Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясында сирек жер элементтерін, флюорит пен баритті барлау саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді.
Бұл туралы Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Xinhua.
Жақында аталған провинциядағы Мяньнин уезінің Маонюпин тау-кен ауданында сирек жер оксидтерінің жаңа қоры анықталып, оның көлемі 9,666 млн тоннаны құрады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңалық елдің сирек жер элементтері бойынша стратегиялық қорын едәуір толықтырады. Сонымен қатар бұл күрделі геологиялық құрылымы бар аумақтарда, оның ішінде терең қабаттар мен оған іргелес өңірлерде пайдалы қазбаларды барлау бойынша инновациялық тәжірибе болып табылады.
Сирек жер элементтерінен бөлек, осы кен өндіру ауданында 27,135 млн тонна флюорит және 37,228 млн тонна барит қоры да анықталды. Бұл екі пайдалы қазбаның да кен орындары аса ірі санатқа жатады.
Қытай геологиялық ғылымдар академиясының Минералдық ресурстар институтының директоры Ван Дэнхун бұл екі пайдалы қазбаның геологиялық қорларын анықтаудың маңыздылығын атап өтті. «Егер сирек жер металдары өнеркәсіптің "витаминдері" болса, флюорит пен барит оның маңызды негізі мен тірегі болып табылады. Бұл — орны толмас әрі жоғары сұранысқа ие ресурстар», — деп түсіндірді ол.
Флюорит қазіргі заманғы өнеркәсіп үшін аса маңызды минералдық шикізат болып табылады. Ол аэроғарыш саласында, фармацевтикада, электроникада, машина жасауда және ядролық энергетикада кеңінен қолданылады.
Барит өз кезегінде мұнай және газ өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады, сондай-ақ химиялық өнімдер өндірісінде, толтырғыштар жасауда және медициналық бейнелеу технологияларында маңызды рөл атқарады.