2026 жылғы желтоқсанда қандай салықтарды төлеу қажет

882
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: DKNews.kz/AI-generated

Желтоқсанда салық төлеушілердің міндеттемелері көбейеді. Міндетті төлемдердің басым бөлігі 25 желтоқсанға белгіленсе, салық есептілігін тапсырудың соңғы мерзімі жылдың соңғы күніне сәйкес келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге, компанияларға және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға 2026 жылғы желтоқсандағы салық міндеттемелерін орындау мерзімдерін еске салды.

Міндетті төлемдердің басым бөлігі 25 желтоқсанға белгіленген

Желтоқсан айындағы салық күнтізбесінде міндеттемелер ең көп шоғырланған күн – 25 желтоқсан. Осы күнге дейін кәсіпкерлер мен компаниялар бірқатар салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуі қажет.

Олардың қатарында:

  • желтоқсан айы үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша аванстық төлемдер;
  • төлем көзінен ұсталатын корпоративтік және жеке табыс салығы (ЖТС);
  • бейрезиденттердің жекелеген санаттағы табыстарынан алынатын салықтар;
  • қараша айы үшін әлеуметтік салық;
  • қараша айы үшін бірыңғай төлем;
  • желтоқсан айы үшін сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру төлемақысы;
  • заңнамада көзделген жағдайларда жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бар.

Сондай-ақ осы мерзімге дейін қараша айының әлеуметтік төлемдерін аудару қажет. Оған міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), әлеуметтік аударымдар, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аударымдары мен жарналары кіреді.

Жұмыс берушілер бірнеше қаржылық міндеттемені қатар орындауға тиіс болғандықтан, қажетті қаражатты алдын ала жоспарлағаны жөн.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ЖТС мөлшерлемесі – 0%

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын қазақстандықтар үшін бөлек мерзімдер қарастырылған.

15 желтоқсан – интернет-платформа операторларының қараша айы үшін ЖТС аудару мерзімі. Ал 25 желтоқсан – аталған режимді қолданатын салық төлеушілердің ЖТС төлеу мерзімі.

Алайда 2026 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 0%-ды құрайды. Бұл әлеуметтік төлемдерден автоматты түрде босатылады деген сөз емес.

Жеке практикамен айналысатын тұлғалар салық міндеттемелерін ертерек орындауы қажет. Жеке нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен кәсіби медиаторлар қараша айында алған табыстары бойынша ЖТС-ты 7 желтоқсанға дейін төлеуге тиіс.

Импорттаушылар үшін маңызды мерзім – 21 желтоқсан

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен тауар импорттайтын компаниялар 21 желтоқсанға дейін қараша айы бойынша тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы 328.00 нысанындағы өтінішті ұсынуы қажет.

Осы күні ЕАЭО шеңберіндегі қосылған құн салығын (ҚҚС) және акциздерді, соның ішінде одаққа мүше мемлекеттерден импортталған тауарлар бойынша акциздерді төлеу мерзімі аяқталады.

Қараша айында уақытша өтеулі жер пайдалану шартын жасасқан немесе қатты пайдалы қазбаларды барлауға не өндіруге лицензия алған салық төлеушілер 851.00 нысанындағы есепті тапсыруға міндетті.

Бұдан бөлек, қарашада рұқсат құжатын алған, жылдық төлемдерінің жиынтық көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі I және II санаттағы объектілердің операторлары 870.00 нысанындағы декларацияны ұсынып, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төлеуі қажет.

2026 жылғы желтоқсанның салық күнтізбесі

Мерзімі

Салық міндеттемелері

7 желтоқсан

Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың ЖТС төлемі

15 желтоқсан

Қазан айындағы акциз бойынша 400.00 нысаны, интернет-платформа операторлары арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ЖТС төлемі

21 желтоқсан

328.00, 851.00, 870.00 нысандары, ЕАЭО бойынша ҚҚС, акциздер, экологиялық төлемдер

24 желтоқсан

Шетелдік персонал мен бейрезиденттердің жекелеген санаттағы табыстарынан алынатын ЖТС

25 желтоқсан

КТС, ЖТС, әлеуметтік салық, зейнетақы жарналары, МӘМС және басқа да міндетті төлемдер

31 желтоқсан

КТС бойынша аванстық төлемдердің қосымша есебі, 101.02 нысаны

Әрбір салық төлеушінің міндеттемелері қызмет түріне, қолданатын салық режиміне және салық салу объектілерінің болуына байланысты.

Салық есептілігін тапсырудың соңғы мерзімі – 31 желтоқсан

Кейбір компаниялар үшін салық міндеттемелері жылдың соңғы күніне дейін жалғасады. 31 желтоқсанда 2026 жылғы корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының 101.02 нысанындағы қосымша есебін тапсыру мерзімі аяқталады.

Ал желтоқсан айы үшін КТС бойынша аванстық төлемдерді 25 желтоқсанға дейін аудару қажет.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті техникалық кідірістер мен өсімпұл есептелуіне жол бермеу үшін салық есептілігін тапсыруды және міндетті төлемдерді аударуды соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді.

Жыл аяқталмай тұрып кәсіпкерлер мен бухгалтерлердің дербес шоттарын, жіберілген декларациялардың мәртебесін және орындалмаған салық міндеттемелерінің бар-жоғын тексергені жөн.

Бұған дейін біз 2026 жылы корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер тәртібі қалай өзгергенін және салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру жүйесі қалай жұмыс істейтінін жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -