Аңызға айналған махаббат хикаясы балет тілінде жаңғырады. Жаңа қойылымда Жібектің тағдырына, жан дүниесіне және сүйгенінен айырылғаннан кейінгі күрделі таңдауына ерекше назар аударылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Астана Балет» театрының хабарлауынша, әйгілі қазақ эпосының желісімен сахналанған «Қыз Жібек» балетінің әлемдік премьерасы 11 және 12 желтоқсанда өтеді.
Либретто мен хореографияның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мұқарам Авахри. Қойылымның музыкасын композитор Шырын Базарқұлова арнайы жазған.
Төлеген қазасынан кейінгі Жібектің тағдыры
Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен «Қыз Жібек» жыры – қазақ халқының рухани мұрасының жауһарларының бірі. Жаңа қойылымда Төлегеннің қазасынан кейін өрбитін оқиғаларға басымдық берілген.
Жібек жеке сезімі, қоғам талабы мен даланың ежелгі салт-дәстүрі тоғысқан тұста күрделі таңдау алдында қалады.
«Бұл премьерада көпшілікке таныс эпостық сюжет жаңаша көркемдік сипатқа ие болады. Жібектің тағдырына, ішкі толғаныстарына және Төлегеннің қазасынан кейін жасауға тура келетін күрделі таңдауына ерекше назар аударылды. Бұл – қайғылы махаббат хикаясы ғана емес, әйел мінезінің беріктігі, адалдық, дәстүр және адамның қоғамдағы орны туралы терең толғаныс. Театрымыз үшін ұлттық мұраның өзіндік болмысын сақтай отырып, оны балет өнерінің мәнерлі мүмкіндіктері арқылы ашу маңызды», – деді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов.
Қойылымның өзекті тақырыптарының бірі – әмеңгерлік дәстүрі. Ежелгі салт бойынша Төлегеннің інісі Сансызбай ағасының ұрпағын жалғастырып, Жібектің тағдырына жауапкершілік алуға тиіс.
Халық жырында Төлегеннің кегін қайтаратын да осы Сансызбай.
Қазақ эпосы заманауи хореография тілінде
Мұқарам Авахри ұлттық мұра негізінде ауқымды хореографиялық туындыларды алғаш рет сахналап отырған жоқ. «Қыз Жібек» балетінде ол эпостық дәстүр мен заманауи хореографияны ұштастырып, кейіпкерлердің болмысын би қимылдары, музыка және сахналық бейнелер арқылы ашады.
Хореографтың ассистенті – Айжан Жүнісова. Қойылымның сценографиясын Жандос Омаров әзірлесе, кейіпкерлердің костюмдерін Әсел Шалабаева дайындаған.

Премьера симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді
Балеттің музыкалық партитурасын бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі орындайды.
Қойылымның алғашқы көрсетілімдері 11 және 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.
Көрермен Жібек пен Төлегеннің трагедиялық махаббаты арқылы таңдау еркіндігі, адалдық пен қазақ даласының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерінің адам тағдырына ықпалы туралы сыр шертетін туындыны тамашалай алады.
Бұған дейін біз «Астана Балет» театрының 2026 жылға жоспарлаған премьералары мен гастрольдік жобалары туралы жазған едік. Сол кезде «Қыз Жібек» балеті театр репертуарындағы ерекше қойылымдардың бірі ретінде аталған болатын.

