Қазақстандық әзірлеушілер 27 млн теңгені бөлісті. Decentrathon 6.0 хакатонында бизнеске арналған жасанды интеллект шешімдерін ұсынған 54 команда жеңімпаз атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Astana Hub пен Blockchain & AI Technology Center (BAITC) мәліметінше, хакатон 2026 жылғы 30–31 қазанда Қазақстанның 19 қаласында бір мезгілде өтті. Іс-шара ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Екі күнде 1 521 технологиялық шешім ұсынылды
Decentrathon 6.0 хакатонына 5 625 адам тіркелді. Ақтаудан Өскеменге дейінгі өңірлерде әзірлеушілер, студенттер мен жас IT-мамандар технологиялық компаниялардың нақты бизнес міндеттерін шешуге кірісті.
Өңірлік сындарда жеңіске жеткен 54 команданың әрқайсысы 500 мың теңгеден алды. Жүлде қоры Astana Hub, Grand Mobile және Soup стартапының қатысуымен қалыптастырылды.
«Технология саласының дамуы еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты адамдарға мүмкіндік беруі керек. Ол үшін өңірлік IT-қауымдастықтарды нығайтып, мамандардың алған білімін тәжірибеде қолдануына жағдай жасау маңызды. Decentrathon осы міндеттерді біріктіреді: қатысушылар бизнестің нақты сұраныстары бойынша жұмыс істейді, тәжірибе алмасады және өз идеяларын сынақтан өткізеді. Мұндай бастамалар өңірлердің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға және отандық цифрлық өнімдерді әзірлеуге қазақстандық мамандардың кеңінен қатысуына ықпал етеді», — деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Қазақ тіліндегі ойындар мен жасанды интеллект: әзірлеушілерге қандай міндеттер жүктелді?
Хакатон қатысушылары үш бағыт бойынша бақ сынады. Qazaq Loc QA бағыты компьютерлік ойынның қазақ тіліне аударылу сапасын тексеретін құралдарды әзірлеуге арналды.
Support Copilot бағыты бойынша командалар пайдаланушыларды қолдау қызметіне арналған жасанды интеллект көмекшілерін әзірледі.
Soup стартапы ұсынған тапсырма есептеу ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталды. Soup Kernel Challenge аясында әзірлеушілер тілдік модельдерді қосымша оқыту үдерісін жеделдету және сапасын төмендетпей, бейнежад шығынын азайту жолдарын іздеді.
Мұндай шешімдер бизнеске жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу кезінде есептеу ресурстарына жұмсалатын шығынды қысқартуға көмектесуі мүмкін.
«Бизнестің нақты міндетін шешу командаға өз әзірлемесінің қандай пайда әкелуі керектігін түсінуге көмектеседі. Decentrathon қатысушылары ойынның қазақ тіліндегі локализация сапасынан бастап тілдік модельдерді қосымша оқытудың тиімділігіне дейінгі түрлі бағыттарды таңдай алды. Екі күнде командалар 1 521 шешім ұсынды. Біз үшін мұндай тәжірибенің өңірлерде де қолжетімді болуы маңызды. Бұл әзірлеушілерге өз дағдыларын сынауға, пікірлес мамандарды табуға және технологиялық компаниялардың сұранысын жақсырақ түсінуге көмектеседі», — деді Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё.
Хакатон тарихындағы жеңімпаздардың 39%-ы өңірлерден шыққан
Decentrathon технологиялық компаниялар үшін талантты мамандарды іздеу алаңына да айналды. Жұмыс берушілер болашақ қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін нақты бизнес міндеттерін шешу барысында бағалай алды.
«Decentrathon тарихындағы жеңімпаздардың 39%-ын өңірлерден келген қатысушылар құрады. Бұл мегаполистерден тыс жерлерде де технологиялық әлеуеттің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан алтыншы маусымда өңірлерге ерекше назар аудардық. Серіктестеріміздің мақсаттарының бірі талантты мамандарды тауып, оларды кейін жұмысқа орналастыру болды. Decentrathon арқылы еліміздің барлық өңіріндегі әзірлеушілер қай қалада тұратынына қарамастан, компаниялар алдында өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алды», — деді Blockchain & AI Technology Center (BAITC) бас директоры Айдана Қасқырбек.
Decentrathon 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Хакатонның форматы жас мамандарға өз қаласынан шықпай-ақ технологиялық компанияларға кәсіби қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін біз Қазақстанда жасанды интеллект пен блокчейнге арналған Decentrathon 5.0 ауқымды хакатонының қорытындылары туралы жазған болатынбыз.


