Мемлекеттік қызмет көрсету мамандарын даярлауға сала қызметкерлері тартылады. Студенттер оқу барысында мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің жұмысымен танысып, цифрлық технологияларды меңгеріп, кәсіби тәжірибе жинақтай алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Esil University мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ «Мемлекеттік қызметтерді басқару» білім беру бағдарламасын бірлесіп іске асыру жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Мемлекеттік корпорация мамандары дәріс өткізеді
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік корпорация қызметкерлерін білім беру процесіне тарту. Сала мамандары студенттерге дәріс оқып, практикалық сабақтар өткізіп, кәсіби кездесулер ұйымдастыра алады.
Мұндай оқыту форматы болашақ мамандарға мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің ішкі жұмысын, халыққа қызмет көрсету тәртібін және басқару процестерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Цифрлық дағдыларға басымдық беріледі
Университет пен мемлекеттік корпорация білім беру бағдарламасының мазмұнын бірлесіп жетілдіруді жоспарлап отыр. Басқарушылық және цифрлық құзыреттерді дамытуға, мемлекеттік процестерді цифрландыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшіп жатқан кезде болашақ мамандардың технологияларды меңгеруімен қатар, азаматтармен тиімді жұмыс істей білуі де маңызды.

Студенттердің кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндігі кеңейеді
Меморандум студенттердің өндірістік және кәсіби практикадан өту мүмкіндіктерін кеңейтуді де көздейді.
Болашақ мамандар университет қабырғасында алған білімдерін іс жүзінде қолданып, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің жұмысымен таныса алады. Бұл оларға диплом алғанға дейін кәсіби міндеттерді меңгеруге және еңбек нарығының талаптарын түсінуге көмектеседі.
Бұған дейін біз Smart Point орталықтарының неліктен жаңа буын ХҚКО деп аталатыны және цифрлық қызмет көрсету жүйесінде мемлекеттік корпорация мамандарының рөлі қалай өзгеріп жатқаны туралы жазған едік.
