Қазақстандық дәрігерлер 98 жастағы науқасқа ота жасады. Жүректің ауыр дертіне шалдыққан қарияның қолқа қақпақшасы кеуде қуысын ашпай, жасанды қан айналымы аппаратын қолданбай ауыстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының (КІАҒЗИ) мәліметінше, ота асқынусыз өтті. Мамандар оның нәтижесін операция үстелінде-ақ байқады.
Жаңа қақпақша сан артериясы арқылы орнатылды
Науқасқа қолқа қақпақшасының айқын стенозы диагнозы қойылған. Бұл дерт кезінде қақпақша тарылып, жүректен қанның қалыпты ағуы қиындайды. Ауру жүрек жеткіліксіздігіне, естен тануға әкеліп, кенеттен қайтыс болу қаупін арттырады.
Егде жастағы науқастарға ашық жүрек отасын жасау аса қауіпті. Сондықтан дәрігерлер қолқа қақпақшасын транскатетерлік әдіспен ауыстыру технологиясын (TAVI) қолданды.
Алдымен мамандар арнайы баллон арқылы тарылған қақпақшаны кеңейтті. Содан кейін оң жақ сан артериясы арқылы өлшемі 29 мм болатын биологиялық қақпақшаны орнатты.
Отаны рентгеноперациялық бөлімшенің меңгерушісі Алексей Колесников, интервенциялық кардиологтер Алмат Калжанов пен Нуржан Теменов жасады.

94 жастан 98 жасқа дейін: қазақстандық кардиологтердің тәжірибесі
Институт мамандары 90 жастан асқан науқасқа мұндай отаны алғаш рет жасап отырған жоқ.
«Мұндай науқастардың кенеттен қайтыс болу қаупі жоғары. Бүгінде біз оларға тіпті өте егде жаста да көмектесіп, өмірін ұзарта аламыз және өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Бес жыл бұрын осындай отаны 94 жастағы науқасқа, төрт жыл бұрын 96 жастағы науқасқа сәтті жасадық, ал енді 98 жастағы науқасқа жасадық», — деді КІАҒЗИ басқарма төрағасы Рустем Тулеутаев.
TAVI технологиясы дәстүрлі хирургиялық операция жасау аса қауіпті науқастарды кеуде қуысын ашпай емдеуге мүмкіндік береді.

Қақпақшадағы қысым айырмасы нөлге жуықтады
Ота небәрі 45 минутқа созылды. Институттың мәліметінше, жаңа қақпақша орнатылғаннан кейін ондағы қысым айырмасы нөлге жуық төмендеген. Қақпақша толыққанды жұмыс істеп тұр.
Отадан кейін 98 жастағы науқас анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
Бұған дейін біз осы институт мамандарының 71 жастағы науқасқа соңғы буындағы қолқа қақпақшасын орнатқаны туралы жазған едік.

