Қазақстанда аккредиттеу жүйесі жаңартылады. Елде отандық өндірушілерге қандай сынақ зертханалары жетіспейтіні анықталып, бағалау рәсімдерінің ашықтығын арттыру және жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселелер 25 қарашада аккредиттеу жүйесін жетілдіру және бизнеспен өзара байланысты нығайту жөніндегі кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Техникалық реттеу және метрология комитеті.
Қазақстандық өндірушілер неге шетелдік зертханаларға жүгінеді?
Ұлттық аккредиттеу орталығының (ҰАО) бас директоры Айдар Әбілдабеков отандық кәсіпорындардың сынақ инфрақұрылымына деген нақты қажеттілігін анықтау жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
Мамандар елімізде қандай сынақ түрлері жетіспейтінін және қазақстандық өндірушілердің қандай сынақтарды өткізу үшін шетелдік зертханаларға жүгінуге мәжбүр екенін анықтайды.
Қажетті зертханалардың ел ішінде болмауы кәсіпкерлердің тасымалдау шығындарын арттырып, өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау мерзімін ұзартуы мүмкін.
Талдау қорытындысы бойынша Қазақстанның сынақ инфрақұрылымына қажеттілік картасы әзірленеді. Бұл бизнеске аса қажет зертханаларды және олардың қай бағытта дамуы керектігін анықтауға мүмкіндік береді.
Аккредиттеу рәсімдері бейнежазбаға түсіріледі
Ұлттық аккредиттеу орталығы бағалау рәсімдерінің ашықтығын арттыру бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр.
Орталық қашықтан бағалау тетігін енгізді. Сонымен қатар жабдықтарды сәйкестендіру, бағалау барысын фото және бейнежазбаға түсіру жұмыстары жүргізілуде.
Бағалау кезінде бейнетіркегіштерді ерікті түрде пайдалану бойынша аккредиттеу субъектілерімен 30 келісім жасалған.
Бейнежазбалар бағалау барысын құжаттауға және даулы мәселелер туындаған жағдайда оларды қарауға мүмкіндік береді.
Аккредиттеу жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі
Кәсіпкерлердің өтініштерін жедел қарау және кері байланыс орнату үшін ҰАО Telegram-ботты іске қосты.
Сондай-ақ аккредиттеу субъектілері арасында апта сайын сауалнама жүргізу жоспарланып отыр. Алынған ұсыныстар мен ескертулер орталықтың жұмысын жетілдіру кезінде ескерілмек.
Цифрландырудың тағы бір бағыты – аккредиттеу рәсімдерін оңтайландыру және автоматтандыру үшін жасанды интеллектіні пайдалану.
Әзірге жасанды интеллектінің нақты қашан және қандай рәсімдерге енгізілетіні хабарланған жоқ.

Аккредиттеу жүйесін жетілдіруге бизнес те қатысады
Ұлттық аккредиттеу орталығы алдағы жұмысын үш бағытқа шоғырландырмақ: аккредиттеу рәсімдерін жетілдіру, кәсіпкерлердің қажеттілігіне бейімделген қызмет көрсету үлгісіне көшу және сарапшы-аудиторлар мен бағалаушылардың кәсіби біліктілігін арттыру.
Осы мақсатта орталық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Біз жаңа тәсілдерді тек ҰАО аясында ғана қалыптастырмауымыз керек. Оларды аккредиттеу субъектілерінің, зертханалардың, сәйкестікті бағалау органдарының және бизнес өкілдерінің қатысуымен әзірлеу қажет», – деді Айдар Әбілдабеков.
Келесі кеңесті Алматыда өткізу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлер мен кәсіби қауымдастық өкілдерінің ұсыныстары аккредиттеу рәсімдерін жетілдіру барысында ескеріледі.
Отандық өндірушілер үшін бұл жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі қажетті сынақтарды шетелге шықпай-ақ, Қазақстанда өткізу мүмкіндігі болмақ. Алайда елімізге нақты қандай зертханалар қажет екені алдағы талдау барысында анықталады.
Бұған дейін біз Қазақстанда зертханалар мен сертификаттауға бақылау қалай күшейтілетіні туралы жазған болатынбыз.

