Ақтөбеде «Самғау» арнайы балабақшасы ашылды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 300 балаға арналған мекеме өңірдегі мамандандырылған мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде осындай мекемелерге орналасу үшін 743 бала кезекте тұр. Олардың 740-ы Ақтөбе қаласында тұрады.
Жаңа кешен Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды. Жобаның құны 7,8 млрд теңгені құрады.

Балабақшаға 168 бала қабылданды
Жаңа мекеме Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын алабында орналасқан. Бұл – аталған шағынауданда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мамандандырылған көмек көрсететін алғашқы мектепке дейінгі ұйым.
Балаларды қабылдау 2026 жылдың қараша айының басында басталды. 300 орынға есептелген балабақшаға қазірдің өзінде 168 бала қабылданған.
Кешеннің ашылу салтанатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып, ата-аналармен және педагогтермен кездесті.
«Балалардың жеке қажеттіліктерін дер кезінде анықтап, оларға қажетті көмек көрсету және әр кезеңде отбасыларына қолдау білдіру маңызды. Бұл жұмыс үздіксіз жүргізіліп, балалар балабақшадан мектепке ауысқан кезде де тоқтамауы тиіс», — деді Асхат Шахаров.
Алты блок, бассейн және қысқы бақ
Екі қабатты кешеннің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталып, 2026 жылдың қарашасында аяқталды. Мердігер – «Казстройподряд» ЖШС.
Балабақша 24 топқа есептелген және алты функционалдық блоктан тұрады. Оның төртеуі тірек-қимыл аппараты, көру, сөйлеу қабілеттері бұзылған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар балалардың қажеттіліктеріне бейімделген.
«Әр блокта логопед кабинеттері, сенсорлық релаксация және Монтессори кабинеттері, музыка және гимнастика залдары, жылдың суық мезгілінде серуендеуге арналған жабық террасалар, сондай-ақ ата-аналармен кездесуге арналған демалыс аймақтары қарастырылған», — деді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Айкен Нұрсейітова.
Ғимаратта бассейн, табиғи жарық түсетін қысқы бақ, медициналық және массаж кабинеттері жабдықталған. Ата-аналар үшін арнайы кеңес беру пункті де қарастырылған.
Балалармен дефектологтер мен дәрігерлер жұмыс істейді
Мекеменің жалпы штат саны 202 адамды құрайды. Балалармен тәрбиешілерден бөлек логопедтер, дефектологтер, педагог-психологтер, арнайы педагогтер және дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді.
Мекеме штатында невропатолог пен психиатр сынды медициналық мамандар да қарастырылған. Бұл балаларға мектепке дейінгі білім берумен қатар түзету-педагогикалық, психологиялық және медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысында арнайы балабақшаларға сұраныс жоғары
Соңғы екі жылда өңірде балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін бірнеше мекеме ашылды. 2026 жылы инклюзивті білім беруді қолдайтын 30 кабинет жұмысын бастады.
Облыстық арнайы түзету мектебіне 150 орындық қосымша корпус салынды. Тағы бір мамандандырылған мектеп пен балабақша күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді.

«Самғау» балабақшасының 300 орындық сыйымдылығы өңірде кезекте тұрған балалар санының шамамен 40 пайызына тең. Соған қарамастан, мамандандырылған мектепке дейінгі ұйымдарға деген қажеттілік әлі де жоғары.
Бұған дейін біз Ақтөбеде қайтарылған активтер есебінен 300 орындық арнайы балабақша салу туралы шешім қабылданғанын хабарлаған едік. Енді құрылыс аяқталып, жаңа мекеме балаларды қабылдай бастады.

