Астаналық балалар экологиялық мәселелердің шешімін ұсынды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған қалалық байқауда қалдықтарды қайта өңдеу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және «жасыл» технологияларды дамыту мәселелері қамтылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Астана әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, «Тәуелсіздік және экология: жасыл болашаққа бағыт» жобалар байқауы Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейде өтті. Оған елордадағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары қатысты.
Экологиялық идеядан нақты шешімге
Байқауға барлығы 85 жоба ұсынылды. Қатысушылар қазылар алқасының алдында өз жұмыстарын қорғап, идеяларының өзектілігін, жаңашылдығын және практикалық маңызын таныстырды.
Ұйымдастырушылар жобаларды күнделікті өмірде қолдану мүмкіндігіне ерекше назар аударды. Мұндай тәсіл балаларды ерте жастан зерттеу жұмыстарына баулып, қоршаған ортаға қатысты нақты мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді.
«Бала табиғатты қорғау ісінде сырттай бақылаушы емес, экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысушы болуы керек», — деді Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова.

«Таза Қазақстан» құндылықтары білім беру жүйесіне енгізілуде
Байқаудың негізгі міндеттерінің бірі — «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен Тәуелсіздік құндылықтарын білім беру жүйесіне енгізу. Байқау балалардың экологиялық бастамаларын, педагогтердің авторлық бағдарламалары мен инновациялық әдістемелерін қалалық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.
«Біз үшін ұсынылған жобалардың саны ғана емес, оларды нақты өмірде қолдану мүмкіндігі, экологиялық мәселелерді шешуге қосатын үлесі және жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудағы рөлі де маңызды», — деді Әмірханова.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Байқаудың басты мақсаты — балалардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту, экологиялық сауаттылығын арттыру және туған өлкенің табиғатына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Бұған дейін біз Астанадағы №70 мектеп-лицейінің оқушылары мектеп ауласын қалай жасыл желекке айналдырып жатқаны туралы жазған едік.

