Алты жылдық үзілістен кейін 8 наурыз күні Маньчжоули – Забайкальск бағыты бойынша №353/354 халықаралық жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды. Бұл туралы Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданындағы шекаралық өткізу пункттері басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Xinhua.
Мәліметке сәйкес, №353/354 жолаушылар пойызы аптасына екі рет қатынайды. Теміржол қатынасының қайта іске қосылуы Қытай мен Ресей арасындағы шекарааралық туризм мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ бұл екі ел арасындағы туристік сапарлар нарығының жандануына қуатты серпін беріп, Маньчжоули қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.
Пойыз қозғалысын қайта бастау үшін Маньчжоули өткізу пунктінде кешенді шаралар жүзеге асырылды. Кедендік рәсімдер оңтайландырылып, тексеру үдерісінің үйлесімділігі мен тиімділігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар тексерулердің дәлдігі мен жылдамдығын арттыратын заманауи интеллектуалдық жабдықтар енгізілді.
Қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және балалармен сапар шегетін жолаушыларға арналған «жасыл дәліз» ұйымдастырылды. Бұдан бөлек халықаралық күту залы толық жаңғыртылып, Қытай мен Ресейден келетін жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Қытай, Ресей және Моңғолия шекараларының түйіскен жерінде орналасқан Маньчжоули өткізу пункті «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп жүзеге асырудағы маңызды буын әрі Еуразиялық құрлықтық көпірдің негізгі көлік тораптарының бірі болып саналады. Қытай мен Ресей арасындағы құрлық арқылы жүзеге асатын жүк тасымалының 65 пайыздан астамы осы өткізу пункті арқылы өтеді.