Қазақстанның кей өңірлерінде көлік өрті жиілеген. Әсіресе Атырау облысында жағдай күрделі: автомобильдердің өртену дерегі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,8%-ға көбейген, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елімізде көлік құралдарында 2 056 өрт тіркелген. Осыған байланысты құтқарушылар жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті.
Атырау облысында көлік өртінен жеті адам зардап шекті
Жыл басынан бері өңірде 91 автомобиль өртенген. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 58 жағдай тіркелген еді.
Өрттің 22-сі газ баллон жабдығы орнатылған автомобильдерде болған. Бұл – өңірдегі әрбір төртінші өртке жуық көрсеткіш. Алайда газ жабдығының болуы өрттің шығуына дәл осы қондырғы себеп болды дегенді білдірмейді.
Өрт салдарынан жеті адам жарақат алған. Қаза тапқандар жоқ.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жанабаевтың қатысуымен өткен профилактикалық акция жанармай және газ құю станцияларын, сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің жерасты автотұрақтарын қамтыды.
Құтқарушылар көлік өртінің негізгі себептерін атады
Ақмола облысында құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жүргізушілерге автомобильдердің өртенуіне жиі себеп болатын ақауларды түсіндірді. Олардың қатарында:
- электр сымдарының қысқа тұйықталуы;
- отын жүйесінің ақауы;
- жанғыш заттардың ағуы;
- жабдықты пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы бар.
Акция барысында жүргізушілерге өрт сөндіргіштер, ақпараттық жадынамалар және 112 шұғыл қызмет нөмірі жазылған естелік кружкалар таратылды.

Қазақстанда 565 жанармай және газ құю станциясы қамтылды
Республикалық «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» аясындағы жетінші күн көлік өртінің алдын алуға арналды. Іс-шара «Көлігің аман болсын» ұранымен өтті.
ТЖМ қызметкерлері автомобиль жолдарында, автотұрақтарда, вокзалдарда, жанармай және газ құю станцияларында 200-ден астам профилактикалық рейд өткізді.
Түсіндіру жұмыстарымен 8 мыңнан астам адам, соның ішінде 3,3 мыңнан астам жүргізуші қамтылды. Қызмет көрсетуші ұйымдардың басшыларымен және көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен 157 кездесу ұйымдастырылды.
ТЖМ жүргізушілерге автомобильдің электр сымдарын, отын жүйесін және газ баллон жабдығын тұрақты тексеріп тұруды ұсынады. Сондай-ақ көлікте жарамды өрт сөндіргіш болуы қажет.
Бұған дейін біз қыста автокөліктің не себепті өртенетінін және жүргізушілер қандай сақтық шараларын ұстануы керектігін жазған едік.
