Қазақстандық журналистердің жасанды интеллект көмекшісі пайда болды. Қазақ тіліндегі AI-QazMedia платформасы БАҚ мұрағаттарынан ақпарат іздеуге, көлемді мақалаларды талдауға және қажетті деректерді жүйелеуге көмектеседі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Платформаны AI-SANA бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бес ғалымы әзірледі.
Жасанды интеллектінің дерекқорына 300 мыңға жуық мақала енгізілді
AI-QazMedia дерекқорында 300 мыңға жуық бірегей мақала жинақталған. Олардың қатарында республикалық газет-журналдардың мұрағат материалдары да бар.
Платформа көлемді мәтіндердің мазмұнын ықшамдап, негізгі ойлары мен тұжырымдарын бөліп көрсетеді. Сондай-ақ пайдаланушыға қажетті мәліметтерді тауып, кесте түрінде ұсынады.
Бұл журналистерге мұрағат материалдарын зерделеуге, дерек жинауға және қазақ тілінде сараптамалық мақала әзірлеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект сұхбат жүргізуге көмектеседі
Әзірлеушілер AI-QazMedia платформасын сұхбатқа дайындалуға және аудиожазбаларды өңдеуге арналған жаңа функциялармен толықтыруды жоспарлап отыр.
«Болашақта сөйлеуді тану функциясын қосуды жоспарлап отырмыз. Ол журналистерге сұхбатпен жұмыс істеуге көмектеседі», — деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Әсел Оспан.
Ғалымдардың жоспарына сәйкес, жасанды интеллект сұхбат алдында журналистке сұрақтар құрастыруға көмектеседі. Ал әңгімелесуден кейін аудиожазбаны мәтінге айналдырып, сұрақтар мен жауаптарды дерекқорға сақтайды.
Қазақ тіліндегі ЖИ платформасын кез келген адам пайдалана алады
AI-QazMedia журналистерге арнап әзірленгенімен, платформа тек БАҚ қызметкерлеріне арналған жабық жүйе емес. Оған кез келген адам тіркеліп, қолжетімді функцияларын пайдалана алады.
Қазақ тіліндегі ауқымды ақпаратты өңдеуге арналған бұл құрал студенттерге, зерттеушілерге және сарапшыларға да пайдалы болмақ.
Бұған дейін ҚазҰУ-да медиа және коммуникация саласына арналған нейрожелі зертханасының ашылғаны туралы жазған едік.


