Қытайдың ірі мемлекеттік коммерциялық банктерінің бірі — Ауыл шаруашылығы банкі 2025 жылы несиелеу көлемінің, пайдасының және табысының өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Xinhua.
Банк жалпы қаржыландыру көлемінің тұрақты өскенін атап өтті. Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша оның жиынтық активтері 48,8 трлн юаньды (шамамен 7,05 трлн АҚШ доллары) құрады. Атап айтқанда, несиелердің жалпы көлемі 27,13 трлн юаньға жетіп, жыл басымен салыстырғанда 2,23 трлн юаньға артты. Банк нақты секторды қолдауды күшейтіп, тиімділігін арттырды.
2025 жылдың соңына қарай ғылыми-технологиялық даму саласына берілген несиелердің қалдығы 4,7 трлн юаньды құрап, жылдық есепте 20,1 пайызға өсті. Сонымен қатар «жасыл» несиелердің қалдығы 5,93 трлн юаньға жетіп, 18,7 пайызға артты.
Инклюзивті қаржыландыру аясындағы несиелердің қалдығы 749,9 млрд юаньға өсіп, 4,35 трлн юаньды құрады. Жеке тұлғалардың тұтынушылық несиелері, оның ішінде кредиттік карталар бойынша берілген несиелер көлемі 1,45 трлн юаньға жетіп, 9 пайызға артты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша банктің таза пайдасы мен операциялық табысы оң өсім көрсетті. Таза пайда 292 млрд юаньды құрап, жылдық есепте 3,3 пайызға өсті, ал операциялық табыс 725,3 млрд юаньға жетіп, 2,1 пайызға артты.
Банктің активтер сапасы тұрақты деңгейде қалды. 2025 жылдың соңында проблемалық несиелердің үлесі 1,27 пайызды құрап, жыл басымен салыстырғанда 0,03 пайыздық тармаққа төмендеді.