Қытайда шай индустриясын жаңғыртуды қолдауға арналған нұсқаулық жарияланды. Құжатқа сәйкес, 2030 жылға қарай салалық тізбектің жалпы көлемі 1,5 трлн юаньға (шамамен 216 млрд АҚШ доллары) жетуі тиіс, деп хабарлайды Xinhua.
Құжатты ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі тағы төрт мемлекеттік ведомствомен бірлесіп әзірлеген. Оның мақсаты — шай индустриясының сапасы мен тиімділігін едәуір арттыру. 2030 жылға қарай бұл сала жақсы қамтамасыз етілген, экологиялық тұрғыдан тұрақты, интеллектуалды және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті секторға айналуы тиіс.
2028 жылға дейін негізгі шай өндіруші өңірлер тұрақты өсу қарқынын сақтай отырып, өндіріс сапасы мен тиімділігін арттыруда жаңа серпін көрсетуі қажет. Бұл салалық тізбектің жаңғыртылуын жеделдетуге, өнім түрлерін және тұтыну сценарийлерін кеңейтуге ықпал етеді.
Қойылған мақсаттарға жету үшін құжатта ғылыми-техникалық инновацияларды күшейту, нарық субъектілерін қолдау және мамандандырылған өнеркәсіптік кластерлер қалыптастыру сияқты негізгі міндеттер айқындалған. Сонымен қатар шай шикізаты мен оның компоненттерін тұрмыстық тауарлар, тұрмыстық химия, косметика және денсаулық сақтау салаларында кеңінен пайдалану көзделіп отыр.
Қытай әлемге шайдың отаны ретінде танымал. Мыңдаған жылдар бойы шай қытай мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып, халықтың күнделікті өмірінде маңызды орын алып келеді.