басқарушылары нысандарды пайдалануға бергенге дейін сүйемелдеуге міндетті.
14 нысанда талаптардың бұзылғаны анықталды
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту отандық өнеркәсіп үшін ірі тапсырыстар нарығын қалыптастырып отыр.
Ұлттық жобаның электрондық платформасында материалдар мен жабдықтарға 3 мыңнан астам тапсырыс қалыптастырылып, қазақстандық кәсіпорындармен 120 шарт жасалған.
Алайда Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық орталығы 18 өңірдегі 75 жобаны тексеріп, 14 нысанда отандық өнімді пайдалану талаптарының бұзылғанын анықтады.
Қанат Бозымбаев бақылауды күшейтіп, қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын, өнім бағасы мен жеткізу мерзімдерін ескере отырып, олардың ұлттық жобаға қатысуына қолайлы экономикалық жағдай жасауды тапсырды.
«Биыл алдағы кезеңдерге дайындық жұмыстарын жүргізуге уақытымыз бар. Ойын ережелерін нақты айқындап, қолда бар барлық цифрлық құралды пайдалануымыз және қателіктерге жол бермеуіміз керек», — деді вице-премьер.
Жеті облыста электр желілері жаңартылады
2027 жылы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында электр желілерін реконструкциялау жоспарланған.
Жобаларды іске асыру үшін өңірлерге кабель өнімдері, электр беру желілерінің тіректері және басқа да жабдықтар қажет болады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 қаңтарға дейін өңірлердің материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілігін жариялау тапсырылды. Бұл қазақстандық зауыттарға ықтимал тапсырыстар көлемін алдын ала бағалап, өндірісін жоспарлауға мүмкіндік береді.
Берілген тапсырмалардың орындалу барысы желтоқсан айында жобалық кеңсенің қорытынды отырысында қаралады.
Бұған дейін біз коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын 13 трлн теңгенің қалай игерілетіні және ұлттық жоба аясында отандық зауыттарды қандай тапсырыстар күтіп тұрғаны туралы жазған едік.



