«Бәйтерек» холдингі 2027 жылға арналған басымдықтарын айқындады. Холдинг экономиканы қолдауға 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр, ал қарыз қаражатының жартысынан астамын мемлекеттік емес көздерден тартпақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Директорлар кеңесінің отырысында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің жылдық бюджеті мен басқарма мүшелері қызметінің 2027 жылға арналған негізгі көрсеткіштері бекітілді.
Қай салаларға басымдық беріледі?
Холдинг жұмысының негізгі бағыттарының бірі экономиканың нақты секторына инвестиция тарту болмақ. Өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешенінде негізгі капиталға салынатын инвестицияның нысаналы көлемі 1,17 трлн теңгені құрайды.
Тұрғын үй секторында холдингтің қатысуымен шамамен 2,7 млн шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Бәйтеректің» жұмыс тиімділігі бөлінген қаржы көлемімен ғана емес, қолдау алған кәсіпорындардың экономикалық нәтижелерімен де бағаланады. Негізгі көрсеткіштер қатарына негізгі капиталға салынған инвестициялар, кәсіпорындардың кірісі және экспорттық сату көлемі енгізілді.
Қарыз қаражатының 54%-ы мемлекеттік емес көздерден тартылады
2027 жылы холдинг қаржыландырудың нарықтық тетіктерін кеңінен пайдалануды көздеп отыр. Болжам бойынша, жалпы қарыз қаражатының 54%-ы мемлекеттік емес көздерден тартылады.
Жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер мен жеке инвесторлар тартылады. Мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана отырып, бизнесті қаржыландыруға коммерциялық банктердің қатысу деңгейі де жеке бағаланады.
Жаңа өндіріс орындарын ашатын немесе қолданыстағы өндірістік қуатын ұлғайтатын кәсіпорындарға басымдық беріледі. Бұл бағыт холдингтің 2033 жылға дейінгі жаңартылған даму жоспарында қарастырылған.
Бектенов сатып алуларды бақылауды күшейтуді тапсырды
Ауқымды қаржыландыру жоспарымен қатар Премьер-министр сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды.
Олжас Бектенов холдингтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің, ішкі аудит және сатып алуларды бақылау қызметтерінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Холдинг басшылығына тапсырмаларды орындауда формализмге жол бермеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау және жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.
Бұған дейін біз «Бәйтеректің» бизнесті қаржыландырудың жаңа моделіне көшуі және бюджет қаражатына тәуелділікті біртіндеп азайту жоспары туралы жазған едік.


