Қазақстанда шенеуніктерді бизнеске келтірген шығынды өтеуге міндеттемек

385
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: DKNews.kz/AI-generated

Шенеуніктерге қаржылық жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Қазақстанда заңсыз шешімдерімен кәсіпкерлерге шығын келтірген лауазымды тұлғалардан өтемақы өндірудің міндетті тетігін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров тиісті ұсыныстарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдады.

Бизнес сотта жеңгенімен, талап-арыздар саны артып келеді

ҚР Жоғарғы сотының дерегінше, 2026 жылдың тоғыз айында кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға қарсы 8,2 мың әкімшілік талап-арыз берген. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,3 мың болған.

Әкімшілік әділет жүйесі енгізілгеннен бері кәсіпкерлер мен инвесторлардың мемлекеттік органдарға қарсы талап-арыздарының 60–80 пайызы бизнес пайдасына шешіліп келеді.

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, кәсіпкерлерге қысым көрсетудің әлі де жалғасып келе жатқан негізгі себептерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін қамтамасыз ететін тиімді тетіктің болмауы.

Сот мемлекеттік органның шешімін заңсыз деп таныған күннің өзінде қаржылық шығынды заң бұзған лауазымды тұлға емес, көбіне кәсіпкердің өзі немесе мемлекеттік бюджет көтереді.

Заңсыз шешім қабылдаған шенеуніктен шығын өндірілмек

Лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлерге келтірген залалы үшін жеке жауапкершілік қағидаты 2021 жылдың желтоқсанында ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 11-бабында бекітілген. Алайда оны жүзеге асыратын толыққанды тетік әлі қалыптаспаған.

Қанат Нұров мемлекеттік ұйымдардың кінәлі лауазымды тұлғаларға регрестік талап қою құқығын міндетке айналдыруды ұсынып отыр.

Яғни мемлекет кәсіпкерге өтемақы төлегеннен кейін тиісті шығынды залал келтіруге кінәлі лауазымды тұлғадан өндіріп алуға міндетті болады.

Бұл жерде құқықтық қағидаттарды, формалды логиканы және нақты мән-жайларды елемеу салдарынан қабылданған көрінеу заңсыз шешімдер, әрекеттер немесе әрекетсіздік туралы сөз болып отыр.

Бизнес-омбудсмен аппаратының мәліметінше, Қазақстанда мұндай регрестік талаптардың жүйелі статистикалық есебі жүргізілмейді. Нұров мұны лауазымды тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруына ықпал ететін фактор деп санайды.

Заңсыз шешімдер мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалауға әсер етуі мүмкін

Екінші ұсыныс мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін бағалау жүйесіне қатысты.

Бизнес-омбудсмен әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалау кезінде мынадай көрсеткіштерді ескеруді ұсынады:

  • заңсыз деп танылған шешімдердің, әрекеттер мен әрекетсіздік фактілерінің саны;
  • сот актілерін орындамау фактілері;
  • кәсіпкерлердің негізді шағымдары.

Бұл тәсіл енгізілсе, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілері сот статистикасында ғана емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс нәтижесін бағалау кезінде де ескерілетін болады.

Соттарға шенеуніктердің заң бұзу фактілеріне міндетті түрде шара қолдану ұсынылды

Үшінші бастама ҚР Азаматтық процестік кодексінің 270-бабын қолдануға қатысты. Аталған бап заң бұзушылықтар анықталған жағдайда соттың жеке ұйғарым шығаруын көздейді.

Алайда бизнес-омбудсмен аппаратының мәліметінше, іс жүзінде соттар мұндай ұйғарымдарды барлық заң бұзушылық бойынша шығара бермейді.

Қанат Нұров Жоғарғы соттың нормативтік актілері арқылы көрінеу заңсыз шешім қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге қатысты жеке ұйғарым шығаруды міндеттеуді ұсынып отыр.

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, регрестік жауапкершілік, мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың жаңа талаптары және соттардың міндетті түрде шара қолдануы мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуын азайтуға мүмкіндік береді.

Әзірге бұл шаралар ұсыныс күйінде қалып отыр. Бастамалар қабылданған жағдайда кәсіпкерлерге келтірілген залал үшін мемлекеттік бюджет қана емес, заңсыз шешім қабылдаған кінәлі лауазымды тұлғалар да қаржылық жауапкершілік арқалайтын болады.

Бұған дейін біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуді тапсырғаны және бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою мәселесі туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -