Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін табанды түрде қолдайды және дүниежүзілік ұйыммен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын, деді сейсенбі күні ҚКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, ҚХР сыртқы істер министрі Ван И, деп хабарлайды Xinhua.
Бұл мәлімдемені ол Қауіпсіздік кеңесінің жоғары деңгейдегі отырысына төрағалық еткеннен кейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуі кезінде жасады.
Қазіргі халықаралық жағдай күрделі өзгерістермен және геосаяси бәсекелестіктің шиеленісуімен сипатталатынын атап өткен Ван И әлем неғұрлым турбулентті және тұрақсыз болған сайын БҰҰ-ның беделі мен рөлін сақтаудың маңыздырақ екенін айтты.
Қытай БҰҰ-ның орталық рөлін табанды түрде қолдайды және шынайы көпжақтылықты жүзеге асыру және бүкіл әлемде бейбітшілік пен даму ісін ілгерілету үшін дүниежүзілік ұйыммен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын, деді ол.
А.Гутерриш, өз кезегінде, БҰҰ Қытайдың рөліне үлкен мән беретінін және төраға Си Цзиньпин алға қойған үш жаһандық бастамамен толық келісетінін және белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. Бүгінгі күрделі сын-қатерлер жағдайында БҰҰ барлық елдерді ынтымақтастықты нығайтуға және бейбітшілік пен тұрақты дамуға жәрдемдесуге шақырады, деді ол.