Солтүстік Қазақстан облысында қауіпті бактерия жұққан ет анықталды. Зертханалық сараптама барысында мұздатылған еттен адам денсаулығына қауіп төндіретін Listeria monocytogenes бактериясы табылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады. Заңбұзушылық республикалық «Сапалы өнім» жобасы аясында анықталған.
Мұздатылған еттен қауіпті бактерия табылды
Аққайың ауданында тұтыну нарығына мониторинг жүргізу барысында мамандар жеке кәсіпкерден мұздатылған еттің сынамасын алды.
Сынама Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберілді. Зертханалық зерттеу нәтижесінде ет құрамынан Listeria monocytogenes бактериясы анықталды.
Осыған байланысты ветеринариялық бақылау органдарының, ветеринариялық қызметтің өкілдері және өнім иесінің қатысуымен комиссия 75 келі мұздатылған етті арнайы пеште өртеу арқылы жойды.
Листерия адам денсаулығына несімен қауіпті?
Listeria monocytogenes бактериясы ауыр түрде өтуі мүмкін жұқпалы ауруды — листериозды қоздырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл инфекция әсіресе жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және иммунитеті әлсіреген азаматтарға қауіпті.
Өнімді мұздату бактериялардың толық жойылуына кепілдік бермейді. Сондықтан ет өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зертханалық бақылаудың маңызы зор.
Қазақстанның барлық өңірінде өнім сапасы тексеріліп жатыр
«Сапалы өнім» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында тауар сапасын бақылауға сауда және ветеринариялық бақылау органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер қатысады.
«Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің бірлескен жұмысы заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте әрбір кәсіпкер сататын тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі тиіс», — деді Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов.
Ведомство хабарламасында сауда орнының атауы, еттің қайдан жеткізілгені және тұтынушылар арасында инфекция жұқтыру жағдайларының тіркелгені туралы мәлімет берілмеген.
Қазақстанның барлық өңірінде «Сапалы өнім» жобасы аясында тұтыну нарығына мониторинг жүргізу жалғасуда.
Бұған дейін біз «Сапалы өнім» жобасы аясында тексерілген тауарлардың 60%-ынан заңбұзушылық анықталғаны туралы жазған едік.