Қазақстанда жұмыртқа өндірісі артып келеді. Қазір жұмыртқаға деген сұраныстың тек 30%-ын өз өндірісі есебінен өтеп отырған Шығыс Қазақстан облысы жаңа құс фабрикасының іске қосылуымен өзін толық қамтамасыз ете алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында елімізде 4 млрд-тан астам тауық жұмыртқасы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға көп.
Қазақстан жұмыртқаға деген сұранысты толық қамтамасыз етеді
Отандық өндіріс көлемі ел халқының жұмыртқаға деген қажеттілігін толық өтейді. Өндірістің басым бөлігі Ақмола, Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі.
Алайда республикалық көрсеткіш жоғары болғанымен, барлық өңір бірдей өзін жұмыртқамен қамтамасыз ете алмай отыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар өңір халқының қажеттілігін небәрі 30%-ға өтейді.
Жаңа құс фабрикасына 5,5 млрд теңге инвестиция салынады
Шығыс Қазақстан облысында Altai Qus құс фабрикасын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру басталды. Кәсіпорын жылына 150 млн данаға дейін жұмыртқа өндіруге қауқарлы болмақ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, фабрика жобалық қуатына шыққаннан кейін өңірдің жұмыртқамен қамтамасыз етілу деңгейі 109%-ға жетеді.
Бұл облыстың ішкі сұранысын толық өтеп қана қоймай, артық өнімді өзге өңірлерге жеткізуіне де мүмкіндік береді.
150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады
Құс фабрикасында автоматтандырылған өндірістік желілер, цифрлық басқару жүйелері және халықаралық сапа стандарттарына сай заманауи жабдықтар қолданылады.
Жоба аясында 150-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі құс шаруашылығына инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарын жалғастырады.
Altai Qus фабрикасы толық қуатына шыққанда Шығыс Қазақстан облысының жұмыртқамен қамтамасыз етілу деңгейі бірден 79 пайыздық тармаққа өседі.
Бұған дейін біз Қазақстанда жұмыртқа өндірісін жылына 110 млн данаға арттыруды көздейтін ірі инвестициялық жоба туралы жазған едік.