Қытайдың Сауда министрлігі Жапония мен Канададан импортталатын галогенденген бутилкаучукқа антидемпингтік баж салығын енгізгенін жариялады, деп хабарлайды Xinhua.
Қорытынды тергеу барысында демпинг фактісі анықталып, оның Қытайдың осы саладағы отандық өнеркәсібіне елеулі зиян келтіргені белгілі болды.
Министрлік мәлімдемесіне сәйкес, антидемпингтік шаралар 14 наурыздан бастап күшіне еніп, бес жыл бойы қолданылады.
Japan Butyl Co., Ltd. компаниясы үшін баж салығының мөлшерлемесі 15 пайызды құрайды, ал басқа жапон компаниялары үшін — 30,1 пайыз.
ARLANXEO Canada Inc. және басқа канадалық компаниялар үшін баж салығы 13,8 пайыз деңгейінде белгіленген.
Галогенденген бутилкаучук негізінен түтіксіз шиналардың герметикалық қабаттарында, жоғары температураға төзімді ішкі камераларда, шлангілерде, конвейер таспаларында, медициналық бөтелкелерге арналған тығындарда және герметикалық материалдарда қолданылады.