Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясының әкімшілік орталығы Гуйян қаласында қазақстандық туроператорлар делегациясы мен қытайлық әріптестер арасында кездесу-семинар өтті, деп хабарлайды Xinhua.
Іс-шара барысында екі елдің мәдениет және туризм, сыртқы байланыстар, спорт және азаматтық авиация салаларының өкілдері өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Ұлы Жібек жолындағы маңызды торап елдердің бірі саналатын Қазақстан бай туристік ресурстарға әрі ауқымды нарықтық әлеуетке ие. Осы тұрғыда ол Гуйчжоу провинциясы үшін Орталық Азиядан келетін туристік ағымды арттыру мен кірме туризмді дамытудағы негізгі серіктес болып отыр. 2023 жылы Қытай мен Қазақстан арасында өзара визасыз режим енгізілгеннен кейін Гуйчжоу провинциясы мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық байланыстар едәуір жандана түсті. Тараптар Орталық Азия елдерінен Гуйчжоуға келетін туристер санын көбейту, мәдениет пен туризм саласындағы ресурстарды бірлесіп пайдалану және бір-бірінің нарығын кеңейту мақсатында ұзақ мерзімді әрі тұрақты өзара тиімді ынтымақтастық тетігін қалыптастыруға дайын екендерін білдірді.
Кездесу қарсаңында қазақстандық туроператорлар Гуйян, Аньшунь қалаларындағы және Цяньдуннань-Мяо-Дун автономиялық округіндегі туристік көрікті орындарды аралап көрді. Сапар барысында олар Гуйчжоу провинциясының таулы өңіріне тән ерекше табиғи көркі мен туристік әлеуетін өз көздерімен көріп, аймақтың айрықша атмосферасын сезінді.