Астанада полицияны шұғыл шақыру жүйесі жұмыс істейді. Елорданың қоғамдық орындарында орнатылған 40 SOS батырмасы арқылы тұрғындар Жедел басқару орталығына тікелей хабар бере алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Polisia.kz мәліметінше, құрылғылар адам көп жиналатын орындарға орнатылған. Жыл басынан бері осы жүйе арқылы 31 өтініш түсіп, полиция қызметкерлері барлық шақыртуға жедел ден қойған.
SOS батырмалары қалай жұмыс істейді?
Батырманы басқан кезде дабыл автоматты түрде Жедел басқару орталығына түседі. Диспетчерлер оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция экипажын жібереді.
Жүйені ұялы телефонсыз да пайдалануға болады. Бұл қоғамдық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда немесе шұғыл көмек қажет болғанда полициямен байланысуға мүмкіндік береді.
Қараусыз қалған чемодан полицияның назарын аударды
Елорда тұрғындарының бірі қараусыз қалған чемоданды байқап, SOS батырмасы арқылы полицияға хабар берген.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, чемоданның иесін анықтап, мүлкін қайтарды.
SOS батырмаларын қауіпке тап болған азаматтар ғана емес, күмәнді жағдайдың куәгерлері де пайдалана алады.
Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын қажет болған жағдайда SOS батырмаларын пайдалануға және оқыс оқиғалар туралы дереу хабарлауға шақырады.
Бұған дейін біз Қазақстанда полицияға қандай жағдайларда және қандай тәсілдермен хабарласуға болатыны туралы жазған едік.