Түркістанда Конституция аллеясының капсуласы салынды. Аллея тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу тарихын ұлықтауға бағытталған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер алаңы» жобасының бір бөлігі болмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты рәсім «Астана» саябағында «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы аясында өтті.
Іс-шараға Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, шетелдік делегация өкілдері мен симпозиум ұйымдастырушылары қатысты.

Конституциялық құндылықтар Түркістанда дәріптеледі
Конституция аллеясын құру Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылды. Жобаны жүзеге асыру үшін еліміздің тарихи және рухани орталықтарының бірі таңдалды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Эльвира Азимова тәуелсіздік пен егемендік мемлекеттіліктің, халық бірлігінің және елдің дербес дамуының негізін айқындайтын іргелі конституциялық құндылықтар екенін атап өтті.
«Бүгін Конституция аллеясына капсула салу – Тәуелсіздік тарихына деген құрметтің, конституциялық құндылықтарға адалдықтың және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі», – деді Конституциялық Сот төрағасы.
Эльвира Азимова бастаманы қолдап, оның жүзеге асуына ықпал еткен Түркістан облысы мен қала басшылығына алғыс білдірді.
Аллея Мемлекеттік рәміздер алаңының бір бөлігіне айналады
Жоба Түркістанның тарихи мұрасын конституциялық құндылықтармен сабақтастыруды көздейді. Бастаманың мақсаты – азаматтық жауапкершілікті нығайту, Ата Заңға деген құрметті арттыру және құқық үстемдігі мәдениетін қалыптастыру.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы қаланың тарихи және рухани маңызына тоқталды.
«Тәуелсіздік – халқымыздың басты құндылығы және мемлекеттілігіміздің негізі. Оны сақтау, нығайту және болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет», – деді облыс әкімі.
Капсула салу рәсімі Конституция аллеясын құру жолындағы алғашқы символдық қадам болды. Жобаның нақты қашан аяқталатыны әзірге хабарланған жоқ.
Бұған дейін біз Түркістанда мәдениетаралық диалогты дамыту және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланғанын жазған едік.

